Басты бет » Жаңалықтар » Бастапқы жарнасыз ипотека: Қауіп бар ма?

Бастапқы жарнасыз ипотека: Қауіп бар ма?

Қазақстанда бастапқы жарнасыз ипотека рәсімдеуге, ешқандай ақша жинамай пәтер немесе үйге несие алуға бола ма? Шарттарды және қалай жұмыс істейтінін білдік.

Фото ашық интернет көздерінен алынды

Бастапқы жарна деген не?

Бастапқы жарна — ипотека рәсімдеуге қажет қарыз алушының жинаған сомасы. Банктердегі ең төменгі талап — пәтер немесе үй құнының 20 % болуы.
Банк үшін бұл қарыз алушының төлем қабілеттілігінің және сенімділігінің көрсеткіші. Жарна қаншалықты жоғары болса, банк соншалықты тиімді шарттар ұсынады.

Жарнасыз бола ма?

Әлеуметтік желіде бастапқы жарнасыз ипотека рәсімдеу мүмкіндігі туралы ұсыныстар кездеседі. Әдетте «бір күнде кез келген жылжымайтын мүлікке бастапқы жарнасыз ипотека рәсімдейміз» деп шығады.
Krisha.kz мұның қалай жұмыс істейтінін және ең бастысы, заңды ма екенін анықтады.

Бастапқы жарнасыз ипотека: Қауіп бар ма?

Делдалдар бастапқы жарнасыз ипотека рәсімдеуге көмектесеміз деп, түрлі банктерде заңсыз жолды ұсынады. Олар бағалаушымен келісіп, сатып алынатын жылжымайтын мүліктің бағасын әдейі көтереді. Яғни, бағалау сомасына бастапқы жарна қосылады.
Мысалы, пәтер 40 млн теңге тұрса, ең төменгі бастапқы жарна — 20 %, яғни 8 млн теңгені құрайды. Бағалаушы пәтердің құнын 48 млн теңгеге бағалайды.

Тәуекелге тұрарлық па?

Мұндай жол әрқашан қауіпті.

Біріншіден, бастапқы жарнасыз ипотека рәсімдеуге уәде берген делдал ақшаңызды бермеу қаупі бар. Ол ақшаңызды алып, жоқ болып кетуі мүмкін. Мұндай алаяқтар өте көп.

Екіншіден, банктер өздерінің тексеруден өткен бағалаушыларымен ғана жұмыс істейді, олар мұндай жолға бармайды. Банкте күмән туындаса, қайта бағалауы мүмкін. Бағаның көтергенін анықтаса, мұның арты жақсыға апармайды. Қарыз алушы қара тізімге еніп, бағалаушы лицензиясынан айырылуы мүмкін.

Бағалауға ақша төлегеннің өзінде банк ипотека бермеуі мүмкін.

Бағалаушылар не дейді?

Бағалаушылар палатасы бұл жағдай туралы біледі. Олар мұндай жағдаймен күресуді ең алдымен банктер бастауы керек деп есептейді. Екінші деңгейдегі банк қызметкерлерінің бұған қатысы болса, бұл жол жұмыс істей береді.

Бағалаушылар палатасындағы әр маманда біліктілік туралы куәлік болуы керек. Куәлік болған жағдайда ғана ол бағалау актісін шығаруға құқылы. Мұндай жағдайда бағалау актісі емес, мысалы, алдын ала бағалау немесе ұқсас құжаттар жасалуы мүмкін.

Бастапқы жарнасыз ипотека тиімсіз

Ақшаға келетін болсақ, бастапқы жарнасыз ипотека алғанда артық төлем көп болады. Несие бастапқы жарнамен рәсімделсе, банк жетпейтін соманы береді және соған пайыз қосады (Отбасы банкінің кейбір бағдарламасын қоспағанда). Бастапқы жарнасыз рәсімделгенде толық соманың пайызы есептеледі, сондықтан артық төлем үлкен болады.

Делдал мен бағалаушыға да төлеуге тура келеді. Әдетте олар несие сомасынан 10 % алады.

Мысалы:
Пәтер бағасы — 40 000 000 теңге.
Мөлшерлеме 20 % болғанда 10 жылда артық төлем шамамен 42 млн теңгені құрайды.

Қымбатқа бағалағанда (бастапқы жарнасыз) пәтер бағасы — 48 000 000 теңге. Айырмашылық — 8 млн теңге.

Осы жағдайда несие бойынша артық төлем 63 млн теңгеден асады. Яғни, бірінші жағдаймен салыстырғанда 21 млн теңгеге көп. Оған қоса делдал қызметтері үшін 4 млн теңге төлеуге тура келеді.

Тұжырым: заңсыз жол 25 млн теңгеге қымбат болады.

Қазақстанда бастапқы жарнасыз ипотека бар

Қазақстандағы барлық екінші деңгейдегі банктың бағдарламаларын зерттеп, бастапқы жарнасыз ипотека беретін жалғыз банк — Банк ЦентрКредит екенін анықтадық. Бірақ маңызды шарт бар: банк бастапқы жарна орнына басқа жылжымайтын мүлікті кепілге алады. Яғни, сатып алынатын пәтерден басқа тағы бір пәтер қажет.

Қосымша кепіл де, сатып алынған пәтер де кредит толық жабылғанға дейін кепілде болады.

Қосымша кепілге қойылатын талап: бағалау құны несие сомасынан 50 %-ға кем болмауы керек.

Пәтер сатып алу үшін 50 млн теңге ипотека алғыңыз келсе, кепілге құны 25 млн теңгеден кем емес пәтер қою керек.

Пәтер ипотека алушыға емес, үшінші тұлғаға — туысқанына немесе кепілге үйін қоюға және кепілгер болуға дайын досына тиесілі болуы мүмкін.

Құрылыс салушылардың бастапқы жарнасыз ипотекасы

Пәтерді ипотекаға бастапқы жарнасыз құрылысшылардың акциясы арқылы алуға болады. Бұл жағдайда да қосымша кепіл қажет.

Дереккөз: krisha.kz сайты