«Менің бауырым» волонтерлік жобасы аясында Алматы қаласында және Алматы, Жетісу облыстарында 4000-нан астам оқушыны қамтыған «Өзіңнің болашақ мамандығың туралы айт» тақырыбында кең ауқымды акция өтті.
– «Менің бауырым» жобасы бойынша 300-ден астам ерікті іс-шараға белсенді қатысты. Аталған акция оқушыларды еңбек нарығындағы жағдаймен, еңбек қызметінің түрлерімен, сондай-ақ таңдалған мамандық бойынша өзін-өзі одан әрі дамыту мүмкіндіктерімен таныстыру үшін өткізілді, – дейді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Іс-шара барысында оқушылар үшін консультациялар, интерактивті тренингтер және білім беру ойындары ұйымдастырылды. Бұл шаралар қатысушыларға әртүрлі кәсіптер мен қызмет салалары туралы көбірек білуге мүмкіндік берді. Айта кетейік, жаңа оқу жылынан бастап «Менің бауырым» жобасы жас ұрпақ өкілдерін қолдау жөніндегі өз миссиясын жалғастырып, оларға болашақ мамандығын таңдау үшін қажетті білім мен дағдыларды ұсынатын болады.