Басты бет » Жастар үні » Түркістанда корейлік Woosong университетінің филиалы ашылады

Түркістанда корейлік Woosong университетінің филиалы ашылады

Енді отандық зерттеуші ғалымдар Кореяның ең мықты университеттерінде тағылымдамадан өте алады. Бұдан бөлек Қазақстан Кореяның ең мықты зерттеуші университетімен арнайы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ақорда кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.Фотосурет ашық интернет көзінен алынды

«Оңтүстік Корея Президентінің сапарының аясында білім және ғылым саласында өте жақсы жаңалықтармен, сүйіншімен бөліскім келеді. Кеше Кореяның ғылым және ақпараттық технологиялар министрімен KAIST – Кореяның ең мықты зерттеуші университетімен арнайы меморандумға қол қойдық. Енді Корея үкіметінің, KAIST университетінің көмегімен Қазақстанда KAIST-Қазақстан деген мықты халықаралық деңгейдегі зерттеуші университет пайда болады. Корея тарапы толыққанды өзінің ішкі бағдарламалары мен академиялық мазмұнымен тегін бөлісуге дайын. KAIST-тың бұрынғы президенті келіп, бізге көмектесуге дайын. Бұл өте жақсы жаңалық, неге десеңіз, KAIST 1971 жылы Стэнфорд университетінің көмегімен аяққа тұрған болатын», — деді министр тілшілердің сауалына берген жауабында.

Сөзінше, KAIST – Азиядағы ең мықты зерттеуші университеттердің бірі. Университет Phd және магистратура бағдарламаларымен жұмыс істейді.

«Бүгін Корея үкіметі мен біздің министрліктің арасында арнайы келісімшартқа қол қойылады. Енді біздің зерттеушілерімізге Кореяның ең мықты университеттерінде және зертханаларында оқуға, тағылымдамадан өтуге, зерттеулермен айналысуға мүмкіндік беріледі. Бұл «Болашақ» және басқа да бағдарламалардың аясында жүзеге асырылады. Тағы да екі келісім шартқа қол қойылады. Біріншісі –  SeoulTech Кореяның ұлттық ғылыми-техникалық университеті Қорқыт ата университеті негізінде бірінші жасанды интеллект мектебі ашылады. Киберқауіпсіздік, жасанды интеллект және компьютерлік инженерия секілді үш бағдарламамен бастаймыз. Студенттер кәріс және ағылшын тілінде оқиды. Үш жыл Қазақстанда, бір жыл Кореяда, екі дипломмен шығады», — деді ведомство басшысы.

Келесі жылы Түркістан қаласында Woosong жеке меншік университетінің  филиалы ашылады.

«Woosong университетінің қазақстандық түлектеріне Кореяға тікелей барып жұмыс істеуге мүмкіндігі болады. Жұмыс визалары ресми түрде беріледі», — деді Саясат Нұрбек.