Басты бет » Жаңалықтар » 21 қыркүйекте Жастар театры жаңа маусымның шымылдығын түреді

21 қыркүйекте Жастар театры жаңа маусымның шымылдығын түреді

21 қыркүйекте Астана қалалық «Жастар  театры» жаңа ХVІІ театр маусымын  Н.Гогольдің  «Ревизор» қойылымымен ашпақ.

Қойылым режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты  Нұрқанат Жақыпбай.

Еліміз үшін маңызды оқиғалар ортасынан табылып, үнемі өз үнін қосып келе жатқан елорданың төл перзенті – Астана қаласы әкімдігінің «ЖАСТАР ТЕАТРЫ» ұжымы Тәуелсіз мемлекетіміздің кемелденуіне ықпал етер игі бастамалардың әр кез басы-қасынан табылып келеді. Мемлекеттік жоспарға сай талантты шығармашылық ұжым театрымыздың тағылымы мол, мазмұндық мәні бай репертуарымен өз көрерменін жан-жақты таныстыруда. Жаңа маусымда өнер ұжымы өз көрерменімен сағына қауышға дайын.

Көптеген режиссер мен актер шығармашылығының қиялына ерік берген Н.Гогольдің «Ревизоры» Жастар театрының сахнасында өзгеше екпінмен, ерекше шабытпен, қайталанусыз бағытпен театр әлеміне жол тартты.

Мұнда бірде-бір жағымды кейіпкер жоқ. Олардың бітім-болмысы көзбояушылықтан, жағымпаздықтан тұрады. Қойылым қоғамымыздағы осы тектес келеңсіздіктерді заманауи пайымдап, аяусыз әжуалайды.