Басты бет » Жаңалықтар » ТЫНЫШТЫҚТА ТЕРБЕЛЕДІ БИІМЕН

ТЫНЫШТЫҚТА ТЕРБЕЛЕДІ БИІМЕН

     «Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» дейді халық даналығы. Себебі өнер көркемдігімен, бітім-қасиетімен ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа сақталған асыл қазына. Әсіресе, би өзінің ерекшелігімен адамды баурап, ынтызар ететіні сөзсіз. Еліміздегі өңірлердің ішінде Солтүстік Қазақстан облысында да көптеген жоғары деңгейдегі сайыстарда өздерінің өнерлерімен тәнті етіп, көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген би ұжымдары аз емес. Солардың ішінде «Sensitive» би театры жаңашылдығы мол ұжымдардың бірі болып саналады деп айтсам, артық айтқандық болмас. Өйткені, бұл ансамбль – есту кемістігі нашар балалар мен жастардан құралған еліміздегі жалғыз би ошағы.

«Sensitive» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «сезімтал» деген мағынаны білдіреді. Біздің облысымызда «Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиеленушілерінен құралған бал биі ансамблі 2006 жылы бұл білім ордасында ашылды. Бүгінде мұнда бес топқа бөлінген 45 адам би өнеріне үйренуде. Айта кетерлік жайт, осы ошақтың тәрбиеленушілері заманауи хореография және спорттық бал бал биінің екі түрін, яғни еуропалық және латын америкалық бағдарламаларға машықтанады.

 «Sensitive» би театрына жетекшілік ететін білікті хореограф Ольга Ростовщикованың айтуынша, алғашқыда ұжым құрамында 6-7 сыныптарда оқитын балалар мен қыздардан құралған 16 адам ғана болған еді. Уақыт өткен сайын «Sensitive» бал биі ансамбліндегі бишілер саны көбейе бастады. Бастапқыда ошақтың көркемдік жетекшісі Ольга Николаевна шығармашылық ұжым мүшелеріне өнердің сөз еткелі отырған түрін үйрету барысында барлық сөздерді саусақтармен көрсетіп түсіндіру, яғни ымдау тілі арқылы үйрететін еді. Әлбетте, музыканың әуенін ести алмайтын есту кемістігі нашар балалар мен қыздарды, жастарды ырғақтылыққа, икемділікке машықтандыру оңай емес екені белгілі. Дегенмен үнемі ізденіс үстінде жүретін «Sensitive» би театрының жетекшісі оларды би өнеріне баулу үшін барынша тырысып бақты. Сөйтіп, бишілердің үздіксіз жаттығуы және ұжымның көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикованың оларды бал биіне үйрету бағытындағы қажырлы еңбегі өзінің жемісін бере бастады.

«Sensitive» би театрының он жеті жыл ішінде қол жеткізген ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де баршылық. Бір атап өтерлігі, 2019 жылы аталмыш орда би театрына айналды. Әлбетте, мұның өзі мақтануға тұрарлықтай жетістік болып саналады. Бүгінгі таңда ансамбльдегі негізгі аға топтың мүшелері, яғни, Евгений Кузьмин, Павел Ткаченко, Даниал Қанғожин, Артем Радица, Максим Тусаев, Айнұр Сайынова, Екатерина Воропаева, Милена Новикова, Екатерина Чуб, Екатерина Житковец пен Яна Дружковка Петропавл қаласында орналасқан Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында жоғарыда аталған би театрының құрамында еңбек етеді. Олар осы театрдың спектальдері және мюзиклдеріне қатысады. Өнер ұжымының бишілері қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда үздік өнер көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Дәлірек айтқанда, бұл ансамбль құрылғаннан бергі жылдардың ішінде олар еліміздің бірнеше қалалары мен Ресейдің Мәскеу, Италияның Сан-Марино, Испанияның Барселона, Қырғызстанның елордасы Бішкек, Болгарияның, Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай және басқа мемлекеттердің шаһарларында өткен республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып, аталымдардың жеңімпаздары мен жүлделі орындардың иегерлері атанған еді. Мысалы, биылғы жылы бұл өнер ордасының тәрбиеленушілері Египеттің Хургада қаласында «Шоумир дом солнца египет» II халықаралық шығармашылық фестивалі барысында Гран-при иегері атанып, екі бірінші орын және бір алдыңғы орынға сай деп танылды. Сонымен бірге дәл осы жылы аталмыш ұжымның тәрбиеленушілері АҚШ-тың Калифорния штатындағы Анахайм қаласында өнердің орындаушы түрлерінен 25-ші рет өткізілген мерейтойлық бүкілдүниежүзілік чемпионаттан олжалы оралды. Әлемнің 72 елінен үміттерін үкілеген үш мыңнан астам адам бақ пен бап таластырған доданың қорытындысы бойынша Гран-при ақ қайыңдар өлкесінің ат терлетіп келген би ошағына бұйырды. Аталған сайыста есту кемістігі нашар балалар мен жастардан құралған бишілер үш алтын және бір күміс медальді еншіледі. Ал би театрының мүшесі Артем Радица «Моделинг» аталымы бойынша Гран-приді жеңіп алды. Жаңағы сайыста еліміздің намысын тек «Sensitive» би театры қорғаған болатын. Сондай-ақ Ансамбль «Шапағат» медалінің иегері.

Театрдың көркемдік жетекшісі, жаңашылдығы мол хореографтардың бірі, «Парасат» орденінің иегері Ольга Ростовщикова өмірін өнермен өрнектегенін бақыт деп санайды. Оның айтуынша, ансамбльдің тәрбиеленушілерін би әлеміне жетелеп, оның ғажайыптылығына машықтандырудың өзі бір ғанибет екен.

– Балалық шақтан бері мен бимен айналысуды армандайтын едім. Тоғыз жастан бастап мен биге әуес болып, он екі жыл бойы өзімнің бос уақытымды өнердің әңгіме өзегіне айналып отырған түріне үйренуге арнады. Сонымен қатар балғын жаста менің арманым би үйірмесінің жаттықтырушысы және хореограф болу еді. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде менің аңсаған армандарым орындалды деп айтуға болады. Өйткені, осы жылдардың ішінде үнемі ізденіс үстінде жүрудің арқасында мен білікті хореографқа айналдым. Сондай-ақ өзімнің ансамблім де бар. Би шаңырағының қол жеткізген жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Әрине, осының барлығы мен және тәрбиеленушілерім үшін биік мәртебе болып есептеледі, – дейді Ольга Николаевна.

Тыныштықта әсем биімен тербелетін театрдың талантты және талапты тәрбиеленушілерін жаттығу кезінде көрген сәтте олардың өнердің бұл түріне деген іңкәрлік сезімін бірден аңғаруға болады.

 

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы

Петропавл қаласы