Басты бет » Жаңалықтар » Жас әнші Ержан Максим әлемдік байқаудан гран-при жеңіп алды

Жас әнші Ержан Максим әлемдік байқаудан гран-при жеңіп алды

 

Жас әнші Ержан Максим WAF AWARDS премиясына және WAF CONTEST байқауына қатысып, гран-при жеңіп алды. Оған 16 елден 32 өнерпаз қатысқан. Байқаудағы жеңісі туралы әнші Instagram парақшасында жазды.

«Ең әуелі Аллаға шүкіршілік айтамын және бар дұға-тілектерін жаудырып жатқан еліме ерекше алғысымды білдіремін. Мен WAF AWARDS премиясына және WAF CONTEST байқауына қатысып, гран-приді жеңіп алдым. Осы WAF AWARDS жүлдесіне әлемнің түкпір түкпірінен 12 бала таңдалыпты.

Соның ішінде мен де шақырту алдым. Жарысқа 16 елден 32 бала келіпті. Алғашында «байқауға қатысамын» деп ойлаған жоқпын. Осы жеңісімді барша қазақ еліне арнаймын және көк туымыз көкте, әлемде желбірей берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш боп, жеңістерге, биіктерге көтеріле берейік», — деп жазды Ержан Максим.

Байқауда отандасымыз Алтынай Төлеген де екі жүлделі орынды иеленді.

«Екі жүлде алдым. Біріншісі — WAF AWARDS премиясының иегері және екіншісі — WAF Contest байқауының екінші орын жүлдесі. Құттықтап қойсаңыздар болады», — деп жазды Алтынай Төлеген Instagram парақшасында. Ал желі қолданушылары жас өнерпаздарды жеңісімен құттықтады.