Басты бет » Жаңалықтар » Ұстаз – қоғамдағы ең сыйлы адам

Ұстаз – қоғамдағы ең сыйлы адам

Ұстаз – барлық ұрпақ қадірлейтін қастерлі тұлға. Әрбір оқушының жүрегіне жылу беріп, әрбірінің көңілін таба білетін әрқашанда қадір-қасиеті биік тұратын, туған анасынан кейінгі аяулы адам. Оқушыларына білім дәнін сеуіп, өмір атты шексіз ғаламға бұғанасын қатайтып ұшырып, білім нәрін шәкірттіне сіңіріп тер төгетін жанашыр жан.
Осындай жанашыр жан, оқушылары жетістікке жетіп, биіктен көрініп жатырса өз баласындай көріп бірге қуанатын, көптеген оқушылардың сүйікті мұғалімі 21 жыл ұстаздық қызмет атқарып келе жатырған Қарағанды облысы Теміртау қаласының математика пәнінің мұғалімі Арайгүл Шапағатпен сұхбат жүргіздік.

– Арайгүл апай ең алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз? Ұстаз болу бала күнгі арманыңыз ба еді?

– Туып өскен жерім – Монғолияның Баян-Өлгей қаласы. Ата қонысымызға 12 жасымда көшіп келіп, ары қарай Абай ауданы Сарепта ауылында білім алып, оқуымды аяқтадым. Балалық шағымыз тоқсаныншы жылдардың нарықтық кезеңіне сай келсе де балалық шағым өте қызықты өтті. Қарапайым ауыл жастарымен бірге әр күнді думандатып өткіздік. Қазіргідей телефон деген жоқ, ата анамызға көмектесіп, еңбек етіп, кеш болса гитара , домбырамен әндетіп, доп қуалап сондай бақытты балалық шақты өткіздік. Ол кезде бәрі шынайы еді…

Ал енді мамандығыма келсем, бала күнімде нақты ұстаз боламын деп армандаған емеспін. Бірақ мектепте барлық пәннен үздік оқығандықтан өзімде қай саланы болса да меңгере аламын деген сенімділік болды. Өзім тіл саласына жақсы болғандықтан журналистикаға деген қызығушылығым, соның ішінде диктор болсам деген арманым болды. Бірақ біздің кезімізде интернет деген болмағандықтан шығармашылық емтихан уақытын білмей қалып қойдым. Сол кезеңде компьютер енді шығып жатқан кез еді, программист мамандығы хит болып жатқан еді. Сол мамандыққа түсіп, математик, инженер-программист мамандығын алып шықтым. 21 жылдан аса уақыт ұстаздық қызметте еңбек етіп келемін.

Еңбек жолымды 2003 жылы Теміртау қаласындағы №15 мектеп-гимназиясында математика пәні мұғалімі болып бастадым. Сол мектепте 2014 жылға дейін жұмыс жасасам, қазіргі уақытта №4 жалпы білім беретін орта мектепте математика пәні мұғалімі болып жалғастырудамын. Қосымша дарынды балаларға арналған «Озат» мектебінде де математика пәнінен сабақ бердім.

– Ұстаздық ұлы қызметті таңдауыңызға не түрткі болды?

– Басында айтып өткендей, ұстаздыққа келуіме өзім алған білімді балаларға да үйретсем деп ойлайтынмын, математика пәнін мектепте өте жақсы оқыдым, неге сабақ беріп көрмеске деген ой болды. Мектептегі сынып жетекшім математика және физика пәні мұғалімі  Берік Магежұлы деген ағай еді, сол мұғалімнің сабақ беру әдісі, сабырлылығы білімділігі нағыз ұстаздың бейнесін бейнелейтін. Сонымен қатар алғашқы ұстазым Қарлығаш апайдың әсем жүзі, үлбіреген мойнындағы ақ орамалы да күні бүгінге дейін көз алдымда. Мектеп табалдырығын аттағаныма 36 жыл болса, бітіргеніме 25 жыл болыпты. Бірақ өзіме сабақ берген мектептегі және Қарағанды мемлекеттік университетіндегі барлық ұстаздар әлі күнге дейін есімде. Небір мықты мұғалімдер мен профессорлардан білім алғанымды мақтан етемін. Әрбір ұстаздан жақсы қасиеттер алуға тырыстым. Өзім алған білімімді оқытып жатқан оқушыларыма сіңіруге тырысудамын.

– Ұстаздық еңбегіңіздің шыңдалу тұсына тоқталып өтсеңіз…

– Осы жылдар ішінде қаншама түлек алдымнан сабақ алып шықты. Соның ішінде көптеген түлек «Алтын белгімен» бітірді. Алтын белгімен бітіру үшін басқа пәнмен бірге негізгі пән ретінде математикадан оқушылар өз білімдерін қорғау керек. Аллаға шүкір, барлығы үмітімізді ақтап келе жатыр. Кейбірі дамыған шет мемлекеттерде білімін жалғастырып, мықты маман иелері болды. Осы жылдар ішінде қаншама шәкірттің, ата-ананың алғысына бөлендім деп те айта аламын. Осындай жетістікке жетуіме алғашқы жұмыс жасаған гимназиядағы білікті мамандар септігін тигізді. Жаңадан келген жас маман деп қарамай, жоғарғы сыныптарды сеніп тапсырды. Гүлнар Ғұсмановна, Гүлмира Шаматаевна, Бопан Калима, Құралай Бөдеевна сынды мықты басшылар бағыт-бағдар бере отырып, ұстаз болуыма шыңдалуыма көп септігін тигізді. Оқушыларды ҰБТ-ке дайындау, Алтын белгілерді көптеген қосымша уақыттар бөліп дайындау менің кәсіби біліктілігімнің артуына үлесін қосты деп айта аламын. Әрбір мектеп бітіріп ҰБТ тапсыратындармен бірге жылда толқып жүремін. Тек сәл өкінішім инженер-программист саласын қосымша алып жүре алмадым. Тек математика бағытына кетіп қалғаным.

– Ұстаз қандай болуы керек? Бүгінгі ұстаз беделін қалай көтереміз?

– Ұстаздың бойында ең алдымен мықты жауапкершілік болуы керек. Ол өзінің алдында отырған оқушылардан қоғамның мықты бір мүшесін дайындайтын білімді, мықты маман иесі болуы керек. Әр оқушының білімі мен тәрбиесіне бейжай қарамауы керек. Қазіргі ұрпақ – ол еліміздің ертеңі, болашағы.
Ұстаз беделін көтеру үшін ең алдымен жоғары оқу орнына мұғалім мамандығына түсушілерге талапты күшейту керек. Себебі мектепті жоғары бағамен бітірген оқушыларды ұстаздыққа тарту керек. Көпшілік жағдайда үздік оқушылар мүлдем басқа салаға кетеді, менің ойымша, адам өміріне жауапты мұғалімдік пен дәрігерлікке мектепті жақсы аяқтаған оқушылар барса және талапты күшейтсе, білім сапасы арта түсер еді. Оларға ынталандыру жасаса ұстаз мамандығына құрмет те артар еді.

– Ұстаздың бақыты неде деп ойлайсыз?

– Ұстаз бақыты – алдындағы оқушының дұрыс білім ала отырып, сол білімді өмірде қолдана алса, өмірден өз орындарын дұрыс тапса, мысалы мен әр оқушы грант ұтып алса ерекше қуанамын.

Жас мамандарға айтар кеңесіңіз?

– Жас мамандарға айтарым, олар басқа буынның оқушыларына сабақ беріп жатқандарын біле отырып, заманға сай білім беру дағдысын қалыптастырса, шыдамдылық пен еңбекқорлық серігі болу керек. Әр баланы шынайы жақсы көріп, жүрегінен орын табуға тырысу керек. Алдымен оқушы, ата-ана арасында жақсы байланыс орнатып тәрбиені қалыптастырып алса, білім беру қиындыққа соқпас. Өйткені мүлдем жаңа буын өсіп келуде. Тәрбие мен білімді ұштастыра білу керек. Өзімді мықты мұғаліммен деп айта алмаймын, әлі де болса үйренетінім өте көп. Алдыңғы буыннан да, кейінгі буыннан да алар тәжірибелер бар. Мұғалім болып шыңдалудың шекарасы жоқ деп ойлаймын, мұғалім – өмір бақи ізденіс үстінде жүретін, іздене беретін тұлға, сондықтан талай жетістіктер алда деп ойлаймын.

Перизат САПАРОВА, 

Jastar janary