Басты бет » Жастар үні » Димаш Құдайберген Сербияда беделді «Ағайынды Карич қоры» сыйлығын алды

Димаш Құдайберген Сербияда беделді «Ағайынды Карич қоры» сыйлығын алды

3 желтоқсанда Сербияның Белград қаласында «Ағайынды Карич қоры» сыйлығын табыстау рәсімі өтті, деп жазды dimashnews.com сайты.

1979 жылы елдің ғылыми-технологиялық және шығармашылық әлеуетін қолдау және ілгерілету, жұртшылықты әлемдік мәдениеттің жетістіктерімен таныстыру институты ретінде құрылған қор 26-шы рет көрнекті шетелдік тұлғаларға сыйлықтар табыс етті.

«Ағайынды Карич қоры» сыйлығына бұрын әлемге әйгілі ғылым, журналистика, экономика, мәдениет және өнер қайраткерлері ие болған. Әр жылдары физика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Ж. Алферов, әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты П. Хандке, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев, кинорежиссер Э. Кустурица, теннисші Н. Джокович, актер С. Сигал, ТҮРКСОЙДЫҢ бұрынғы Бас хатшысы Д. Касеинов марапатқа ие болған.

Биылғы жылы сыйлыққа ұсынылған ерекше тұлғалар арасында Қазақстанның дарынды әртісі Димаш Құдайберген де марапатқа ие болды.

Қордың Директорлар кеңесінің пікірінше, Димаштың айрықша вокалдық деректері, оның классикалық және заманауи стильде орындаудың әртүрлі нысандарын біріктірудің керемет қабілеті, көпжылдық жұмыс пен оқудың нәтижесі ретінде кез келген нотаны орындаудың бірегей мүмкіндіктері әртісті Қазақстан мәдениетінің жарқын өкілі, өз ісінің табысты маманы ретінде атап өтуге мүмкіндік береді.

«Біздің Директорлар кеңесі осындай маңызды әртіс сыйлықтың ізашарларының, осы жолдағы таланттардың алтын сериясының жалғасы болуға лайық екендігімен бірауыздан келіседі, бұл біздің достас елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтады», – деп атап өтті Сербиядағы Қазақстан Республикасының құрметті консулы, ағайынды Карич қорының негізін қалаушы Миланка Карич.

Сербияның орталық мәдени шарасы Серб мәдениеті мен дәстүрін айқындайтын мәдени мұра нысаны – Белградтағы Ұлттық театрда өтті.

Ұлттық театрдың керемет сахнасында Димаш әр түрлі композициялар ұсынды: қазақтың халық әні «Самалтау» және Игорь Крутойдың «Mademoiselle Hyde» шығармасы, осылайша өз шығармашылығының әртүрлі қырларын көрсетті.

Димаш ағайынды Карич қорының құрылтайшылары мен Директорлар кеңесіне марапатқа лайық деп танығаны үшін алғысын білдірді, халықаралық жобалардың, соның ішінде өнер саласындағы елдер арасындағы достық пен өзара дамуды қолдау мүмкіндіктері ретіндегі маңызды рөлін атап өтті.