«Almaty Hostel» хостеліндегі өртке қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігі пікір білдіріп, қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Осы оқиғаға байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігі Алматы қаласының жоғары оқу орындары аталған хостелмен студенттерді орналастыруға келісімшарт жасаспағанын хабарлады.
— Студенттерді көрсетілген хостелге орналастыру жүргізілген жоқ.
Біздің мәліметтеріміз бойынша, бұл хостелдің тұрғындары жеке жалдау компаниясымен ынтымақтастық арқылы өз бетінше келісімшарттар жасасты, — делінген министрлік хабарламасында.
Бүгінде елдегі жоғарғы оқу орындары 87 нысанды (қонақ үйлер мен хостелдер) жалға алды.
— Айта кетейік, жоғары оқу орындары келісімдер жасасатын жалға алынған объектілерге өрт қауіпсіздігі, санитарлық нормалар, камералардың, турникеттердің болуы, коменданттық сағаттың сақталуы бөлігінде жоғары талаптар қойылады, — дейді министрлік өкілдері.
Шарт жасасқан хостелдерде ЖОО-ның студент жастары ғана тұрады. Үй-жайларға үнемі мониторинг және тексеру жүргізіледі.