Басты бет » Жастар үні » ҚАЗАҚСТАНДА ҰШҚЫШ ҚЫЗДАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ (видео)

ҚАЗАҚСТАНДА ҰШҚЫШ ҚЫЗДАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ (видео)

Азаматтық авиация академиясын негізінен ер азаматтар таңдайтын. Қазір  авиациялық мамандықтарды таңдайтын қыздардың саны жылдан жылға артып келеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі жазды.

Соңғы үш жылдың ішінде осы мамандыққа түсетін қыздардың үлесі 2021 жылғы 19%-дан 2023 жылы 25%-ға дейін өсті. Осы уақыт аралығында ұшқыш болғысы келетін қыздар санының 10%-дан 15%-ға дейін өсуі ерекше әсер қалдыратыны қуантады. 2005 жылы Академияның студент-ұшқыштарының қатарына алғашқы қыз қабылданды, содан бері адамзаттың әдемі жартысы – ару қыздарымыз осы саланы меңгеріп келеді.

Бүгінде Азаматтық авиация академиясының түлектері авиамеханик, авиадиспетчер, логист, авиациялық қауіпсіздік маманы, тікұшақ пен ұшақтың ұшқыштары болып жұмыс істейді. Ал ару қыздарымыз авиация саласында жоғары жетістіктерімен табысты нәтижелер көрсетуде. Олардың арасында әуе кемесінің командирі бар, түлектердің бірі көпфункционалды истребитель экипажын басқарады, екінші ұшқыш ретінде жұмыс істейтін қыздар да аз емес. Академия түлектерінің бірі Бибіхан Тұрысбекованың асқақ армандарының бірі әуесерік болу еді. Кейін Бибіхан Академияға оқуға түсуге болатынын біліп, бағын сынап, мемлекекттік грант иегері атанды.

Қазіргі кезде ол – тікұшақ ұшқышы, «Қазавиақұтқару» АҚ-да жұмыс істейді. Ол тікұшақты басқарып қана қоймай, адамдардың өмірін сақтап, өртті сөндірумен, іздестіру-құтқару жұмыстарымен айналысатын нағыз батыл ару қызға айналды деп айта аламыз.

Видео Ғылым және жоғары білім министрлігінің телеграм арнасынан алынды