Ашық топырақта өсетін гүлді өсімдіктер табиғи жолмен өсіп дамиды. Ал бөлме өсімдіктерінің өсуі толықтай адам баласының күтіміне байланысты.
Қараңғы жерде немесе мүлдем суарылмай қалса, үстеме қоректендірілмесе өсімдіктер өліп қалады. Негізінен барлық гүлді өсімдіктер өсетін бөлмелердің ауасының температурасы 16- 18 С кем болмауы керек. Көптеген гүлдер үшін ыстық (от жағылатын) бөлмедегі ауа құрғақ, сондықтан да өсімдіктердің жапырақтары қарайып кетпес үшін немесе солып қалмас үшін ауаны ылғалдандырып тұру керектігін тағы бір ескерте кеткен жөн сияқты.
Жарық, су, жылу, ылғалдық , үстеме қоректендіру, тыныштық, таза ауа – бұның бәрі бөлме өсімдіктерін өсірудегі қажетті жағдайлар.
Ең бастысы, өсімдіктердің өсіп-өнуіне жағдай жасап, олардың ерекшеліктеріне көңіл аудара отырып, соған байланысты күтім жасау керек. Артық нәрсе жақсылыққа әкеліп соқпайды, мысалы үшін көп мөлшерде суару, күн көзінің тіке түсуі, үстеме қоректендіруді көп мөлшерде салу, өсімдіктің өсіп-өнуіне зиянын тигізеді.
Тағы бір ескеретін жағдай, бөлме өсімдіктеріне тыныштық керек, әсіресе қыс мезгілінде.
Күн сайын өсімдіктеріңізге көңіл аударып, жапырағына, сабағына, гүлдеріне, топырағына көз салып қойыңыз, әсіресе өсіп-өніп, гүлдеп жатқан кезде. Топырақтың жағдайына қарап, су қандай мөлшерде керек екенін айыруға болады.
Жапырағына қарап өсімдіктің денсаулығын айыруға болады, қураған, сарғайған жапырақтары мен гүлдерін уақытында жинап алыңыз, өсімдіктің зиянкестерінің жоқтығына үнемі көз жеткізіп отырған жөн. Барлық бөлме өсімдіктері температурасы 13 — 23 С аралығында өседі.
Бөлме өсімдіктері үшін ең қауіптісі температураның кенеттен өзгеруі (түсіп кетуі немесе көтерілуі). Өсімдіктердің көбі түнгі температураның күндізгі температурадан 2-3 С төмен болғанын қалайды.
Тек кактустар және басқа да суккуленттер күндізгі температураның жоғары, ал түнгі температураның төмен болғанына бейімделген. Бөлме гүлдерін жақсы өсіп-өнуіне 12-16 сағат жарық керек, жарық жетіспеген жағдайда фотосинтез процесі жәй жүреді.
Бөлме гүлдеріне ең бастысы су керек, алдымен қандай сумен суарған дұрыс соған тоқтала кетейік, су құбыры арқылы келіп тұрған сумен барлық өсімдіктерді суаруға болады, ол үшін суды бір ыдысқа құйып, бетін ашып қойған дұрыс, себебі құрамындағы хлордан арылу керек.
Төзімді өсімдіктерді кез келген өсімдіктермен суара беруге болады, тек тұзды су болмасын, ал нәзік гүлдермен сақ болған дұрыс, егерде сіз пайдаланып жүрген суыңыз ащы болса, гүл өсіп тұрған топырақтың бетінде ақтаңдақ пайда болады.
Бөлме гүлдерін қай уақытта суарған дұрыс – ол үшін қыс мезгілінде топырағын жұмасына бір рет, ал жаз айларында күн сайын қарап тұрғаныңыз абзал, тек қана кактустармен суккуленттерді қыс мезгілінде мүлдем суармайды.
Өсімдіктерді қалай суарған дұрыс – көбіне тұмсығы ұзынша сүйір болып келетін су құйғышты пайдалана отырып, тұмсығын жапырақтың астына жіберіп, сағат тілінің бағытымен жайлап суару керек.
Жаз айларында күн көзі тіке түсіп тұрған өсімдіктерге су бүркуге мүлдем болмайды, себебі су тамшылары жапырақты күйдіріп жібереді.
Жапырақтары солып қалған өсімдіктер, судың жетіспегенін көрсетеді, мұндай жағдайға жеткізбеген жөн. Кейбір гүлдер мысалы үшін, сенполия, глоксиния, цикламен
жапырағының су болғанын ұнатпайды, оларды су толтырылған ыдысқа
салып қойып суаруға да болады.
Тағы бір ескертетін жағдай, өсімдіктерді өз ерекшеліктеріне қарай
суарған дұрыс, мысалы, жапырақтары қалың болып келетін өсімдіктер,
құрғақшылыққа төзімді болса, нәзік жапырақты өсімдіктер керсінше, сол
сияқты, жаңадан отырғызылған гүлге, аз су мөлшері жараса, бұрыннан өсіп
тұрған гүлді өсімдікті жақсырақ суарғаныңызды қалайды.
Өсімдіктерге су бүрку
Әдейі арналған су бүріккішпен өсімдіктің жапырағына жылы су бүркіп тұру керек, себебі бұл бөлмедегі ауаның құрғап кетуіне жол бермейді, әсіресе қыс мезгілінде бөлменің ауасы құрғақ болып келеді де, бөлме өсімдіктерінің жақсы өсіп өнуіне мүмкіншілік бермейді. Жаз айларында да өсімдіктің жапырақтарына су бүркіп тұрған артық етпейді, шаң тозаңнан тазартады.
Үстеме қоректендіру
Бөлме өсімдіктерін қоректендіретін үстеме қоректің құрамында азот, фосфор, калий кездеседі, арнайы дүкендерде сатылады. Құрғақ түрде кездесетін үстемелерді көбіне ашық топырақта
отырғызылатын гүлдерге пайдаланса, ал бөлме өсімдіктеріне сирек қолданады.
Құрғақ үстемені топырақтың бетіне шашып тастайды, ол өзі еріп жайлап өсімдіктің тамырына баруы тиіс.
Дүкен сөрелерінен түрлі таяқша, таблетка түріндегі үстемелерді кездестіруге болады.
Сұйық тыңайытқыш ең құнарлы, ең тиімді болып есептеледі, суару мен қоректендіру бір мезгілде болғаны дұрыс, сұйық тыңайытқышты суға қосып, содан кейін гүлді суарып отыру керек.
Бөлме гүлдері өсіп тұрған топырақтың құрамындағы қоректік заттар шамамен 2 айға ғана жетеді, содан кейін үстеме қоректендіруді бастау керек.
Бөлме өсімдіктері өсіп гүлдеп тұрған кезде, үстеме қоректендіру міндетті түрде керек, ал тыныштық кезінде қоректендіруді тоқтата тұрған немесе азайтқан жөн.
Тыныштық кезең – су, жарық, жылу, тыңайытқыш, таза ауа өсімдікке қалай керек болса тыныштықта сондай қажет.
Барлық бөлме өсімдіктерге тыныштық берілетін мезгіл бұл қыс айлары, ауаның салқындауына, күннің көзінің аз болуына байланысты суаратын судың мөлшерін азайтып, тыңайытқышты мүлдем қолданбайды.
Таза ауа – жасыл өсімдіктері өсіп тұрған жердің ауасы кең, жанға жайлы болып келеді.
Сонымен қатар, таза ауа ыстық мезгілдерде ауаның температурасын төмендетеді.
Бөлме өсімдіктеріне ауа жетпеген жағдайда, жаз айларында бөлменің терезесін немесе есігін аздап ашып, бөлменің ауасын тазартып алсаңыз жеткілікті. Жаз айларында кейбір бөлме өсімдіктеріне, мысалы, бальзамин, пеларгония, кактустар және басқа да суккуленттерге ауаны
желдетіп алсаңыз жеткілікті.
Ал төмендегі бөлме өсімдіктерін жаз айларында сыртқа, ашық ауаға шығарып алған дұрыс, мысалы юка, драцена, цитрустық өсімдіктерді.
Келесі бір күтім, бөлме өсімдіктерінің жапырақтарын жуу, себебі шаң өсімдіктердің қас жауы десек артық айтпаған болар едік.
• Шаң өсімдіктердің келбетін өзгертеді.
• Болып жататын сыртқы ортамен алмасу процестерін тежейді.
• Фотосинтез процесін тежейді.
• Шаңның әсерінен өсімдіктерде зиянкестер пайда болуы мүмкін, сондықтан өсімдіктерді шаңнан үнемі тазарту, су бүркіп тұру ескеретін жағдай, бұл процедураның бәрін таңертеңгілік мезгілде
жасаған дұрыс, себебі, кеш түскенше жапырақтар кебуі керек. Бөлме өсімдіктерінің сарғайған жапырақтарын жинау, тазарту, ыдыстарын жуу, астындағы табақшаларын ауыстыру мұның бәрі күнделікті күтімге жатады.