Қайсарлық пен ержүректік — өрт сөндіру мамандарына тән басты қасиет. Уақытпен санаспай, халықтың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген өртсөндірушілердің еңбегі ерен. Жаңа жыл қарсаңында семейлік өрт сөндіруші Елдос Нұртазаев «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастыруымен өткен «Рухтастар» жастар сыйлығының жеңімпазы атанды.
«Жыл Батыры — ҚАЙСАР» номинациясының жеңімпазы Елдос Нұртазаев Семей қаласының №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып еңбек етеді. Ол «Семей орманындағы» орман өрті кезінде әріптестерімен бірге табандылық пен батылдық танытты.
— Жастарды қолдап, демеп жатқан баршаға рахмет! Еліміз көркейіп, дами береді деген ниеттемін. Бұл — менің ғана емес, бүкіл Қазақ елінің өрт сөндірушілерінің жетістігі. Біздің еңбегімізді елеп, ескергендеріңіз үшін алғыс айтамын. Рухты, намысшыл жастарымыз көп болсын! — дейді Елдос Нұртазаев.
Сонымен қатар Елдос әлеуметтік желілердегі өз парақшаларын белсенді жүргізеді, онда әріптестерінің күнделікті ерліктерімен таныстырады және халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға үлес қосуда.