Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 2021 жылғы 10 маусымда өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші пленарлық отырысында, Үкіметті озық технологиясы бар халықаралық компанияларда жұмыс істеген, тәжірибелі қазақстандықтарды тарту бағдарламасын іске қосу жөніндегі «KPMG» компаниясының бастамасын қолдауға шақырған болатын.
«Ақ жол» Демпартиясы фракциясы бұл бастаманы толығымен қолдап, 2021 жылғы 30 желтоқсанда, Президенттің тапсырмасының орындалу барысы туралы сауал жасады. Алайда сол сауалдағы нақты сұраққа, нақты жауап ала алмаған болатынбыз.
Қазіргі кезде Қазақстаннан «білімдарлардың кетуі» («утечка мозгов») үлкен проблемаға айналып отыр. Шетел жоғары оқу орындарында білім алып, мықты маман болып шыққан біздің дарынды жастарымызды, сол елдің компаниялары тұрақты жұмыс орнымен, үлкен еңбекақымен, әлеуметтік пакетпен қызықтырып өздерінде қалдыруға тырысады. Мысалы, Ресей университеттері мен колледждерінде қазақстандық мектептердің 70 мыңдай түлектері бар екен. Бұл көрсеткіш бойынша Ресейдегі Шетелдік студенттер арасында Қазақстаннан келген жастар бірінші орында тұр. Ол жайлы Ресейдің ресми тұлғалары да мақтанышпен ашық айтуда. Егер жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандықтардың жалпы санымен салыстыратын болсақ, онда Ресейге оқуға кеткендердің үлесі 10 пайыздан асады. Оның басты себептерінің бірі Ресей университеттеріне қазақ талапкерлерін Ұлттық бірыңғай тестілеусіз (ЕНТ) қабылдап, грант, стипендия, жатақхана беріп, ал білім алып шыққаннан кейін жұмыс орнын ұсынатындығы, тіпті азаматтық беретіні жасырын емес. Көптеген қазақ жастары бұған қызығушылық танытуда. Өйткені, ЕНТ тапсырудың өзі көптеген жылдар бойы нағыз стресске айналып кетті. Күн-түн ұйқы көрмей, дайындалып, нәтижесінде тиісті балл ала алмай қалған оқушылар суицидке дейін барған фактілер де болған. Біздің бұл көршілес мемлекетке зейін қойып отырғанымыз, жүріп жатқан соғыс салдарынан демографиялық және жұмыс қолы проблемаларын шешу үшін, Ресей қазақстан жастарын өзінде қалдыруға мүдделі және бұл бағытта барынша жағдай жасауы әбден мүмкін. Бұл деген жұмыс орнымен қамтудан бастап, лайықты жалақы, баспана беру т.с.с. әрекеттер.
Осы орайда, «Ақ жол» демпартиясы:
1) Үкімет Президенттің тапсырмасын орындау барысында, мықты халықаралық технологиялық компаниялардан қазақстандықтарды қайтару жөнінде бағдарламасын қабылдады ма, және де сол бойынша талантты жастарымызға қандай жағдай жасалған, қанша және де қандай компаниялардан жастар елге оралғандығы жөнінде ақпарат беруді сұрайды.
2) Ресей тәжірибесін пайдалана отырып, дарынды жастарды қазақстандық университеттерге ЕНТ-сыз басқа жолымен қабылдауға рұқсат беруді ұсынамыз.
3) Тек Ресей не басқа шетелдік университеттерінің түлектерін әкелу ғана емес, өзіміздің жастарды жұмыспен баспанамен қамту мәселелері бойынша қандай іс-шаралар жүргізіліп жатыр?
Құрметпен, «Ақ жол» Демпартия фракциясының депутаттары Бейсенбаев Е.А. Перуашев А.Т. Еспаева Д.М. Иса Қ.Ж. Барлыбаев Е.Х. Садыков А.А.