Басты бет » Жаңалықтар » Денсаулық сақтау министрі хромтаулық дәрігерлерге алғыс айтты

Денсаулық сақтау министрі хромтаулық дәрігерлерге алғыс айтты

Денсаулық сақтау министрлігі Ақтөбе облысы Хромтау ауданының жедел жәрдем қызметкерлерінің қажырлы еңбегін атап өтті. Ол туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында айнайы жазба қалдырды.

«Кез келген ауа райында, аяз бен боранда, жол жоқ жерде жедел жәрдем бригадалары төтенше жағдайларға қарамастан адамдардың өмірін сақтап қалу қажет миллиондаған шақыртуға қызмет көрсетеді.
Осындай батырлардың қатарында – Хромтау ауданының жедел жәрдем фельдшерлері Құдияров Бауыржан Сұлтанханұлы, Тілеу Қайрат Берікұлы, Рысбай Сая Ыбырайқызы бар. Олар қар құрсауына қарамастан жүрек ұстамасымен ауыратын науқасқа жетіп, өздерінің асыл кәсібіне адалдықтары мен күш-жігерлерін танытты», – деп жазды министр.

Естеріңізге салсақ, осыдан бірнеше күн бұрын Ақтөбе облысында қарлы боран күшейіп, біраз қиындық туындаған болатын. Хромтау ауданының жедел жәрдем қызметкерлері ауа райының қолайсыздығына, ақ түтек боранға қарамай, қалың қарды омбылап, науқасқа 3 шақырым жерді жаяу жүріп келген. Үш шақырым жерге жаяулатып 1 сағатта әрең жеткен дәрігерлер науқастың жүрегін тексеріп, кеңес беріп қайтқан. Ауруханаға жатқызу қажет болмаған.

– Денсаулық сақтау министрлігі Хромтау ауданының жедел жәрдем бригадасы фельдшерлерінің қажырлы еңбегін атап өтеді. Әртүрлі қиындықтарды жеңе отырып, науқастардың өмірін сақтап қалатын барлық медицина қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз, – делінген жазбада.