Басты бет » Жастар үні » Жастар кітап оқымайды: Шындық па әлде миф пе?

Жастар кітап оқымайды: Шындық па әлде миф пе?

Сурет: kazgazeta.kz

«Қазіргі жастар кітап оқуды қойған» дейтін аға буын үшін жастар мен кітап ұғымдары бір-біріне қарама-қайшы секілді. Ақпараттық технология, әлеуметтік желілер, TikTok пен тренд қарқынды дамып тұрған бүгінгі күні осындай ойдың тууы да түсінікті.

Дегенмен бұл пікірдің дұрыс емесін, қоғамдық санада қалып қойған стереотиптердің бірі екенін айтқымыз келеді. Жастар кітап оқи ма? Оқығанда қандай! Кітап оқудың форматы, шығарма жанрларының ауқымы кеңейе түскендіктен, тақырыпқа деген талғам өзгергендіктен, ондай қасаң пікір қалыптастыру әсте дұрыс емес.

Қоғамдық жерлерде кітап оқып отыратын қыз-жігіттерді айтпағанда, кітап көрме-жәрмеңкелеріне келушілердің басым көпшілігі мектеп оқушылары мен студенттер екенін байқап келеміз. Кемшілік көретін интернет кеңістікті де дұрыс пайдаланып, кітап дүкендері мен баспалардың әлеуметтік желідегі оқырман санын толықтырып тұрған да осы жастар жағы.

«Жабылсын» деп жатқан TikTok-та кітап оқуға шақыратын, шығармаларды талдайтын желі қолданушылары да жетерлік. Бұндай мысалдарды тізбектей берсек, таусылмас, өздері, өз құрдастары жайлы бұл пікірге жастар не дер екен?!

Айшабибі Гиниятова: 

– Кітапты жиі оқимын деп айта алмаймын, бірақ үнемі сөмкемде кемінде 1 кітап жүреді. Өте керемет әдеттерімнің бірі. Автобуста отырғанда, досыңды күткенде, жұмыстан шаршағанда әсер ететін бір витамин іспетті. Алдағы айда осынша кітап оқимын деп жоспар қойғаныммен, көңілімнің қалауынша, уақытымның болуына қарай оқу көлемі өзгеріп отырады.

Ең алғаш оқыған романым – «Чарли және шоколад фабрикасы». Оқып отырып, беріліп кетіп, күнде шоколад алып оқитыным есімде. Жасым 10-дар шамасында болған. Содан басталған болуы керек.

Менің ортамда бәрі, барлық танысым кітап оқиды. Ата-әжем, әкем-анам, барлық құрбым, тіпті күйеуім. Бірақ әрқайсымыздың оқитын жанрымыз әртүрлі болғандықтан, қаншалықты жиі немесе сирек оқитынын байқамаппын. «Жастар қазір тек психологияны оқиды» десе, мен үшін бұл қуанышты жаңалық. Себебі өзіңді танымай жатып, біреудің өмірін, оқиғаларын, басынан өткен тәжірибесін оқып, пайда таппайсың. Көркем әдебиеттің басты мақсаты да сол ғой – оқиға арқылы мәнін түсіндіру. Адамдардың істерін, әдеттерін, қателіктерін көрсете отырып, терең үңілуге, түсінуге әсер ету. Ал өзін әлі таппаған, түсінбеген, зерттемеген адамның бірден көркем әдебиет оқуы, зая кеткен уақытпен тең секілді. Тіпті, ондай адам көркем әдебиеттен тек қызықты оқиғадан басқа ештене таппайды. Бірақ ішінде жасырынған әлі қаншама қазына қалды.

Көп кітап оқудың маңызы – оның ой өрісіңді кеңейтетінінде. Сен 19 жаста болып, кітаптан 30-45-60 жастаға адамның тәжірибесін алуың мүмкін. Беретін қазынасы да – тегін әрі жеңіл келген тәжірибе. Ал екіншіден – сауатты әрі сапалы жаза алу. Үшіншіден, пайдалы әрі көңілді уақыт өткізу. Меніңше, осы 3 қасиеттің өзі кемінде 100 кітап оқуға әсер ететін мотивация.

 

Асылжан Құрманғали:

– Қазір кітап оқитын жастар керісінше артып жатыр. Қазір білімділердің заманы, заман қанша дамыса да кітаптың рухани құны ешқашан кемімейді. Кітаптың нағыз байлығын қазіргі буын енді түсініп жатыр, әрине көркем әдебиеттің оқылуы салыстырмалы түрде аз болуы мүмкін, көбінде шетелдік психологиялық, детектив т.б. кітаптар көп оқылады. Мұның өзі үлкен серпініс, кітап жазудағы жаңаша жанрдағы болашақ жазушылар тәрбиеленеді. Қазір жаңа буын жазушылары кітаптарын өзгеше стильде кжазуда, мысалға Перизат Мырзахметтің «Өмірдің аты М» кітабы көп жастардың сөресінен табылды. Бастысы, қазіргі жазушылар кітап жазарда жаңаша өзіндік стиль қалыптастыру керек, сонда оқырмандар күннен күнге артады және болашаққа деген іргетасын қалап кетеді. Болашақта өскелең ұрпақ кітаптың майын тамызып жілігін шағып оқитынына және баспа ісі, кітап саудасы, жаңа буын жазушылардың көбейетініне кәміл сенемін.

 

Румейса Нұрахмет: 

– Кітап өмірімнің бір бөлшегі болып кеткен Күнде оқымасам, тіпті басым ауырады. Жанрға келетін болсақ, көбінесе адам ойын, санасын дамытатын (саморазвития) жанрларда оқимын. Кітапқа деген махаббатымды ашқан Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» романы, қазақ әйелдері тақырыбында хэппи эндпен аяқталатын романдардың бірі болғандықтан есте ерекше қалды. Өзімнің ортамда барлығы кітапты жиі, қызыға оқиды.

«Жастар тек психология, бизнес жайлы оқып, көркем әдебиет оқитындар аз» деген пікірмен келіспеймін. Менің ойымша, керісінше. Көркем әдебиетті көбірек оқитын сияқты. Бірақ психология, бизнес жайлы оқығанымыз да артық емес деп білемін. Кітап оқудың маңызы жайлы айта кететін болсақ, маңызы зор. Кітап өмірге деген көзқарасты өзгертеді. Ойлауды үйренесің. Әр кітаптан инсайт алып, бұрынғыдан ақылдырақ боласың.

 

 

Ғани Нұрбаев: 

Менің кітап оқуға құлшынысым өте жоғары. Көбінесе қазақ әдебиетінің класстикалық туындыларын оқимын. Кітапқа қызығушылық осы бағытта басталған болатын. Кітап оқитын жастар ортамда көбейіп келе жатқаны қатты қуантады. Әрқайсысының жанры әртүрлі бағытта, сонысымен де қызық.

Кітап оқу тілдік қорды арттырады және адамдар арасында қарым-қатынас құруға көмектеседі. Адам көп кітап оқыған сайын сенімділігін арттырады. Сондықтан кітап оқуға арнайы уақыты бөлемін.

 

 

Замандастарымның берген жауаптарынан кейін мен де ой қоспай өте алмадым. Кітап шынымен ғажап дүние! «Кітап маған тақтан да қымбат» деп Шекспир қалай дәл айтқан десеңші! Өзім де, достарым, жақындарым да кітапты сүйіп оқиды, түріктің сериалдарынан артық талқылаймыз десем өтірік емес. Кітап оқуға деген «тәбетімді» ашқан Т.Әбдіктің «Парасат майданы» шығармасы еді. Осы кітапты оқып отырып, психологияны алыстап іздеп керек еместігін түсінесің. Шедевр шығарма ғой, шіркін! Содан бері кітап дүкендерінің тұрақты сатып алушысына айналдым. Айтқым келетіні, жас ұрпақ кітап оқиды, қағаз кітап, электронды нұсқа болсын, көркем әдебиет немесе психология болсын, бастысы кітап оқитын жас жоқ емес. Балаларға арналған кітаптардың саны артып келеді, әсіресе қазақ тіліндегі сапалы аударма, ерекше дизайнды кітаптар шығарумен айналысатын Steppe&world баспасы өз оқырмандарын әлдеқашан баурап үлгерді.

«Компьютербасты жарты адамдар» көбеюі мүмкін тұста, алаңдаушылық, алуан көзқарастар болатыны мәлім әрине, алайда әлеуметтік желіні ақтарып, #кітапқа байланысты хэштегтерді іздесеңіз, кітапханалар мен қоғамдық жерлерде айналаға қарап қойсаңыз, кітап дүкендеріне жиі барсаңыз, «жастар кітап оқымайды» деген пікіріңізді өзгертесіз деп сенеміз!

Дайындаған 

Сәния ИБРАЕВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
3-курс студенті