Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Осылай басталатын өлең жолдары ән боп әуелеп, жүректі қозғап, тұла бойды шымырлатқанда «қазақ болып тумағанда не етер ем?» деп ойлайсың-ау?!
Иә, бүгін, 4 маусым – тәуелсіздігіміздің нышаны, егемендіктің символы, ұлттық бірегейліктің көрінісі саналатын мемлекеттік рәміздер күні. 1992 жылдың дәл осы күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері қабылданып, жалпы жұртқа мемлекетіміздің дербестігін көрсететін, ұлт біртұтастығын аңғартатын басты құндылығымызға айналды.
Көгімізде желбіреп тұрған көк Туымыз жер шарының қай нүктесінде болмасын өзінің ерекшелігімен, көркемдігімен көпті сүйсінтеді. Ұлт мұрасы мен мұраты бейнеленген елтаңбамыз – Ұлы дала көшпенділерінің тарихынан сыр шертер ғажап туынды. Осындай қасиетті, мемлекеттің ажырамас бөлігі – рәміздерімізге арналған бүгінгі мерекенің маңызы, ерекшелігі неде?
Жыл сайын тойланатын бұл атаулы күн мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге, маңызын арттыруға дәріптейді. Күнделікті тіршілікпен мән бермей кеткен рәміздеріміздің мәдени құндылықтарымыз екенін еске салады. Өкінішке қарай, кейде мемлекеттік рәміздерімізге құрметсіздік танытып жататын жағдайлар кездесіп қалады. Ұлттық құндылықтың қадір-қасиетін түсінбейтін кей азаматтардың бұндай әрекеттеріне патриот азаматтар бірден кері байланыс жасап, олқылықтың орнын толтырады.
Патриот демекші, патриоттық сезім деген не? Мұны әркім әртүрлі түсінеді. Дегенмен шынайы патриоттық сезім деген биік мінберлерден асқақтап сөйлеу емес, ұлтжандылықтан ұлтшылдыққа ауысу емес. «Реформа» деп алғалап жүріп, ресми шараларда Әнұранды айтуға қиналу емес. Бұндай «патриоттық сезіммен» армандап жүрген «Мәңгілік еліміз» тек қағаз күйінде қалып кетеді. Патриоттық сезімді дәл осы рәміздермен байланыстырып айтсақ, әнұран айтылған жерде жай ауызды жыбырлатпай, сөзден шатаспай, сүйіспеншілікпен, құрметпен орындап шыққанның өзі патриоттық сезім.
Көк байрағымыздың ғимараттарда шаңның астында қалмай, аяққа тапталмай, тазалығы мен биікте тұруын қадағалап жүру де патриоттық сезім. Олай болса ұлттық рухтың жаршысы болған рәміздеріміздің маңызы мен мәртебесін түсірмейік! Көк туымыз көк аспанда желбіреп, Әнұранымыз шарықтап, шартарапқа таралсын!
Сәния ИБРАЕВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
3-курс студенті