Басты бет » Жаңалықтар » Сиыр жылынан күтеріміз көп

Сиыр жылынан күтеріміз көп

Уақыт сырғып, сиыр жылы да босағадан аттады. Жаңа жылды 22 наурыздан бастап есептейтін қазақ халқы Зеңгі баба жылын жайлы, табысты жыл деп санайды.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, сиыр жылы біраз маңызды оқиғалар орын алды. Мысалы, 1433 жылы қазақ хандығының құрылуына ықпал еткен саяси қайраткер, Моғолстан билеушісі Есен-бұға хан тағына отырса, 1457 жылы Көшпелі өзбектер мемлекетінің басшысы Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде ойраттардан оңбай жеңіліп, Керей мен Жәнібек сұлтандар қазақ хандығының негізін қалауға үлкен мүмкіндік алған болатын. Дәл осы сиыр жылында, яғни 1733 жылы атақты Қанжығалы Бөгенбай батыр жоңғарлардың көсемі Қалдан Сереннің Ордасын шапса, 1745 жылы осы қонтайшының қазасы жоңғарлардың өзара қырқысып, кейін мемлекет ретінде жойылуына алғышарт жасады.

Жаңа заман кезеңінде де ауыз толтырып айтуға тұратын оқиғалар жеткілікті болды. 1841 жылы Бөкей Ордасында Жәңгір ханның бастамасымен алғашқы қазақ мектебі ашылса, 1913 жылы 2 ақпанда иісі қазақтың алдаспанына айналған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. 1925 жылы әнші Әміре Қашаубаевтың Париж төрінде қазақ әуендерін әуелете шырқауы, 1961 жылы қазақ төріндегі «Байқоңыр» айлағынан алғашқы адамның ғарышқа сапар шегуі Зеңгі бабаның еншісінде.

Тәуелсіз Қазақстан өмірінде де сиыр жылы ұлт үшін маңызды шешімдердің қабылдануымен есте қалды. 1997 жылы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы қабылданып, жылдың өзі «Жалпыұлттық татулық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып жарияланды. 2009 жылы елордада «Қазақ елі» монументі, Тәуелсіздік сарайы, Орталық концерт залы, футбол стадионы сияқты ірі объектілер ашылып, халықтың пайдалануына берілді. Әрине, өмір болғасын келеңсіз оқиғалар да орын алып тұратындығы белгілі. Мысалы, сиыр жылы жоңғарлар Оңтүстік Қазақстан өңіріне шабуылын күшейтіп, халықты қанға бөктірсе (1685 жыл), Кеңес Одағы ұлт зиялыларын қудалауды (1937 жыл) күшейтті.Қалай болғанда алда келе жатырған Сиыр жылы табысты жыл болса дейміз! Қазақта «Тышқан жылы — тыныштық, сиыр жылы — сыйлық» деген сөз бар. Еліміздің Тышқан жылы әкелген індеттен аман-есен құтылуына, сөйтіп мамыражай өміріне қайта оралуына тілекшіміз!

Саялбек Ғиззатов,

тарихшы

Пікір жазу