Театр – тәрбиенің бесігі, рухани байлықтың қайнар көзі. Халық жазушысы Ғабит Мүсірепов «театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деген екен. Сол айтқандай, театр – әдемі өнердің ордасы, таланттардың ортасы.
Осы орайда біз Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актер әрі режиссері, жақында «Танакөз» қойылымы бойынша ТОП 10 ішінде «Жыл сценографы» атағын алған театр актері Әли Бидахметпен өнер, театр әлемі турасында әңгімелескен едік.
– Ең алдымен өзіңізді таныстырып, туған жер, өскен ортаңыз, отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз?
– Туған жерім – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласы Қуаныш ауылы. Ата-анам – өнерге қатысы жоқ қарапайым еңбек адамдары. Әкем компанияда механик, анам бухгалтер болып жұмыс істеді. Өзім ауылда өскенмін, ауылды жердің баласымын. 9-сыныпқа дейін Зайсанда оқыдым, одан кейін Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер колледжіне оқуға түстім.
– Өнер саласына келу бала күнгі арманыңыз ба еді? Жалпы, актерлікке, театрға қалай келдіңіз?
– Негізінде актер болу бала күнгі арманым емес еді. Бірақ сахнада жүрсем ғой деп армандағаныммен, нақты актер боламын, театрға бет бұрамын деп ойлаған жоқпын. Жүргенов колледжіне оқуға түскеннен кейін сол жердегі ұстазым Ерлан Кәрібаевтың үйретуімен, түсіндіруімен мен театрда актерлікті таңдап, нақты сол бағытта жұмыс жасауды қолға алдым.
– Кәсіби актер атанған сәтіңіздегі ең алғашқы сомдаған рөлдеріңіз жайында айтып өтсеңіз?
– 2018 жылы өзіміздің Мәмбетов театрының сахнасында «Театр 180» деген комедиямен театрды ашқан едік. Кәсіби актер атанған кездегі ең алғашқы рөлім, сол қойылымдағы Тим деген қарапайым сахна жұмысшысының рөлі еді. Бұл біздің театрдың шымылдығын ашқан спектакліміз болды. Қойылымның режиссері – ұстазымыз Сайлау Қамиев.
– Кімдерді ұстаз ретінде үлгі тұтасыз?
– Ұстаздарымды колледж кезден бастап айтатын болсам, Темірбек Жүргенов колледжінде Ерлан Кәрібаев, марқұм Есім Жүкеұлы, марқұм Мұхтаралы Көлжан және «Алашұлы» тобының әншісі Мақсат Рахметов ағамыз. Одан кейін Шабыт университетіне оқуға түстім, ол жақтағы негізгі ұстазым Сайлау Қамиев және кураторым Ернияз Пірімқұлов болды. Осы кісілердің қолында оқып өсіп, өңдік. Қазіргі таңда мен Мәскеу қаласында Константин Райкиннің мектебінде режиссура мамандығы бойынша оқып жатырмын, ол жердегі ұстазым – Алексей Франдети.
– Мәскеу қаласындағы білім алып жатқан мектебіңіз жайлы кеңінен әңгімелеп берсеңіз… Қандай өзгешелік, ерекшелік байқадыңыз?
– Қазір Мәскеуге оқуға келгеннен кейін, көп нәрсені басқа қырынан түсініп жатырмын. Біздерде бір жүйеге тығып тастайтыны бар. Мына жаққа келгенде қараймын қалай жұмыс істейді екен жан-жақты қарадым. Шын мәнісінде, жүйенің бәрін оқу керек, соның арасынан өзіңнің жүйеңді қалыптастыру керек екен. Бізде Қазақстанның театр саласында жетіспейтін мамандар сценография саласы. Сценография деген режиссердің жүрегі екендігін түсініп жатырмын. Болашақта осындай дүниелерді тереңдетіп оқытатын мамандар келсе немесе театрлар өзінің қарамағындағы жұмыскерлерді Мәскеуге оқуға жіберсе деп ойлаймын.
Театрдың негізгі түбі Мәскеу екендігін мойындау керек. Біздің театрдағы мамандардың да біршамасы Мәскеуден оқып келді, соның ішінде Әзірбайжан Мәмбетов те, Асқар Тоқпанов та бәрі-бәрі Мәскеуде оқып, елге келіп театр саласын жаңаша дамытып, қазақтың ұлттық құндылығымен байланыстырып жасады. Мен Мәскеуге еліктеп кету керек, Мәскеудің идеологиясын ұстану керек демеймін. Жоқ, Мәскеудегі теорияны түсіну керек. Өзіміздің елдегі ұлттық дүниені осыған байланыстырып жасайтын болса, тіптен керемет дүниелер шығатын еді.
– Сахнада қойылым барысында қандай есте қаларлық қызықты оқиғаларыңыз болды?
– Әрине, сахнада жүрген кезде көптеген қобалжулар болады, бірақ дәл қазір есімде жоқ. Дегенмен де шатасып, қателескен кездер көп болды. Қасымыздағы профессионалды әріптестеріміздің, достарымыздың арқасында, ондай жағдайлардан тез шығып кететін едік. Негізі, театрда мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Біз қанша дайындалсақ та ойымыздағыдай болмай қалып жататын кездер болады. Кейде актер емес техника істемей қалады, кейде реквизит шықпай қалады деген секілді оқиғалар болып тұрады.
– Өзіңіз қандай рөлдерді сомдағанды жақсы көресіз? Қай жанр жаныңызға жақын?
– Нақты бір жанрды таңдамайды екенмін. Қандай рөл бұйырады соны ойнауға тырысамын. Ешқашан рөлден қашып мынаны ойнап, мынаны ойнамаймын деп айтып көрген жоқпын. Ұсынылған рөлді барынша жақсы ойнап шығуға тырысамын. Оның ішінде комедия да бар, музыкалық қойылымдар, мелодрама, биография, трагедия барлығы бар.
– Соңғы жылдары еліміздегі киноиндустрия саласы өте қарқынды дамып келе жатыр. Жалпы, өзіңіз кинотеатрларға жиі барасыз ба немесе жарыққа шығып жатырған киноларды бақылып көріп отырасыз ба? Осы киноиндустрия саласына қатысты ойыңызбен бөліссеңіз…
– Иә, киноны өте қатты жақсы көремін, кинотеатрдан болсын, үйден қарағанды да. Киноны қатты бір талғамаймын. Негізінен, шетелдікін көп көрем немесе қазақтікін көп көремін деп айтпаймын. Өзі белгілі бір кинолар бар бармайтын, қатты қызықпайтын. Оның ішінде бәріне бірдей тиіп кетпесін. Десе де, қазіргі шығып жатырған комедияларға бара бермеймін. Режиссерлеріне қараймын. Негізінде, шетелдік киноларды бәріміз де жақсы көреміз ғой. Голливудтың киноларын, авторлық киноларды көп қараймын. Жалпы, өзім нақты кино саласына кірмегендіктен, дамып жатыр не дамымай жатыр деп ештеңе айта алмаймын.
– Елімізде театрдағы өнер иелеріне қаншалықты жағдай жасалынып жатыр?
– Театр саласында жұмыс жасап жатырған адамдарға барынша жағдай жасалынып жатыр, жоқ деп жылауға да болмайды. Оның негізі ретінде біздің театрды алып қарайтын болсам, біздің театр Аллаға шүкір жағдайы жақсы, Үкіметтен көмек келіп жатыр. Мен қазір жоқ деп айтсам, бір қиянат жасағандай боламын. Өйткені бізді шынымен қолдап жатыр. Әкімшіліктен де, жан-жақты басқа жақтардан да қолдау көп. Бізде ашыла сала өзіміздің ғимаратымыз болды, залымыз болды. Сондықтан мен ойлаймын жұмыс істесең, керекті адамдарға хабарласа алсаң, көмек сұрасаң, барлығы көмегін беруге тырысады. Бірақ ол үшін қатты еңбектену керек, жүгіру керек, жоғары жақтағы кісілердің есігін қағу керек, сонда ғана нәтиже болады. Жағдай мүлдем жасалмайды деп айту өтірік.
– Өзіңіз киноға түскенсіз бе немесе ұсыныстар түсіп жатырса түсер ме едіңіз?
– Дәл қазіргі уақытта киноға түсіп жатырған жоқпын. Студенттік кезімде 2-3 киноға түскенмін. Ол жерде эпизодтық рөлдер болды. Студент болғаннан кейін барынша шақырғанда қалмай бара беретінбіз, ал қазіргі кезде ешқандан ұсыныстар түсіп жатырған жоқ. Ұсыныс түсіп жатырса жоқ деп қашпаймын, мүмкіндігінше түсуге тырысамын.
– «Танакөз» қойылымымен «Жыл сценографы» атаныпсыз, сол жайында толығырақ айтып берсеңіз?
– Иә, мен өзім күтпеген дүние, сценографтардың арасына кіріп кетіппін сценограф болып. Енді солай бағалап жатырса, солай шығар. Біз жасадық, сахналадық, ары қарай оны көрген сыншылар өздері талдап солай шығарып жатырса солай болар.
– «Болмаған балалық шақ» спектаклі бойынша республикалық фестивальде үздік спектакль номинациясы бойынша бас жүлдені иемденген едіңіз. Шын жүректен құттықтаймыз! Осы туралы толығырақ айтып өтсеңіз…
– Иә, рақмет. Республикалық Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған фестивальде бас жүлде иелендік. Еңбектің бағаланғаны әрине жақсы ғой. Бәріміз қуанып қалдық. Негізінде, «Болмаған балалық шақты» жазғанда Ақберген Ергезек Бердібек Соқпақбаевтың рухына арнаған екен, сондықтан тікелей сол фестивальге тақырыбы келетін қойылым болды. Өз басым қатты жақсы көретін қойылымым. Өйткені ең алғашқы үлкен сахнаға алып шыққан жұмысым болды. Кәдімгі үлкен декорациямен жұмыс істедім, композитормен жұмыс істедім. Толыққанды маған мүмкіндік берген жұмыс болды. Сондықтан «Болмаған балалық шақ» қойылымы жаныма жақын. Ол жердегі баланың тағдыры әрбір қазақтың баласында бар. Өз басымда ондай болмаса да ауылда достарым, таныстарым болды. Жалпы, ауыл тақырыбы менен алыс емес, менің негізгі балалық шағым ауылда өтті. Сондықтан бұл спектакль шын жүректен шыққаннан кейін көрерменге ұнап жатырған шығар. Ол жерде негізі әрине сөйлеуші күш ол – Ақберен ағаның жазған кітабы. Кітапты оқып барып, кітап танымал болғаннан кейін біз қойылым қойдық. Ол қойылымға үлкен септігін тигізді. Бірін-бірі қолдай түсті, жақында киносы шығайын деп жатыр. Киносы да жақсы болатынына сенімдімін. Өйткені кәсіби мамандар жұмыс жасап жатыр.
– Сахна актерден қандай қасиеттерді талап етеді?
– Сахна актерден ең бірінші шынайылықты, еңбекті талап етеді. Өйткені еңбектенбесең, уақыт өте келе топтан шығып қаласың. Сенен де мықты актерлер келіп көштің алдын ұстап кетеді. Аспаннан рөл келеді деп тұрсаң, ол өзімен-өзі болмайды, әрдайым дәлелдеу керек, жұмыс істеу керек. Күнделікті жаттығулар жасап өзіңді тәрбиелеп отыру керек.
– Режиссерлікке қалай келдіңіз?
– Режиссураға ұстазым Сайлау Қамиевтің тапсырмасымен спектакль қойып жүргенде кіріп кеткен шығармын деп ойлаймын. Өйткені ол кісі маған ең алғаш Маугли, Рейдер Клиплингтің ертегілерін қойғызған. Осылайша, режиссураға деген қызығушылық басталды. Одан кейін де «Ауыл хикаялары» деген қойылым қойдық, ол жерде де өзімнің досым Нұржігіт Мүслімовпен, ағайымыз үшеуміз қосылып қойған болатынбыз. Cөйтіп-сөйтіп, Сайлау ағайдың тапсырмасымен, бастамасымен режиссураға ақырындап кіріп кеткен жайымыз бар.
– Актерлік пен режиссерлікті ұштастырып алып жүру қаншалықты қиын немесе жеңіл?
– Негізінен, ол екеуі мүлдем екі бөлек сала деп айтар едім. Оның барлығын жақсы білемін, түсінемін. Актерлік мүлдем басқа, режиссерлік мүлдем басқа. Барынша қиындығынан өтуге тырысып жатырмын. Алдағы уақытта енді режиссерлікке бет бұрып, сол бағытта кететін шығармын деген ой бар. Өйткені нақты бір саланы таңдап сол жаққа шығу керек деп ойлаймын. Әзірге жас болғандықтан көріп, энергиямыз бар кезде барлығын қарап жатырмын. Біздің алдымызда қаншама актерліктен режиссерлікке келген режиссерлер шықты. Сол кісілердің салып кеткен жолы бойынша біз де көреміз.
– Қазіргі кезде жастар театрға қаншалықты жиі барады, қалай ойлайсыз?
– Жастар қазіргі кезде театрға өте жақсы келеді. Оған дәлел ретінде өзіміздің театрдағы қойылымдарға жиі келіп жатырған жастарды байқаймын. Әлеуметтік желілерде бізді белгілеп жатады. Сондай-ақ контингентті қарағанда да келушілердің 80%-ы жастар екен. Сондықтан қазіргі таңда театр жаңа бір дәрежеге, деңгейге көтеріліп жатыр.
– Актер бос уақытын қалай өткізеді?
– Енді бұл кішкене қиындау сұрақ. Мақтанғандығым емес. Шынын айтқанда, бос уақыт өте аз. Жұмыс деген шаш-етектен. Бірінен кейін бірі шығып тұрады. Мүмкін менің бұл жауабым дұрыс емес те шығар, бірақ қолым босай салысымен отбасыммен болуға тырысамын. Өйткені біздің мамандығымыз сондай үй көрмейміз, айлап, апталап бала-шағамызды көрмей. Сондықтан қолым босай салысымен міндетті түрде отбасыммен уақыт өткізуге тырысамын.
– Болашақ театр актері болғысы келіп жүрген жастарға қандай ақыл-кеңес берген болар едіңіз?
– Болашақ театр актерлеріне айтарым, кітап көп оқу керек, көшеден келе салуға болмайды. Мен білем, туа біткен талантты актерлер де бар, бойында қабілет дарыған. Бірақ оның бәрі білімге алып дұрыс бағытта жұмсалмаса, ол түптің түбі жақсылыққа апармайды. Ондай кісілерді, алысқа кетпей-ақ, қасымызда да көргенбіз. Қазіргі заманда міндетті түрде оқу керек, оқымасаң бойыңдағы жақсы қасиеттеріңді жоғалтып аласың. Өйткені қоғам сондай. Қоғам қазір кез келген адамды бұзып, құртып жібереді. Соның ішінде мәдениетті сақтап қалу үшін де оқу өте маңызды. Барынша кітапты көп оқу керек, киноларды да көп қарау керек. Бекерге айтпайды ғой, жақсы ұрпақ тәрбиелеу үшін негізгі білім кітапта деп. Өз басым бұл жағынан қателік жібердім, колледжге түскеннен бастап кітапқа қызыққан жоқпын. Бірақ уақыт өте келе қызығушылығым ашылды. Өзімнің шағын кітапханам бар күн сайын толығып жатырған. Осылайша, кітаптың маған беріп жатырған пайдасын түсіндім. Сондықтан да жастарға айтарым, кітап көп оқыңыздар. Өйткені актерлік те, режиссерлік те тікелей кітаппен байланысты мамандық. Сен аспаннан алып ештеңе құрай алмайсың. Жазылған дүниені қоясың, жазылған дүниені ойнайсың. Жалпы, адамның ішін байытатын, жамандықтан алыстататын кітап деп санаймын. Өміріміздің соңына дейін оқу мен ізденіспен өтуіміз керек.
– Сұхбатыңыз үшін рақмет! Сізге толағай шығармашылық табыстар тілейміз!
Сұхбаттасқан
Перизат САПАРОВА,
Jastar janary