Талғат Сақан – елге белгілі іскер азамат. Ол – Q4 бизнес мектебінің негізін қалаушы және Q4Тulpar автокөлік бизнесінің иесі. Кәсіпкердің келелі ойларын жас оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз.
ШЫНАЙЫ АРМАНДАСАҢ, АРМАНЫҢ ДА САҒАН СОНДАЙ КҮШПЕН ҰМТЫЛАДЫ
Ауылда, қарапайым отбасыда өсіп те, кәдімгі мектепте оқып та үлкен жетістіктерге жетуге болады.
Берекелі кәсіп жасап, долларлық миллионер болуға, небір жаңалықтар ашатын ғалым болуға, елді басқаратын мемлекеттік қайраткер болуға ауылдан шықсаңыз да мүмкіндіктеріңіз бар. Ол мүмкіндіктеріңізді сол старттағы ниетіңіз, асқақ мақсатыңыз айқындайды. Мысалы, ауылда қарапайым мектепте жүріп те жетістіктің шыңына шығуды армандасаңыз, шынайы сенсеңіз, қарекетін жасасаңыз сол жетістікке жеткізетін мүмкіндітер алдыңыздан шыға береді.
Өзім Абай облысындағы кішкене ғана Таскескен деген ауылда өстім. Ата-анам қарапайым. Әкем көлік жүргізуші болды. Жасыл запорожымен таксовать етіп, бізді асырайтын. Оның өзін мені оқуға түсірем деп сатып жіберген болатын.
Бірақ сол кезде ауылда жүріп бала Талғат асқақ армандар ойлайтын. Ауылдағы кәсіпкер Дәулет ағамыз сияқты, қайраткер ағаларымыз сияқты мен де ауылға көмектесем, қайырымдылық жасаймын, елге тұтқа болатын азамат боламын деп армандайтынмын.
Сен бір нәрсені шынайы армандасаң, сол арманың саған сондай күшпен ұмтылады.
Аллаға шүкір, сол бала күнгі армандарым орындалып жатыр. Егер бала Талғат: «Мен кішкентай ауылда, қарапайым отбасыда өстім, мен үлкен армандарға лайықты емеспін», – деп жігері құм болса, қазіргі жетістіктері болмас еді.
Сол себепті, ауылдағы бауырым, қарындасым, сен де қамықпа, жігеріңді құм қылма, асқақ арманда, қарекет жаса!
Сонымен түйіндеп айтар болсам, қайдан шыққаның да маңызды, бірақ қайда баратының одан да маңызды. Ең бастысы, таза ниет, асқақ арман, ешкіммен жарыспа, бірақ биік мақсаттар қой, жай қызметкер болам деме, компания басшысы болам деп ұмтыл, қатардағы жауынгер емес әскербасы, жай азамат емес, елге пайдасы тиер басшы болам деп арманда, соған шынайы сеніп, қарекетіңді аяма!
АРМАНДАУ – АЛЛА БЕРГЕН ҚҰДІРЕТТІ КҮШ!
Бала кезімізден осы армандау деген құдіретті күшке баулып өсірген ата-анама алғысым шексіз. Баланың армандарында шектеу жоқ қой… Інім Қанат, қарындасым Шынар бәріміз бала кезімізде үйде: «Шіркін, анадай дүниеміз болса, мынандай нәрсеге жетсек қой, ананы істесек, мынаны істесек», – деп бір қарағанда мүмкін емес нәрселерді армандайтынбыз. Ол армандарымызды ата-анамызға айтатынбыз.
Сол кезде ата-анама риза болатыным: «Жоқ, балам ол мүмкін емес, сенің арманың шындыққа жанаспайды», – деп бетімізден қаққан емес. Керісінше: «Айналайын, иә, Алла жазса, орындалады», – деп демеп, қолдап отыратын.
Осы әрекетімен әкешім мен анашым бізді шексіз армандауға үйретті. Әкем армандап қана қоймай, сол арманға жетуге қарекет жасауды да өз үлгісімен көрсетті.
Аллаға шүкір, соның арқасында, әсіресе Қанат бауырымыз екеуміз жатып алып: «Шіркін, ата-анамызға зәулім үй салып берсек, су жаңа көлік алып берсек, қажылыққа апарсақ, үздік санаторийлерге, шетелге жіберсек, ауылымызға қайраткер, кәсіпкер ағаларымыз сияқты көмектессек», – деп көп армандайтынбыз.
Қарап отырсақ, Аллаға шүкір, қазір сол армандарымыздың бәрі орындалыпты. Бүгінгі жетістіктердің бәрін адамдар қазір көріп жатыр. Ал бұл жетістіктердің бәрін ауылдан шыққан сары домалақ бала Талғат Таскескенде жатып, армандарында көріп, оймен сомдап қойған болатын.
Ол ненің арқасы? Кезінде ата-анамыз шексіз армандауға баулығанының арқасы.
Сол бала Талғаттың мүмкін еместей көрінген армандары бүгін орындалып жатыр. Қазір де мен кішкентай бала сияқты армандауды қойған емеспін.
Себебі армандау – Алла берген құдіретті күш екенін кішкентай кезімнен ұққанмын.
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев:
«Бойыңда ыстық қан барда.
Болмысты да, болмасты да,
Болады деп арманда!», – деп жырлаған екен.
Иә, шын мәнінде де болмысты да, болмасты да болады деп армандау керек екен. Ненің болатыны-болмайтыны бір Аллаға аян. Сол үшін өз арманыңа шынайы сеніп, қарекет жасай беру керек. Армандар орындалады! Оған кәміл сеніңіздер! Мен бұны өз тәжірибемнен нақты айта аламын.
Сол үшін армандайық! Балалардың арманына шек қоймайық! Армандауға баулиық, сол армандарын орындауға қарекет жасауға қолдап-қуаттайық!
ӘР АДАМ ӨЗ ӨМІРІНІҢ СУРЕТШІСІ
Сен нені көріп жүрсің?
Сен не көресің, солай өмір сүресің.
Мен жариялап жүрген контент біреу, бірақ әркім әртүрлі мағына көреді, ой түйеді. Бір адамдар тек позитив көріп, өзіне пайдалы ақпарат, мотивация алып, өмірін өзгертіп жатса, ал басқа адамдар тек негатив көріп, іштеріндегі түрлі теріс эмоциялары оянып, жағымсыз пікірлерін жазып жатады.
Табиғаттағы ара мен шыбын сияқты. Бәріміз білеміз ара гүлге қонып, тек бал жинайды. Ал шыбын болса, неге қонып, не жинайды? Әркім айналасындағы әлемнен не көреді, солай өмір сүреді.
Өміріңде негізінен оңды нәрсе көрсең, өмірің позитивке толы болады. Негізінен негатив көрсең, сәйкесінше өміріңде негатив көп болады.
Саған өмірде тек негатив көруге әсер ететін нәрсе сенің ішкі шектеуші ұстанымдарың, наным-сенімдерің. Айналадағы әлем саған соны көруге көмектесіп жатыр. Әр сәт сайын айналаңдағыларды көріп, негативке түсе берсең, онда ол сенің ішіңде толып қалған негативтің бар екенін көрсетіп жатыр.
Сен соларды мойындап, арылған кезде ғана жаңа деңгейге шығасың.
Сол үшін өзіңе қоятын маңызды сұрақ: Мен көбіне айналадан көбіне не көремін? Позитив пе? Негатив пе?
Адам баласы назарын неге қойса, сол ұлғаяды. Позитивке көп назар қойсаң, өміріңде позитив көбейеді, назарыңды негативке қойсаң, негатив көбейеді.
Сол үшін үнемі «Жақсылықтың жаршысы болып жүрейік!» деп айтамын.
Командама да осы қасиетті сіңіріңдер деп жүремін. Табыстың сырларының бірі –осы.
Жетістіктің осы сырын Наполеон Хилл 20-ғасырдың басында «Ойлан да байы» деп ашып айтып кеткен. Яғни, байлық ойдан басталатынын шегелеп көрсеткен. Нені ойласаң, нені көрсең, соны тартасың.
Сосын үнемі айтатын тағы бір сөзім: «Әр адам өз өмірінің суретшісі». Күнде ойыңда қандай сурет саласың, сол суреттегі өмірді болашақта аласың.
Түрлі салада табысқа жеткен адамдар Алаш арыстарының аманатын орындап, ұлтқа қызмет ету үшін хейтерлердің негатив пікіріне қарамай заманауи құралдар арқылы пайдалы ақпаратпен бөлісе берейік!
Қазақ үшін қарекет жасамай қоймайық!
ӨЗІҢДІ ЖОҒАЛТПАУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?
Қазіргі заманда өзіңді жоғалтып алу өте жеңіл.
Оған бірнеше себеп бар.
Біріншіден, оған ақпараттық заманның әсері бар. Қазір біз кез келген ақпаратқа қол жеткізе аламыз. Интернеттен іздесек болды тауып береді. Алайда осы ақпараттық заманда сауаттылықтан гөрі сауатсыздық артып бара жатқандай. Адамға айналадағы ақпараттық шудан өз болмысын тану, өзінің ішкі дауысын тыңдау қиындап барады. Интернеттен әркімді бір көріп соған еліктейді, өзінің нақты не істегісі келетінін білмейді. Өз ерекшелігін жоғалтып алады. Бағаламайды.
Екіншіден, адам қоғамның, айналаның, түрлі орталардың өзі ойлап тауып алған талаптарына сай боламын деп бетперде киеді. Өз болмысын сатады. Ішкі деңгейі өспесе де сыртқы деңгейін солай қылып көрсеткісі келеді. Әсіресе, әлеуметтік желі арқылы тек жылтыраған өмірді ғана көрсеткісі келеді. Бір күні сол бетпердесінен өзі де шаршайды. Ол бетпердені басқалар да сезеді, күледі.
Үшіншіден, өз ерекшеліктерін танымау, өзінің Алланың ерекше, қайталанбас жаратылысы екенін бағаламау.
Бұның бәрі өзіңді жоғалтудың оңай жолы.
Ал өзіңді жоғалтпаудың дара жолы қандай?
Ол – шынайы болу. Алла сені қалай жаратты солай көріну. Өз болмысыңнан ұялмау, өз тегіңнен жерімеу. Өзіңді Алланың ерекше, айрықша, дара, қайталанбас, құнды жаратылысы ретінде бағалау. Өзіңнің шыққан жеріңнен ұялмау, керісінше мақтану. Мысалы, ауылдан шықсаң, оныңмен керісінше мақтан.
Минусым деп ойлаған қасиетіңді плюсыңа айналдыр. Мысалы, мен орысша жақсы сөйлей алмаймын, акцентім ұрып тұр. Бірақ бір емес бірнеше рет орыстілді аудитория алдында сөз сөйледім, тілім жетпей бара жатса, қазақша қосып жібердім. Аудитория күлген жоқ, керісінше қолдап, шапалақ ұрды.
Қай заманда да, қай жерде де, кез келген ортада бағаланатын қасиеттер бар. Олар:
– Қарапайымдылық пен Шынайылық. Бұл қасиеттер ешқашан сәннен шықпайды. Олар адам көркем мінезінің ажырамас бөліктері.
Адам өзін-өзі алдай алмайды. Адам өзін алдай бастағанда – өзін жоғалта бастайды. Сол үшін достар, өзімізбен өзіміз шынайы болайық, өзіміздің ішкі даусымызды тыңдай білейік, соған сәйкес өзімізбен адал болып өмір сүрейік!