Басты бет » Жастар үні » ЖҰБАНОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕГІ АМЕРИКАДА ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН САБАҚ БЕРЕДІ

ЖҰБАНОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕГІ АМЕРИКАДА ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН САБАҚ БЕРЕДІ

Жұбанов университетінің түлегі Нұрсұлтан Асылов қазіргі таңда Массачусетс штатындағы Массачусетс университетінде докторантурада оқиды. Американдық студенттерге қазақ тілін үйретіп жүрген отандасымыз әлеуметтік желіде танымалдылыққа ие болуда, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратына сүйеніп Jastar janary порталы. 

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Нұрсұлтан бала күнінен шет тілдерін үйренуге қызығушылық танытқан.

«15 жасымда «25 жасыма дейін көп тіл үйренемін» деп алдыма мақсат қойдым. Бүгінде ағылшын, түрік, қазақ және орыс тілдерін білемін және испан тілін үйреніп жүрмін. Мектеп бітіргеннен кейін Жұбанов университетіне шет тілдер факультетіне оқуға түстім. Мамандығым- ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. 2019 жылы университет бітіргеннен кейін Назарбаев зияткерлік мектебінде, қазақ-түрік лицейінде мұғалім болып жұмыс істедім. Білім беру жүйесіне деген қызығушылығым одан әрі оқуға деген құлшынысым арттырды. «Білім беру саласындағы көшбасшылық» бағдарламасы бойынша Назарбаев университетіне магистратураға түстім. Еуропадағы білім беру жүйесі қалай жұмыс істейді, еліміздегі білім саласына қандай шетелдік инновациялық тәсілдерді қолдануға болатынын зерттегім келді», — дейді Нұрсұлтан Асылов.

Нұрсұлтан шетелде білім алуды армандаған. Ол шетелдік 8 университетке оқуға құжат тапсырып, 2 университеттен шақырту алған. Соның бірі Массачусетс штатының Амхерст қаласында орналасқан Массачусетс мемлекеттік зерттеу университеті. Қазіргі таңда Нұрсұлтан Асылов «PhD in education» 5 жылдық бағдарламасы бойынша білім алуда. Бұл – тілдер мен мәдениеттерге ерекше көңіл бөлінетін білім беру саласындағы докторантура. Ол шетелде білім алып қана қоймай, шетелдік студенттерге қазақ тілін үйретуде.

«Массачусетс университетінің лингвистика департаментінде жыл сайын еуропалық емес тілдерді оқыту бағдарламасы өткізіледі. Маған лингвистика факультетінің докторанттарына қазақ тілін үйрету ұсынылды. Мұнда Америка, Испания, Жапония және Қытайдан келген студенттер оқиды. Байқағаным, олар тілге ғылыми тұрғыдан қызығушылық танытады екен. Студенттерімнің қазақ тілін үйренуге деген ынтасы сонша, дәрістерден кейін де қалып жалғастырамыз. Олардың ешқайсысы Қазақстанда болған емес, сондықтан сабақта студенттерді еліміздің мәдениетімен таныстырамын. Америкада шет тілдерін үйренудің ерекше тәсілі бар. Мәселен, жаңа тілді меңгеруде бұрынғы тілдік тәжірибелеріне сүйенеді», — дейді ол.

 

Нұрсұлтан Асылов «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуда. Оқуы аяқталған соң елге оралуды жоспарлап отыр. Әлеуметтік желілердегі парақшасында оқырмандарына ол Америкадағы өмірі туралы, жетістіктері мен сәтсіздіктері жайында қызықты контент ұсынады. Сонымен қатар шетелдік университетке түсуді армандайтын жастарға пайдалы кеңес береді.