Басты бет » Жаңалықтар » 1000-ҒА ЖУЫҚ ШЫМКЕНТТІК ДОНОР БОЛДЫ

1000-ҒА ЖУЫҚ ШЫМКЕНТТІК ДОНОР БОЛДЫ

Шымкентте жыл басынан бері 1000-ға жуық жас қан тапсырған. Бұл мәліметті «Жастар ресурстық орталығы» келтіріп отыр. Бүгін де олар «Мен донормын» акциясын ұйымдастырған. Іс-шара еріктілер күнінің қарсаңында өтіп жатыр. Жалпы, мұндай жиындар ай соңына дейін жалғасуы мүмкін.

Шымкентте Ерікті жастардың қатысуымен «Мен Донормын» акциясы ұйымдастырылды. Шараға ерікті жастар мен студенттер сонымен қатар Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты. Қан тапсыруға 18 жастан жоғары жастар келді. Мұнда келу мақсатымыз – қаладағы науқас жандарға керек кезінде қол ұшын соза білу дейді шараға келген жастар. Соның бірі – Мардан Орынбай.

Мардан Орынбай, студент:

«Менің қан тобым – 1-ші топ. Қаламызда түрлі жағдайда сырқат тартып жатқан жандар көп. Көбісіне қан жетіспейді, сонымен қатар аяқ астынан жол апатына түскен жандарға шұғыл арада қан керек болып жататын жағдайларды жиі естіп жатамыз. Осы орайда 1 адамның өмірін сақтап қалсақ бұл біздің көмегіз деп білемін», – дейді ол.

5 желтоқсан – Волонтерлар күніне орай ұйымдастырылған акция аясында өткізілген іс-шаралар апта бойына жалғасады. Қайырымдылық акциялары, дөңгелек үстел мен жануарларға көмек секілді түрлі жобаларды жоспарланып отыр. Басты мақсат – өзгеге өмір сыйлау, ізгілік жасау дейді ерікті жастар. Айта өту керек, қан доноры болу – сауапты да жауапты іс. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, бір рет қана қан өткізу арқылы орта есеппен үш адамның өмірін сақтап қалуға болады. Сондай-ақ мамандар қан өткізу арқылы өз өміріңізді 5-6 жылға ұзартуға болады дейді.