Басты бет » Жаңалықтар » ҒАСЫР ЖАСАҒАН АУЫЛ

ҒАСЫР ЖАСАҒАН АУЫЛ

Теректі ауданы Ақжайық ауылдық округіне қарасты Талпын ауылының құрылғанына 100 жыл. Талпынның ғасырлық тарихы сонау ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастау алған. Бұл – қазақ даласында Кеңес үкіметінің жаңа орнаған кезі болатын. 1923 жылдың көктемінде 20 үй кедей шаруалар өзара бірігіп,  «Талпын» балық аулау артелін құрды. Арада үш жыл өткенде балық аулау артелі негізінде Талпын колхозы құрылады.  Бүгінде Талпын ауылы – төрт түлікті түлеткен, тұрмысы түзу, берекелі ауылдардың бірі.  Өткен  тарих куәсі, ғасырлық ғұмыры бар ауыл мерейтойын дүбірлетіп өткізді. Талпын ауылынан түлеп ұшқан азаматтардың қолдауымен ат шаптырып, той тойланды. «Топырағы текті – Та пыным» атты мерекелік шараға арнайы келген аудан басшысы Әлия Мұханбетжанова ақ тілегін білдірді.

– Аудан тарихы үшін бұл елеулі оқиға. Осындай ұлан-асыр той жасап жатқан  Талпын ауылының тұрғындарына алғысымды білдіремін. Ұйымшылдық пен бірліктің арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Елдің дамуы жолында тер төккен аға-апаларымыз аман, еліміз тыныш болсын, – деді өз сөзінде.

«Ауылға барам, бәріде туыс ел жақта» деп әндеткен қонақтар түкпір-түкпірден ағылды. Ауыл өнерпаздары мен ел ішінде, жиын-тойларда ортаны аузына қаратып жүрген өнерпаздар құйқылжыта ән салды. Ұйымдастырушылар  ауылдың дамуы мен өркендеуінде үлес қосқан бір топ еңбек ардагерлерінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Ауданның Құрметті азаматы Амангелді Шұғаепов пен аудандық «Бәйге» федерациясының төрағасы, атбегі Кәкім Темірге аудан әкімі Әлия Биғазықызы атынан алғысхат табысталды. Сыйлықтар легі онымен тоқтамады, 1986 жылғылар жиналып, «Киіз үй» сертификатын ұсынды.

Көпшілік асыға күткен мерейтойдың басты шарасы – ат бәйгесі. Бәйге жүлдеқоры – 2 млн 400 мың теңге ақшалай сыйлық және 3 құнан, 2 тай. Аламан бәйгенің бас жүлдесі – 1 млн теңге! Бәйгеге іргелес ауылдардан бөлек, Орал, Ақсай, Ақтөбе қалалары мен Ақжайық, Шыңғырлау аудандарынан да атбегілер  үкілеп тұлпарларын қосты. Бәйге  десе делебесі қозатын ағайындар қиқуға басып, шабандоздарды қолдады. Алдымен 3 шақырымдық  «Тай жарыста» ақтөбелік «Ниязбек» тұлпары (шабандозы Мансұр) топ бастады.  Екі айналым, яғни 6 шақырым «Құнан жарыста» да ақтөбелік «Бозторғай» (шабандозы Бекжан) мәре сызығын бірінші болып кесіп, құнанды жетекке алды. Аламан бәйгеде  шашасына шаң жұқтырмай шапқан Талпын ауылының тұрғыны Кәкім Темірдің таза қанды ағылшын тұлпары «Тасқын» мен жүйрікті  тізгіндеген шабандоз  Қобыланды Хобдабаев бас жүлде 1 миллион теңгені иемденді.  100 жасаған ауыл тойында  ұлттық ойындар – қыз қуу, қазақша күрес, қой көтеру өткізілді. Оза шауып, жеңіске жеткендерге той ұйымдастырушылар сый-сияпат жасады.

 

 

 

 

Балнұр ҚАНАЕВА,

Теректі ауданы