Басты бет » Жаңалықтар » ҮЗДІК ДЫБЫС РЕЖИССЕРІ

ҮЗДІК ДЫБЫС РЕЖИССЕРІ

   Театрға келген әр көрермен спектакльге қызығушылығы өз алдына, дыбыстық көркемделуіне де өзгеше мән береді. Бұл ретте қойылымдарға әртүрлі дыбыстық эффектілерді қосып, музыкамен әрлеуші маман дыбыс режиссерінің орны ерекше.

2

Киелі өнер шаңырағымызда дыбыс режиссері болып Ержан Қажымов қызмет атқарып келеді. Өз ісінің білікті маманы Ержан Құбашұлы 1973 жылы 8 тамызда Орал қаласында көрегенді әрі тәрбиелі отбасында дүниеге келген. Әкесі Қазақстанның құрметті журналисі Құбаш Қажымов ҚР еңбек сіңірген мəдениет қызметкері, облыстық радио-телевидениеде режиссер, «Орал өңірі» газетінде аға тілші болып қызмет атқарған. Ол режиссер Айман Қуатовамен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кәсіби музыкант, әнші Мақсот Омарғалиев ағамызбен әріптес болған. Анасы – елге өте сыйлы, ұстаз Айдай Есқалиева. Ержан Орал қаласындағы №32 орта мектебінде білім алды. Оның саз әлеміне, әуенге деген құштарлығы, яғни мамандық таңдаудағы алғашқы қадамы осы мектеп қабырғасынан бастау алды. Музыка деген құдірет қой. Оны кім жақсы көрмейді? Би кешінің музыкалық бағдарламасын жүргізуші ретінде сол кезде DJ немесе disc jockey болып, апараттарды басқарды. Бұл туралы кейіпкеріміз:

– Әлі есімде менде кассеталық «Романтик М-306’», «Весна» магнитофоным болды. Үйде өзім қалғанда музыканың дауысын тым қатты шығарып қоятынмын, көршілер келіп ренжитін. Әр уақыттың өз сәні бар дегендей, үстімде таза былғарыдан тігілген куртка, қолымда үнемі аудиокассеталар жүретін. Сол кездің өзінде қазіргідей интернет жоқ, жаңа шыққан әндерді достарыма көшіріп беретінмін. Одан қала берді Ақтөбе облысындағы «Қазақстанның алтын кітабына» енген Социалистік Еңбек Ері Есмағұл Өтебаев деген нағашы атам, адам денсаулығына оң ықпал ететін, ең пайдалы деп бау-бақша дақылдарын өсіруге, балық аулауға үйретті. Жастайымнан еңбекке араластым. Мектеп бітірместен жастар бригадирі болып Ремзаводта  металдан жасалған бөлшектерді жасау үшін айналмалы дайындамаларды өңдейтін маман токарь болып жұмыс жасадым, – дейді.

1

Сол кездері Ержан Саратов политехникалық институтына инженер-механик бөліміне оқуға түсуге дайындалып жүргенінде Орал қаласында қазақ драма театры ашылғалы жатырғанын естіп, сол жерге қызметке тұрып, қазақ өнеріне үлес қосуды ұйғарады.

– Бір күні біздің Ремзавод ауданында театр ашылайын деп жатыр, мамандар тапшы әртүрлі қызмет ұсынып жатырған көрінеді дегенді естідім. Сол кездегі театр директоры Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Амантай Сұлтанғалиев ағамыз еңбек жолыммен танысып, жалақысы аз болса да, бұл жерде еңбек етемін деген адамға бәрі бар деді. Керемет игі іске менде өз үлесімді қосайын деп шештім. Театр шымылдығы 1993 жылы 16 желтоқсанда М. Әуезовтың «Қарагөз» (реж. Ж. Есенбеков) трагедиясымен ашылды. Сол кезде Сергей Легостаев, Серік Мамытов үшеуміз жарық беруші қызметін атқардық. Дыбыс операторы Райымбек Камалов болатын, алты айдан соң сол кісінің қасына ауыстым, – дейді кейіпкеріміз.

Театр ашылғаннан кейін ең алғаш Ақжайық ауданына гастрольдік сапармен барып, Ш. Башбеков «Шойын қатын» (реж. Е. Жылқышинов) комедиясын қойды. Сөйтіп, Г. Жақыпова, Т. Имашев, С. Сембаев, М. Ахманов, Х. Нұғыманова, С. Әуелбаев, т.б. әртістермен бірге өнер сапарларын бастады. Мiне, содан берi жиырма алты жыл уақыт өтiптi. Осы аралықта ол елімізге танымал көптеген театр режиссерлерімен бірлесіп жұмыс жасады. Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Дыбыс режиссерінің жұмысы жауапкершілігі мол, көп ізденісті, төзімділікті қажет етеді. Пьесаны толықтай түсініп оқып шығу өз алдына, режиссердің ойын дәл тауып, сценография, кейіпкерлердің костюмі арқылы оқиғаны музыкамен көрсете білу оңай емес.

5

– Дыбыс режиссерлерінің жұмысы бұрындары тіптен қиын болды, себебі қойылымдарға музыканы, дыбыстық эффектілерді пластинкадан, ленталы кассетадан көшіретінбіз. Күн-түн демей, ізденісте еңбектенетінбіз. Болмаған сәтте облыстық теле-және радио компанияларынан көмек сұрайтынбыз. Біздің бағымызға орай театрымызға орасан еңбек сіңірген, қазіргі уақытқа дейін көптеген қойылымдарға музыка жазған әнші, композитор-аранжировщик Жаскелең Ғайсағалиев. 1995 жылдары қиын уақыт, жалақы уақытылы берілмейді. Театрға қаражат түсіру керек. Сол кезде театр әртістері «Тамаша» ойын-сауық отауын көрерменге ұсындық, соған Жаскелең біраз әндер жазды. Режиссер Елкен Жылқышинов ағамыз сахналаған Е. Домбаевтың  «Айналайын, ақ келін» музыкалық комедиясында да Yamaha PSR-F51 апаратурасымен Тельман Ханзалиев екеуі ән жазып, аранжировка жасап түгел музыкамен көркемдеді, – дейді Ержан Құбашұлы.

Отбасы – ынтымақ пен берекенің алтын қазығы. Ержан театрда өзінің өмірлік жары Лиля Мұратқызымен кездесіп, 1997 жылы шаңырақ көтерді. Ержанның жұбайы Лиля Мұратқызы 2013 жылы Қазақстан театр қайраткерлері одағы «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығын иеленді. Үлкен ұлы Мадияр Құбашев Мәскеу қаласында мемлекеттік «Дубна» университетінде оқиды. Екінші ұлы Данияр Құбашев «Білім-Инновация» лицейінде 11 сыныпта оқиды, қызы Айкөркем №24 мектепте үшінші сыныпта оқиды.

4

Өнер саласында еңбек, өмірлік тәжірибе өз алдына білім де керек. 2002 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік инстутының мәдениет және өнер факультеті «Режиссура бөлімін» бітірді. Дипломдық жұмысын У. Шекспирдің шығармасымен қорғап, мемлекеттік емтихан төрағасы Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Тұяқберді Шәмеловтің тарапынан жоғары бағаланды. Сол жылы 11 қыркүйекте Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры жаңа ғимаратқа көшті. Театр репертуары артты, мерекелік шаралар бұрынғыдан да қарқынды жүре бастады. Бұл туралы Ержан:

– Сол кезде театрға жас актерлер Нұрфат Вахитов пен Алмас Шоманды дыбыс операторлығына қызметке келді. Кейін рөлдері көбейген кезде қолдары босамады. Қазір бірі Нұр-Сұлтан, бірі Алматы қаласында жұмыс жасап жатыр. Сосын Қайырбек Қабошев менің көмекшім болды. Бәрі де керемет, еңбекқор азаматтар. Біз отбасымызбен Асқар Бекчурин ағамызбен жақсы араласамыз. Бір күні Асқар аға «Менің ұлым Ерлан музыка жазады. Тыңдап, бағытын қарап көрсең» деді. Барып аранжировкасын тыңдап, кәсіби жұмыс жасағанына өзім таң қалдым. Ол кезде Ерлан Бекчурин он үш жаста болатын. Бірден театрымыздың директоры Құжырғали ағамызға маған осындай кәсіби маман керек екенін айттым. Ол Ерланды бірден жұмысқа алды. Ерлан театрға келген соң бағыт беріп А. Атымтаева «Кім патша?», Е. Шварц «Золушка» (реж. С. Әбуов) ертегілерінен бастап М. Әуезов «Абай» спектакліне дейін біраз музыка жазды. Қазір Ерлан Асқарұлы әлем сахнасының жұлдызы Димаш Құдайбергеновтің саунд-продюсер және аранжировщигі. Жақында «Optimizm.kz» ақпараттық-сараптамалық порталына берген сұқбатында менің еңбегімді атап өткен екен. Онысына рахмет! – дейді.

Театр десе көрермен көз алдында актерлерді елестететеді. Бірақ сахна шымылдығының сыртында қаншама тер төгіп жүрген, көзге көрінбейтін өз кәсібінің мамандары бар. Оларды халық біле бермеуі де мүмкін. Қазір «Қазақстан театрлар ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасы театр қайраткерлері одағы актерлерден бөлек, театр өнеріне өзіндік үлес қосып жүрген білікті мамандарға марапаттар табыстауда. 17 желтоқсан күні Тәуелсіздік мерекесіне орай Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан театрлар ассоциациясының ұйымдастыруымен  «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Сол салтанатты жиында Ержан Қажымов «Сахнагер-2019» жеңімпазы атанды.

3

– Бұл мен үшін күтпеген сый болды. Толқу болды, «Сахнагер-2019» жеңімпазы атанғанымда бойымды зор қуаныш кернеді. Расында да, ұзақ жылғы еңбегімді бағалаған Қазақстан Театрлар Ассоциациясының Президенті, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов ағамызға, театрымыздың директоры Салтанат Мақсотқызына, ұжымыма шексіз алғысымды білдіремін! – деп ол өз алғысын жеткізді.

Осылайша, өнер ордасында, өнерпаздар ортасында біліктілікпен еңбек етіп, театр қойылымдарының әуенмен әрленіп, түрлі дыбыстармен мазмұнды сахналануына күш салып жүрген театрымыздың дыбыс режиссері Ержан Құбашұлы өз ісінің майталман маманы ретінде қандай да марапатқа лайық!

Самал Әбуов,

Х. Бөкеева атындағы

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының

актеры әрі бас режиссері 

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*