Басты бет » Жаңалықтар » ТЕКТІЛІК – ЖЕРДЕН, ӨНЕР – ЕЛДЕН

ТЕКТІЛІК – ЖЕРДЕН, ӨНЕР – ЕЛДЕН

Батыс Қазақстанның бас сахнасы – «Атамекен» өнер ордасы теректілік өнерпаздардың шабытымен шалқыды.

Батыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған «Туған жерім – тұғырым» халық шығармашылығының облыстық фестивалі шеңберіндегі кеште әдемілік пен әсемдік, талант пен ауызбірлік салтанат құрды.

Ең алдымен, қолөнер мен тума туындыларын паш еткен теректіліктер шеруін Подстепное ауылының тұрғыны, этно-дизайнер Жәмилә Өтепқалиеваның «АMANAT» топтамасы ашты.

Ұлттық нақыштағы бұйымдар, көз тартар әшекейлерден бастап, тұмса қылқаламшылардың туындысына дейін қойылған көрме басында тек тамсанып-тамашалап қоймай, ұнаған дүниені сатып алғандар да болды.

«Атамекеннің» көрермен залы лық толды.

Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев бастаған лауазымды тұлғалар, Теректінің құрметті ардагерлері, тамыры Теректіден шыққан оралдықтар… Әйтеуір, сыймағандары жоғарыдағы қылтимаға кетті.

Үлгілі «Жұлдыз» би ансамблі «Шаттық» биімен ашқан концертті «Ақжелең» фольклорлық ансамблі жалғастырып әкетті.

Сахнаға ұл мен қызын жетектей шыққан жас отбасы «Теректі –текті мекенім» тақырыбын кең ашып жеткізді. «Ия, Теректі талай тектілерге мекен болған қоныс. Күмбезі сонадайдан көз тартатын Тақсай ханшайымы бар. Жаугершілік замандарда осы ұлан-ғайыр атырапты жаудан аттың үстінде жүріп қорғаған. Қазақтың ұлы ақыны Абай атаңды білесің ғой? Сол Абай атаңның өзі талантына тәнті болған Марабайдай жырау өткен Теректіде. Сенің туған жерің ханға да, төреге де кенде болмаған. Айшуақ және Жантөре хан жортқан жер бұл. Ұлттық мұрат жолында қызмет еткен тектілер дегеніміз осы тұлғалар. Сондықтан сен Теректіңмен кеудеңді керіп тұрып мақтануға тиістісің. Ең бастысы, тарихыңды ұмытпа. Тарихы жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Ұқтың ба?» деген әке сөзі Теректінің терең тамырынан сыр жеткізді.

Әрі қарай әнді – би, жырды – терме жалғастырған кеште теректілік ақын-композиторлардың туындылары орындалды. Әнін Д.Жұмагалиев, сөзін Д.Мұштанова жазған «Асыл мекенім», А.Дәулетқалиев пен Ә.Орынбасаровтың «Рәміздерім қадірлім» әндері кеш тақырыбын аша түсті.

Көп ұлтты Теректінің бейнесін орыстың халық әні «Деревня четыре двора» орындаған «Теректиночка» вокалдық тобы мен бимен әр берген «Жұлдыз» би ансамблі көрсетті.

Үлгілі «Өркен» балалар вокалдық ансамблі, «Домбыра» дәстүрлі ән-терме үйірмесінің тәрбиеленушілері Теректіде өнерлі ұрпақ өсіп келе жатырғанын паш етті.

Жезтаңдай әнші ғана бағындыра алар «Бұлбұл» әнін салған өспірім Айсезім Тлекқабылдың шеберлігі мен сахналық бейнесіне тәнті болмаған адам қалмаған шығар…

Биыл 90-жылдық мерейтойы үстінде отырған Теректі ауданы өнерпаздарының концертінің қай сәтін алсаң да, «тамаша», «ғажап» деген теңеу айтуға болады.

Жерлестерін қолдауға келген танымал әнші Марат Сарбөпеев «Родная земля» әнін орындап, туған жерге ыстық көңілін жеткізді.

Кеш бойы өнерпаздарға қошемет көрсетіп, қолдап отырған көрермендер ықыластарын гүл шоқтарымен білдіріп жатты.

Бір демде өткен кешті қол ұстасып сахнаға шыққан жас отбасы:

Бала Хамза:

Тілімнің ғаламатын таза білдім,

Өткенімді өрнектеп жаза білдім.

Ұлықтаймын тарихын Теректімнің

Ұмытпаймын тарихын қазағымның!

Анасы:

Дәріптеп, насихаттап ұлыны біз,

Мағынамен жылжиды ғұмырымыз.

Отанымыз өркендеп, өсе берсін,

Туған жер болады ғой тұғырымыз!

Қызы:

Алға қарай қарыштап думанды елім,

Мықтылығым сезілер Тудан менің.

Теректім – даңқың артсын жылдан -жылға

Жасай бер, жаңара бер, туған жерім!

 

Әкесі:

Өсиет пен өнеге бар танымыңда,

Қызда иба,

Намыс та бар ұлыңда.

Бабаларым еңбекпен салып өткен,

Тоқсан жылдық тарих бар тамырыңда!

 

Құтылған қиындық пен бұғауданда,

Ақыны да,

Батыры,

Жырау мында.

Тарихынан ешқашан ұялмайтын,

Ұрпақ өсіп келеді бұл ауданда!

 

Ауданыммен мақтанар себеп бүгін,

Туған жердің жырға қосып желек, гүлін.

Таңғалдырып осынау дүниені,

Ән қыламыз толқындарын Теректінің! – деп түйіндеді.

Артынша сахнаға шыққан өнерпаздар «Теректі толқыны» әнімен кеш нүктесін қойды.

Батыс Қазақстан облысы әкімі текті Теректіге ілтипат білдіріп, ықылас гүлін сыйлады.

Сахнаға көтерілген Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова қошемет көрсеткен көрерменге алғыс айтты.

21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында өз өнерін халыққа тарту еткен өнерпаз жандарға ризашылығын білдірген Әлия Биғазықызы фестивальдің қорытынды кешінде өнер көрсетіп, сіздермен тағы да қауышайық деген тілегін жеткізді.

Ғасырға тарта тарихы бар Теректі, жылнамасын бағзыдан тарқатқан Теректі – тектілер мекені. Талапты да талантты жандар мекендеген Теректінің әлеуеті зор.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Теректінің туынды кешіне өте жоғары баға берді.

Фестиваль шеңберінде төртінші болып өнер көрсеткен Теректінің халықтан алған ықыласы алда өнер көрсететін аудандарға жұғысты болсын!

Ендеше тағы да кездескенше, көрермен!

Камелия ӨТЕУ,

Теректі ауданы