– Бұл арнаны құру идеясын алға тартқан Ислам Нұрмағамбетов. Медиа саласы сұранысқа ие, жақсы табыс көзі болғандықтан, әлеуметтік желідегі Тик-ток платформасынан бастадық. Тәуекелге бел буып, 2020 жылы 9 желтоқсан күні алғашқы көңілді бейнеролигіміз жарыққа шықты. Арнамыздағы тұлғалардың ешбірі бұл сала маманы емес. Алайда ұжымның әрбір мүшесі контентті дамыту мақсатында аянбай тер төгеді. Туған інім Мақсат Әбді – ПТК арнасының барлық видеоларын түсіріп, оны монтаждаумен айналысады. Ал көрерменге сапалы контент ұсыну үшін Ислам Нұрмағамбетов локациялар іздейді, сондай-ақ арнаның туындыларында өнер көрсететін дарынды жастар арасында іріктеу жүргізеді, – дейді ПТК арнасының бас жетекшісі, сценарист Ғани Әбдиев.
Әзілкештер ұжымы көреременді күлдіріп қана қоймай, халық игілігіне қызмет ететін бірнеше бизнес көздерін ашуды қолға алған. Атап өтсек, «Кеспе Птк» дәмді асхана желісі, компьютерлер клубы және «Баян сұлу-ПТК» әшекей бұйымдар дүкені жұмыс істейді. Көпшіліктің сұрауымен «ПТК Донер» және «ПТК такси паркі» жақында өз жұмысын бастады. ПТК арнасының мүшелері тек қана әлеуметтік желімен шектелмей, басқа да мүмкіндіктер көзін ашуды алға тартады. Сондай-ақ, халық пайдасына жарайтын бизнес көздері тұрмыс-тіршілікті жақсартуға үлес қосады деген сенімде.
«Қайырымдылық – болашаққа инвестиция» ұғымын ұстанған арна жиі қайырымдылықпен айналысады. Жалғыз басты аналарға үй жағдайында кәсіп бастауға жәрдем еткен. Осы секілді 7-ден астам жобаны жүзеге асырған. Осы орайда «ПТК Инвесторлар клубы» ашылып, алдағы уақытта ауқымды жоспарларды қолға алуды көздеп отыр. Сондай-ақ әзілкештер ұжымы жастарды қолдаудың маңыздылығын да алға тартады. Қорқыт ата университетінің «Матриархат» командасы және М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінің жайдарман құрамасына тәлімгерлік етіп, жастарға демеушілік жасайды.
Жақында ғана Youtube желісінде жарыққа шыққан «Таксист» сериалы халық сүйіспеншілігіне бөленді.
– Халықтың қабылдауы әртүрлі. Алайда көрермендерімізге ең жақсы, сапалы деген контентті ғана ұсынуды мақсат тұтамыз. Алдағы уақытта бизнес саласын жандандыруды көздеп отырмыз. Осы орайда жарнамалар көлемін азайтып, такси паркінің қызметін жетілдірумен айналысып жатырмыз. Жоспар көп, жүзеге асыруға күш-қайрат берсе деген ниетіміз бар, – дейді арна ұжымы.
Арнаның атауы Қызылорда қаласының құрметіне «Перовск» деп аталған. Ал толық мағынасына келетін болсақ, «Перовск телеканалы» деген ұғымды береді. Аймақ мақтанышы болып жүрген ПТК арнасына сәттілік пен жетістіктер биігін бағындыруды тілейміз!
Нұршат НЫШАНОВА