Басты бет » Жастар үні » Күнберді БАҚБЕРГЕН, студент: ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛУГЕ АСЫҚТЫМ

Күнберді БАҚБЕРГЕН, студент: ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛУГЕ АСЫҚТЫМ

Қандас бауырларымыз шетте жүрсе де, атамекенін аңсап тұратыны ақиқат. Тілі мен ұлттық дәстүр-салтын берік ұстанатын жат жұртта өскен бауырларымыз елге келіп қатарымызды толықтырып жатыр. Әсіресе, Қазақстанда білім алсам, Отаныма қызмет етсем дейтін жастар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде білім алып, еңбек етуде.

Біздің бүгінгі айтпағымыз, өзге мемлекеттен келіп, Еуразия ұлттық университетінде білім алып жатқан қандасымыз Күнберді Бақберген жайында. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туып-өскен жас, сол жерде мектеп бітіргеннен кейін Қазақстанға оралуға асықты. Осылайша, арманын жүзеге асырып, екі жыл бұрын атамекеніне келді.

«Менің Қазақстанға қатты асыққан себебім – қазақ ретінде өз Отанымда, өз ортамда толықтай жайлы сезіну, қалған барлық сәттерімді осы жерде өткізіп, ата-анамның да бақытты сәттерін көру болды», – дейді Күнберді.

Қазақстанның елордасында білім алып жатқанын мақтаныш санайды. Өзі 2022 жылдың қыркүйегінде Еуразия ұлттық университетінің журналистика бағыты бойынша грантқа оқуға түсті. Қазір 2-курсты аяқтап, Қазақ радиосында кәсіптік тәжірибеден өтуде. Алғашқы жылы студенттер жатақханасында тұрып, көптеген қазақ ұл-қыздарымен танысып, достар тапты. Күнберді бос уақытында өлең жазуды, сондай-ақ хобби ретінде поэзия оқығанды, ән айтқанды жақсы көреді.

Күнберді Қазақстанның сұлулығына қатты тамсанады, еліміздің көрікті жерлеріне саяхаттауды қалайды. Оның болашақтағы мақсаты – Моңғолияның Баян-Өлгей жеріндегі отбасысына Қазақстанды көрсетіп, Ақтау, Семей, Алматы, Шымкент сияқты көрнекті жерлерді өз көзімен тамашалап, журналистика саласында қызмет атқару.

– «Жолын қуып жаманның

Жұқтырмайтын арға шаң

Арманы үлкен Адамның

Өзі де үлкен әрқашан!» – деп Қадыр Мырза Әли атамыз жырлағандай, арманы бар адам өмірде өз орнын тауып, биікке самғары сөзсіз! «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демей ме ақын да дана халқымыз?! Әрбір адамның жан дүниесінде, тереңде жайқалған үлкен арманы бар. Ол арман – адаммен бірге өседі, өркендейді. Оны баптап өсіру өз қолымызда! Дәл солай, менің де балалық шағымнан бергі арманым бар, ол – білікті де білімді журналист болу! Үкілеген үмітім мені алға жетелеп, биік белестерге қадам басамын деген ойдамын. Арман – аспанымызда жарқырап тұрған күн сияқты жарқыраған құзар биіктегі сәуле. Сол бір жарық сәулеге тыңбай еңбек етіп, шамшырағыма жетемін деп ойлаймын, – дейді кейіпкеріміз.

Қандас жастарға айтарым, қайда болмасаңыз да, қазақтың қаны, рухы сізді Отанымызға шақырады деген ойдамын. Қазақстанға келіңіздер, ең бастысы – өздеріңізге сеніңіздер. Біз, қазақстандықтар, шет жерде жүрген қандастарымыздың елге оралғанын қалаймыз, оларды құшақ жая қарсы алуға дайынбыз.

 Роллан Граменский