Білімді де, ойы ұшқыр, талантты жастар – біздің жарқын болашағымыз. Ғылымға ден қойып, ізденіске бет бұрған өрендердің көп болғандығы көңіл қуантады. Сондай ғылым жолында жетістікке жетіп, білім шыңына ұмтылып жүрген жастың бірі – М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті Ұлжан Қанатбек.
Ұлжан бүгінде «Ауылшаруашылық қалдықтарынан және табиғи саздан мембраналы сүзгі дайындау» жобасы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Ғылыми-зерттеу аясында судың құрамын, зиянды қоспалардың мөлшерін нақты анықтайды. Қалдық суды тазалау үшін мембраналы сүзгіні қолданады. Бұл ғылыми жоба Португалия елінің Браганса политехникалық иституты мен АҚШ-тың Небраска университетімен бірлесе жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда жас ғалымның басты мақсаты – ғылым саласының өркендеуіне үлес қосу, химия саласының майталман маманы болып, экология тазалығын қамтамасыз ететін жаңалық енгізу.
– Еліміздің әр тұрғыны сапалы суға қол жеткізуі үшін ғылыми ізденісімді одан әрі жетілдіре түсемін, – дейді жас ғалым Ұлжан Қанатбек.
Ғылым және жоғары білім министрлігі мұндай жас ғалымдар мен олардың жобаларына қашанда қолдау білдіруге даяр екендігін жеткізгім келеді. Айта кететін тағы бір жайт, жуырда Дулати университетінің студенттері Астана қаласында өткен республикалық инновациялық идеялар байқауына қатысып жүлделі I орынды жеңіп алды. Сол додада Ұлжан Қанатбек команда капитаны болып, үздік нәтиже көрсете білген. Ақын әрі педагог Мағжан Жұмабаев:
Мен сенемiн жастарға.
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бiр таңда,
Мен жастарға сенемiн,
– деп, жастарды жігерлендіруі бекер емес.
Талаптың тұлпарын мініп, білімнің кемесінде үздіксіз ізденіп жүрген Ұлжанға ғылым жолында үлкен жетістіктерге жетеріне сенім мол.