«Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің әр өңірінде апта сайын өтуде. Аталған тазалық шарасы Батыс Қазақстан облысында «Біз таза ел үшін!» жобасы аясында ұйымдастырылуда.
Экологилық мәдениетті қалыптастыру, көне Орал шаһарына деген сүйіспеншілікті артыру мақсатындағы іс-шараға қаламыздың бірнеше еңбек ұжымдары қатысып, төңіректерді қоқыстардан тазалады.
Бүгін Орал қаласы Полиция басқармасының жиырмаға жуық тәртіп сақшысы да экологияға қамқор болып, табиғатты аялау үшін туған қаламыздың көркейіп, абаттандырылуына арналған сенбілікке қатысты. Жеке құрам алдында басқарма басшылары қолдарына кетпен мен күрек, сыпыртқы және тырмауыш ұстап шыққан сақшылардың шараның ұйымшылдықпен атқарылуын, өскелең ұрпаққа үлгі болатындай еңбектенулерін талап етті, төңіректің тазалануына бір кісідей атсалысуға шақырды. Басқарманың айналасын, жақын аумақтарды тазалап жүрген сақшылар ертелете жұмысқа кірісті. Сенбілікте қызметкерлер басқарманың оң және сол қапталын сыпырғымен сыпырып тазаласа, басқарманың алдыңғы және артқы бөліктерін көктемнің тентек желімен жарысқан, ұшқан қағаз, целлофан қалдықтарынан арылтты. Әйел қызметкерлер бұған дейін де егулі тұрған және жаңадан тамыры жерге енген жасыл шыршаның түбіне су құйып, әктеді. Қолдарына тырма ұстаған инспекторлар қыстай қар астында қалған шіріген ағаш жапырақтарын, бұталарды тырмалап, арнайы көліктерге тиеді.
Криминалдық полиция бөлімінің-жедел уәкілдері, жедел криминалистік бөлімшенің-криминалистері, мектеп инспекторлары, кадрлар жұмысы бөлімінің инспекторлары басқарма ғимаратының алдыңғы бөлігін тырмалап, қылқан жапырақты ағаш түптерін қопсытты. Аула ішін сыпырып, теректер суарылды. Ауладағы спорттық алаңқай тегістей сыпырылып, тазаланды. Ағаштардың тыңайтқыштары жаңартылды. Басқарма маңынан жиналған қатты зат қалдықтары, қар астында қалған бұтақтар, өзге де күл-қоқыстар арнайы контейнерлерге тиеліп, қала сыртына шығарылды.
Орал қаласының Полиция басқармасы