Басты бет » Жаңалықтар » Түркістан облысында 621 жасқа жеңілдетілген шағын несие беріледі

Түркістан облысында 621 жасқа жеңілдетілген шағын несие беріледі

Қазіргі қоғамда еңбек етемін деген жанға мүмкіндіктер өте көп. Ынта болса, екі қолға бір күрек оңай табылатын заманда, жан-жақтан көмек күтпей-ақ, өз бетіңмен еңбектеніп, үлкен белесті бағындыруға толық жағдай бар. Қандай да шағын кәсіп болмасын ол қаржыны талап етеді.

 

Несие алып, кәсіп бастағысы келетін жастар қатары жетерлік. Түркістан облысында шағын несиені алып үлкен бизнес жобалар жасап жатқан жастар қатары жетерлік. Түркістан облысында 2024 жылы 621 жасқа 2,5 пайыздық шағын несие беру жоспарлануда.  Жобаларды қаржыландыруға 3,1 млрд теңге қарастырылып отыр. 2023 жылы түркістандық жас кәсіпкерлердің бизнес-жоспарларын қолдауға 2,9 млрд теңге бөлініп, өз кәсібін ашуға ниетті мыңға жуық үміткерден өтініш келіп түскен.

Облыс әкімінің қаулысымен құрылған конкурстық комиссияда көптеген бизнес-идеялар қаралды. Нәтижесінде, былтыр 625 үміткердің бизнес-жобасы мақұлданып, қаражат толығымен жұмсалған Жеңілдетілген шағын несие алып, кәсібін бастаған жастардың басым бөлігі мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, наубайхана мен кондитерлік өнімдер шығару, жеңіл өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету, көлік және құрылыс салаларын қамтыды. Айта кетейік, былтыр Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 21-35 жас аралығындағы азаматтарға 2,5 пайыздық шағын несие беру бағдарламасы іске қосылды. Мақсаты – жастардың кәсіп бастауына немесе оны кеңейтуіне, табыс көзін арттыруына қолдау көрсету. Жас кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарлама аясында мал шаруашылығы жобалары үшін мерзімі 7 жылды, бизнестің басқа түрлеріне 5 жылды құрайтын 5 млн теңгеге дейін несие ала алады. Микрокредитті алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі беріліп, мерзім ұзақтығы 3/1 аспайды. Өйткені бағдарлама – жұмыссыздықты азайтуға ықпал жасайды.