Бүгінгі Халықаралық отбасы күні мерекесі БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 1993 жылы 15 мамыр күні бекітілді. Отбасы күні – еліміздегі әр шаңырақ үшін айрықша мереке.
Орал қаласы Полиция басқармасында еселі еңбек етіп, еңбексүйгіш қасиеттерімен көзге түскен Масалимовтер отбасы бұл мерекенің қадір-қасиетін жақсы біледі. Себебі отбасы құндылығы сыйластықта екені белгілі. Масалимовтер отбасының мүшелері уақытпен санаспай, полиция қызметінің ыстық-суығына төзіп, серттеріне адал болып таңмен таласа қызметіне келіп, бірге кеш қайтып жүр. Мамандығына адал жандар қызметтің жауапкершілігі мен қиындығына мойымай, табысты еңбек етіп жүр. Басшылар тарапынан жүктелген міндеттерді сапалы әрі мінсіз атқаруға күш салады.
Отағасы Амантай Масалимов – «Еуразия» университетінің түлегі. Ол полициядағы еңбек жолын 2015 жылы бастады. Бүгінде полиция капитаны Амантай Мақсотұлы Шаған полиция бөлімі бастығының тергеу жұмысы бойынша орынбасары лауазымын мінсіз атқаруда. Істің ақ пен қарасын зерделеп, өз ісінде тегеурінді табандылық пен аса сауаттылық танытып келеді. Астарды ақиқатқа үңілу анықтаушы мен тергеушіден асқан біліктіліті талап етеді десек, бұл үдеден шығып жүр. Бұл жағынан олқылыққа жол бермейді. Куәгерлермен сөйлесу, қылмысқа мінездеме беру – бұның бәрі тергеушінің міндеті болса, тергелген істерді саралау Амантай Мақсотұлының еншісінде. Ал жұбайы Аина Масалимова болса Орал қ. ПБ тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция капитаны. Аина Болатқызы 2013 жылы Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға қабылданып, 2017 жылы үздік аяқтаған. Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орынын тәмамдаған жас маман басқармаға қызметке қабылданып, бүгінде 11 жылдан аса уақыттан бері жемісті еңбек етіп келеді. Аина – қым-қуытқа толы полиция қызметінде еселі еңбек етіп, отбасының да, қызметінің де жұмысына шауып үлгеріп жүрген қазақ әйелі.
– Кейде бір айда екі қылмыстық істі тергеп аяқтайсың. Кейде одан да көп қылмыстық істерді тергеп, мақсатты жадығаттарды жинап, сотқа жолдаймын. Мысалы, өз өндірісімде болған ұялы телефон ұрлығына қатысты 19 эпизодты істі тергеп бітірдім. Жұмыс барысында түрлі бағыттағы қылмыстық істерді тергеп келемін. Өз ісіңді мұқият, жан-жақты саралап тексеру – біздің аса маңызды міндетіміз, – дейді кейіпкеріміз.
Басқарма басшылары Аина Болатқызының әріптестерінің ортасында зор беделге ие және жауапкершілігі мол міндеттің жүгін арқалап жүрген қызметіне зор сенім артады. Масалимовтер отбасында екі перзент бар. Жұмыстан қолдары қалт еткенде ата-ана ретінде балаларының тәрбиесімен айналысуға күш салады.
Отбасы – бақыттың мекені десек, әр отбасының тату-тәтті, жарасымды өмір сүруі – еліміздің мерейі. Ендеше отбасының татулығы жарасып, жауапты қызметтерінде табыстары еселене берсін!
Орал қ.ПБ баспасөз қызметі