Отбасы – мемлекеттің басты тірегі. Сондықтан отбасындағы сыйластық пен жарасымдылық – елдің басты құндылығы саналады. Әрбір отбасы осы қағиданы берік ұстанса, ел іргесі берік болмақ. Осы орайда отбасы беріктігі, шаңырақ шаттығы туралы көпбалалы отбасы Әлібек Оңдасынұлы мен Бағила Сәрсенбайқызымен әңгімелестік.
Отбасы Ақмола облысы Степногорск қаласында тұрады. Әлібек пен Бағила бес бала өсіріп, тәрбиелеп отыр. Отағасы үй жөндеу жұмыстарымен айналысса, отанасы Бағила – балаларына тәлім-тәрбие беріп, үй шаруашылығымен айналысып отырған асыл жар. Ерлі-зайыптылардың екеуі де көпбалалы отбасыдан шыққан жандар. Осындай отбасыда өсіп-өнген, көпбалалы отбасыда тәрбие алған Әлібек пен Бағила да бүгінде өздері көпбалалы болып, ұл-қыз өсіріп отырған үлгілі жанұя иелері. Балалары өте зерек, тәрбиелі, бауырмал, жан-жақты болып өсіп келеді.
– Алдымен өз отбасыларыңыз жайлы айтып берсеңіздер?
– Отбасын құрғанымызға 22 жыл болыпты, қазір шүкір 5 баланың ата-анасымыз. «Отан – отбасынан басталады» деп атам қазақ бекер айтпаған. Отбасы дегеніміз – кішкентай мемлекет. Танысып, табысқан өмірлік жолдасыңмен отбасыны бірге құрып, қиын да қуанышты күндерде бірге болып, өзің құрған мемлекетті сақтап қалу деп түсінемін. Әрбір күнделікті өмірдегі қиындықтарға жеңіл қарап, отбасылық құндылықты сақтап қалу керек.
– Отбасында бала тәрбиесіне кім жауапты, кім көбірек көңіл бөледі?
– Отбасымызда бала тәрбиесімен көбіне анасы ретінде мен айналысамын. Себебі жолдасым жұмысбасты адам. Бірақ бала тәрбиесінде әкенің рөлі өте зор, оның орны бөлек. Біздің шаңырағымызда балаларымызға, мен де, әкелері де мүмкіндігінше жақсы көңіл бөліп, жақсы тәрбие беріп жатырмыз деген ойдамын. Аллаға шүкір, жаман болып жатырған жоқпыз балаларым ақылды, тәрбиелі, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет жасай алады. Балаларымызға ненің дұрыс ненің бұрыс екенін күнделікті түсіндіріп, санасына құйып отырамыз.
– Бала тәрбиесінде қандай ұстанымдарыңыз бар?
– Бала өмірге келген күннен бастау тәрбиелеу керек, баланы тәрбиелеудің арнайы бір жасы жоқ, тәрбие – тал бесіктен басталады. Бала сіздің айнаңыз, баланы тәрбиелеу үшін адам алдымен өзін тәрбиелеген дұрыс. Себебі бала көргенін жасайды. Одан бөлек, баланың тәрбиесіне араласатын ортасы, жан-жағындағы адамдар да әсер етеді. Жоғарыда айтқандай, отбасылық құндылық «ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» демекші, ата-ана балаларының көзінше ұрыспай, отбасылық проблемаларды баланың көзінше айтпау керек. Баланың 16-17 жасы өте қиын кезеңдердің бірі, осы кезде ата-ана баласына мейілінше жақын болу керек. Әсіресе қазіргі кезде бала тәрбиесіне көп көңіл бөлу керек. Балаңмен сырлас дос бол.
– Қазір елімізде көпбалалы отбасыларға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
– Қазіргі таңда көпбалалы ретінде әлеуметтік көмек аламыз, мектеп тарапынан жәрдемақы аламыз, одан бөлек үй кезегінде тұрмыз. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға жасалып жатқан көмек, қолдауға көңіліміз толады.
– Балаларыңызбен бос уақыттарыңызды қалай өткізесіздер?
– Екі үлкен қызым – студент. Екеуі де Алматы қаласында оқып жатыр. Тұңғыш қызым Әйгерім фармацевтика саласы бойынша білім алып жатыр, екінші қызым Альбина мұғалім мамандығында оқиды. Ортаншы ұлым Нұрлыбек биыл оқу бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы отыр. Қазір қасымызда екі кенжем, Фариза бастауыш сыныбында оқиды, кіші ұлым үйде болғандықтан бар уақытымды осы екі кішкентайыма арнаймын. Балаларымның айтарлықтай бос уақыты жоқ, оларды түрлі үйірмелерге барады. Ал демалыс күндері туысқандарымызға, ата-әжесіне қонаққа барып, паркке, сауда орталықтарына барып қыдырғанды жақсы көреміз.
– Ауылға жиі барып тұрасыздар ма?
– Біз өзіміз – ауылда өсіп-өнген жандармыз. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді дейді ғой. Әрине, балаларым ауылға туысқандарына, ата-әжесіне жазғы демалыстарда қыдырып барып тұрады. Өзіміз де ауылда тұрып егін егіп, мал шаруашылығымен айналыстық. От жағып, ауыл тірлігін атқардық. Балаларымыз да ата-анасынан көргенін жасап, оларда ауылға бейімделіп өcті. Барлық қазақылық, ұлттық тәрбие ауылда деп білемін. Сондықтан біз балалардың ауылмен етене жақын болып өскенін қалаймыз.
– Кейбір ата-әжелер тұңғыш немересін бауырына басып, өздері өсіріп жатады. Ондай балалар анасын «жеңеше» деп атап жатады. Жалпы, осы жайлы ойыңыз қандай?
– Ата-әженің тәрбиесінде өскен бала ешқашан жаман болмайды. «Бала – балым, баламның баласы – жаным» деп отыратын ата-әженің тәрбиесі қашанда құнды. Үлкендердің тәрбиесін бойына сіңіріп өскен бала көпшіл болады. Дейтұрғанмен, бала ата-анасының да тәрбиесін алып, өз отбасында өскені дұрыс деп есептеймін. Себебі өмірде өзім көріп жүрмін, анасын «жеңеше» немесе атымен айтып шақыратын, әкесін «көке, аға» деп айтатын балаларды. Менің ойымша, осындай балалар ата-анасынан алыс, өскенде өз отбасына, бауырларына басқаша қарайды. Ата-анасы ретінде емес, туысындай болып кетеді. Одан бөлек, ата-әжесінің қолында өскесін оларға қатты бауыр басып қалады. Кейін есейгенде өз отбасын қабылдауы қиын болады. Балаға бұл жағдай қиын әсер етеді деп есептеймін. Сол себепті әр бала өз отбасында, ата-анасының жанында өскенін қалаймын.
– Бүгінде ажырасу көбейіп барады. Жалпы, ажырасудың зардабы жайлы не айтар едіңіз?
– Қазіргі заманда ең өзекті мәселердің бірі – ажырасу болып тұр ғой. Тек жастар емес, жасы үлкен кісілердің өздері ажырасып жатыр. Бұл жерде бірінші кезекте отбасыда материалдық жағдайдың жетіспеушілігі немесе басында үй болмай, үй жалдап жүргендер айтарлықтай көп. Отбасылар несие, қарызға белшесінен батып кеткен. Осының барлығы отбасылық өмірде үлкен соққы. Одан бөлек, әлеуметтік желіні дұрыс жағынан қолдана білу керек.Телефон мен әлеуметтік желінінің де әсері бар, дұрыс жағынан қолдана білсе екен деймін. Ажырасудың көбейіп жатырағанына, осы жағдайлар әсер етіп жатыр деп ойлаймын.
– Бүгінгі жас отбасыларға көпбалалы ата-ана ретінде қандай ақыл кеңес айтар едіңіздер?
– Көпбалалы ана ретінде жастарға отбасын бірінші кезекке қою керек деп айтар едім. Өмірдегі баға жетпес байлық – өзіміз құрған отбасы және балаларымыз. Бала деген өміріміздің мәні мен сәні ғой. «Отан – қуат, отбасы – шуақ» демекші, үйіміздігі біздің шуақтарымыз Алла берген балапандарымыз. Бала – ананың бауыр еті. Барлық қыз- келіншектерге көпбалалы ана болу бақыты бұйырсын.
– Отбасыдағы сыйластық дегенді қалай түсінесіз?
– Отбасының сәні сыйластық қой, екі жас бір-бірін сыйлап, бір-біріне кешірімді болу керек. «Отбасы» деген өте күрделі тақырып қой. Үйлену оңай, үй болу қиын. Өмірде кездесетін барлық қиындықтарды жеңіл қарап, өкпе-ренішті тез ұмытып кетуге тырысу керек. Сыйластық болған жерде, бақытты отбасы құрылады. Одан бөлек, әке тұрып бала сөйлемеу керек, үйдің үлкені әкесі келмей, ас бастамауы керек. Үлкен кісілердің алдын кеспеу, үлкенге құрметпен қарау. Біздің қазақта ұрпаққа ұлағатты ой саларлық тәлім-тәрбие құралдары өте көп. Өзіміздің ұлттық тәрбиемізге баса назар аударсақ жаман болмаймыз.
– Шаңырақ шаттығы деген не? Қалай түсінесіз?
– Қазақ «тату тәтті үйдің түтіні түзу шығады» дейді. Сол айтпақшы, шаңырақ шаттығы деген ауызбіршілікте, сыйластықпен отбасылық құндылықтарды жоғары қойып, айрандай ұйып, татту-тәтті өмір сүру деп білемін. Шаңырағымыздың шаттығы – ең әуелі өсіріп отырған ұл-қыздарымыз. Біз бақытты болсақ, балаларымыз бақытты.
Перизат САПАРОВА,
«Jastar janary»