Елордада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Ұлттық домбыра күніне арналған «Әлемді күймен әлділеп…» атты концерт өтті.

Іс-шара аясында көрерменге ұлттық мәдени мұра: халық әндері мен күйлері ұсынылды.

Жақында Мемлекет басшысы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнінде сөйлеген сөзінде домбыра біздің тарихымыздың терең тамыры бар оқиғаларының куәгері екенін тілге тиек етті.

«Мерейлі мереке өнерімізді өрге шығарып, тұтастығымызды нығайта түсу үшін керек. Мен ұлттық құндылықты ұлықтайтын бастамаларды барынша дәріптеу қажет деп санаймын. Домбыра күні соның айқын көрінісі болуға тиіс», –  деді Президент.

Мерекелік концертке ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, қоғам қайраткерлері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты іс-шарада елорда тұрғындары мен қонақтары үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары және қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Атап айтқанда, Қазақстанның Халық әртісі Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, «Құрмет» орденінің иегері Олжас Сүлейменов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бекболат Әбдіберікұлы және басқалары. 

Сонымен қатар концертке Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония, «Қазақ квартеті» қазақ ішекті квартеті, «Hassak» этно-фольклорлық ансамблі және «Ұлытау» тобы қатысты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі