Басты бет » Жаңалықтар » Жалдамалы баспананы сатып алуға мүмкіндік беріле ме?

Жалдамалы баспананы сатып алуға мүмкіндік беріле ме?

Жастар – қоғамның қозғаушы күші, еліміздің ертеңі. Жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекет міндеттерінің басым бағыттарының бірі.

Жастар елдегі оқиғалардың бел ортасында жүр. Елімізде орын алған төтенше жағдайларда да төбе көрсететін де жастар, қолдаушылар да жастар. Ал бізде Үкімет тарапынан жастарға тиісті деңгейде көңіл бөлініп жатыр ма? Ең басты қажеттілік баспана мәселесі де шешімін таппай отыр. Осы мәселені көтерген бір топ Мәжіліс депутаты Үкіметке депутаттық сауал жолдады.

– 2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 000-ға жуықтады. 2019 жылы баспана алған жастар баспананы көп ұзамай босатуына да аз уақыт қалды. Бүгінде мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары. Жыл сайын берілу керек жалдамалы пәтерлер Алматы қаласының жастарына биыл әлі де берілмеді. Әкімдік тараптан нақты тізім, нәтиже шықпады. Жалдамалы пәтер алған жастардың қаржы жинап, өз баспаналарын ала алмауының да өзіндік себептері де бар, – дейді Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.

Мәжілісменнің айтуынша, 2019 жылдан бері инфляция деңгейі де шарықтап, үй бағасы жылдан жылға өсті. Осыдан 5 жыл бұрын Республика бойынша пәтердің орташа шаршы метрі 200 мың болса, қазір 400 мыңға жуықтады. Яғни, 2 есеге дейін өсті. Шындыққа тура қарасақ, баспанаға қаржы жинаудан, қымбатшылық қыспаққа алып күнкөріс мәселелі алдыңғы орынға шықты. Бұл – бір. Екіншіден, елде жастарға арналған тиімді мемлекеттік бағдарлама жоқ. Елде тиімді бағдарламаның жоқтығынан жастар баспана алу үшін шетел асып жұмыс істеуге мәжбүр. Келмей қалып қойып жатқаны қаншама. Бұл елімізде дарынды, талантты жастардың азаюына алып келуде. Үшіншіден, жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Ақшасын жинап, түйіп отырған жастар, басқа бағдарламаға қатыса алмаса қалай баспаналы болмақ. «Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – деп Президентіміз айтқандай, еңбек адамының негізгі бастауы да осы жұмысшы жастар емес пе? Жұмысшы жастарға қолдау көрсетсек, осындай азаматтар ертең еліміздің дамуына зор үлес қосары сөзсіз.

Жоғарыды аталған факторларды ескере отырып, жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасау және кемі 10%-дық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беру мәселелесін қарастыруды қайта сұраймын. Және де пайыздық мөлшерлемесі де 5%-дан аспауы тиіс. Немесе жалдамалы пәтерде тұру мерзімін ұзарту керек деген пікірлерін жеткізді депутаттар.