Басты бет » Жаңалықтар » Қазақ баласы дүние жүзін мойындатты

Қазақ баласы дүние жүзін мойындатты

Біздің анықтама

Бақыт Ерасыл Шерниязұлы

2016 жылы самбодан БҚО чемпионы;

2017, 2018 жылы самбодан жастар және жөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері;

2017 жылы самбодан жасөспірімдер арасында Әлем, Азия чемпионатының күміс жүлдегері;

Самбодан дәстүрлі Асқар Шайхиевті еске алуға арналған халықаралық турнирдің  (2016, 2017, 2018, 2019 жылдары) жеңімпазы;

Бірнеше халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпаз-жүлдегері.

  FB_IMG_1571216825317

Спорт – намыстың оты, шеберліктің шоқтығы, елдің еленуі, денсаулық дәнекері. Ең бастысы, мемлекеттің мерейі. Табысы сол, туған елдің Туы төрге озып, Әнұраны асқақтайды. Осындай нар жүгіндей ауыр тәуекелге баруға екінің бірінде жүрек дауалай бермейді. Ерасылдың өмірлік мұраты биік межені бағындыру болса, спортты серік етті, маңдай терге малшынып, ерінбей еңбектенді. Қазақтың қара баласының қасиетін боз кілемде байқатты, шаршы топтан суырылып шығып, биік деңгейге көтерілді. Жақында жылына бір-ақ рет байрағы желбірейтін самбодан жастар және жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.

Алақандай ауылдан шықса да Алатаудай айбарлы, бүгінде бір әулеттің емес дүйім елдің мақтанышына айналған Бақыт Ерасыл Шерниязұлын сұқбат алаңына шақырып, еркін әңгімелесудің сәті түскен еді. Оның республикалық, халықаралық аламандағы айшықты орнын, өмірлік ұстанымын, азаматқа тән айбындылығын арқау еткен пікірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

466

 

– Ерасыл елге қош келдің! Спорттағы жарқын жеңісің құтты болсын! Сенің бұл жеңісіңе дүйім жұртшылық қуануда. Соның ішінде жерлестерің жаңақалалықтардың қуанышы тіптен бөлек. Жалпы, жарыстан алған әсеріңмен бөлісе отырсаң.

– Үлкен рахмет! Алла разы болсын. Бұл дүбірлі дода мен үшін маңыздың жарыстардың бірі болды. Өзбекстан астанасы Ташкент шаһарында өткен самбодан жастар және жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әлемнің елуден астам елінен палуандар қатысып, жүлделерді сарапқа салды. Мұндай беделді бәсекеге кез-келген адам қатыса алмайтыны айдан анық. Алдымен арнайы жолдама алып, іріктеу кезеңінен өту керек. ҚР чемпионатын ұтсаңыз ғана әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік аласыз. Биылғы жылы бір Алланың қалауымен Алматы қаласында өткен ел біріншілігінде жеңімпаз атанып, жолдама алған болатынмын.

– Біздер әлеуметтік желіде финалдық белдесудің соңғы сәттерін ғана көре алдық. Оған дейін неше кездесу өткіздің?

– Финалға дейін екі белдесу өткіздім. Бірінші украйндық, содан кейін Түркіменстан палуанымен кездесіп, таза жеңдім. Ақтық айқаста тәжік палуанының қапысын тауып, ұтып, жеңіске жеттім.

– Қай кездесу қиынға соқты?

– Жалпы, қай кездесу де оңай болмайды. Бірақ ең қиынға соққаны – финалдық белдесу.

– «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» дейді қазақ. Ерасыл ендігі кезекте өзіңнің туған жеріңді, өскен ортаңды, білім алған мектебіңді айтып берсең?

– Әр азаматтың туған жері – Мысыр шаһары, әлемнің жеті кереметінен де жоғары тұрады. Ақындар мен батырлардың, күйшілер мен дүлдүлдердің табан ізі қалған тектілердің топырағы маған да мұқалмас қайрат берді, әкемнің өсиеті әл-қуат сыйлады, анамның ақ сүті қаныма қасиет қондырды.

Үйдің тұңғышымын. Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылына қарасты Жуалыой елді мекенінде 1999 жылы  13 қаңтарда дүниеге келдім. Сол ауылда Х. Нұрымғалиев атындағы негізгі мектептің табалдырығын аттап, 5-сыныпқа дейін білім алдым. Әкем Шернияз осы мектепте директор болып жұмыс жасады. 2009 жылы дала өрті оқиғасынан әкеміз дүние салды. Кейін отбасылық жағдайға  байланысты 2010 жылы аудан орталығына көшіп бардық.  Жаңақала орта мектебінде 5-сыныптан 9-сыныпқа дейін оқыдым.

450

– Спортқа деген сүйіспеншілік қалай оянды?

— Бала кезде адамда арман көп болады ғой. Ақын болсам деп те армандадым. Бірақ спортқа деген құлшынысым басымдау болды. Содан 7-сыныптардан бастап күрес үйрмесіне барып жүрдім. Ол кезде ауылда Ернар Ғұбайдуллин деген ағамыз жаттықтырып, дзюдо күресінің әліппесін үйретті. Аракідік Марат Есмағұлов ағайдан да ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие алып, күрестің қыр-сырын меңгердім.

– Әдебиетке жақын екеніңізді білеміз. Қазір өлең жазасың ба?

– Иә, мектеп кезінде түрлі тақырыптарда өлең жазғаным рас. Алайда қазір өлеңнен алыстап кеттім. Біржолата күреске бетбұрғасын шығар, мүмкін.

– Спортшының бабы бапкеріне байланысты. Бапкерің жөнінде не айтасың?

– 9-сынып бітіріп ауылдан қалаға келген кезімнен бері Бірлес Есенғалиевтің қол астында жаттығамын. Бапкерім осал адам емес. Айта кетсем, самбодан жастар арасында әлем чемпионы,  ересектер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Бірлес ұстазымның спорттан бөлек адамдығы, азаматтығы бір төбе. Былайша айтқанда қалаға келгелі екінші әкемдей болып кеткен жан. Қашанда қамқорлап, қол ұшын созып, моральдық-материалдық жағынан көмектесіп, мені туған бауырындай көретін Бірлес Идятұлына айтар алғысым шексіз. Сонымен қатар, жеке бапкерімнен басқа Райбек Меңдіғалиев, Нүфтолла Түменов, Талғат Балмағанбетов сынды жаттықтырушыларға алғыс білдіремін. Мұнан бөлек жарысқа барарда қаражат жағын шешіп, демеушілік жасап жүрген кәсіпкер Саламат Сертеков, Бейбіт сынды ағаларымыздың Алла кәсібіне береке берсін деп тілеймін!

– Ізіңнен басып, артыңнан еріп келе жатқан іні-қарындастарыңа қандай кеңес айтасың?

 Ең бірінші өзіне нақты мақсат қоя білуі керек. Сосын сол мақсатқа жету жолында аянбай, маңдай теріңді төгіп еңбек ету қажет. Қандай да бір жетістікке жетем десең, бос уақытыңды тиімді пайдалану керек деп ойлаймын.  Әр жас жеткіншек бос уақытында кітап оқып, жаттығу жасап, пайдалы іспен айналысса өзінің денсаулығына да, қоғамға да үлкен үлесін тигізері анық. «Тамшыда тама-тама тас жарады» демекші, үздіксіз еңбек еткен жанның жүзі жарқын, көңілі сергек, денсаулығы мығым болады деп ойлаймын.

449

– Спортшыларды қолдауға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға көңілің тола ма?

– Иә, әрине. Біздердей жастарға қолдау жетерлік. Мәселен, ҚР чемпионатрын ұтқаннан кейін шәкіртақы тағайындады. Соның өзі аш құрсақ студентке үлкен көмек.

– Жаңақала ауданына шыққан тұңғыш әлем чемпионысың. Жеңісіңді кімге арнайсың?

– Бұл тек менің жеңісім емес. Елімнің жеңісі. Бірінші, Алланың қалауы, екінші, анамның, тума-туысқан, ел-жұртымның дұғасының арқасында осы жеңіске жеттім. Менің бұл жеңісімде жаныма жақын әр адамның үлесі бар. Оралға келген де құрметтеп, күтіп алған жерлестеріме ризамын. Шыны керек, ел болып қарсылағандарына қатты риза болдым.

– 52 келі салмақта чемпион атандың. Алдағы уақытта салмақ ауыстыратын ойың бар ма?

– Жалпы, самбо федерациясы биыл өзінің жаңа ережесін қабылдады. Самбо олимпиадалық спорт түрлеріне кірсе салмақтар өзгеретін болады.  Онда жеңіл салмақ 52 келі емес 58 келіден басталады. Өзгерген жағдайда 58 келіде бақ сынайтын боламын.

– Белгілі самбошы Ерболат Байбатыровтың жетістігін қайталау ойыңда бар ма?

– Оны Алла біледі. Бірақ ондай ниет жоқ емес, бар. Сол биікке жетуге талпынам. Жалпы, күрес – менің өмірім. Ал, өмірдің өзі де күрес. Демек, күресу дегеннің өзі талпыну, биікті бағындыру әрекеті деп білемін. Жалпы, өзіне сенген адам сырт көзге сыр бермеу керек.

IMG_4363

– Спорттан бөлек бос кезіңде немен әуестенесің?

– Әр адамның имани білім алған дұрыс деп есептеймін. Бос кезімде діни кітаптар оқимын. «Мұсылман баласына білім алу парыз» дейді. Сондықтан білімімді толықтырғанды жөн санаймын.

– Жас болсаңда спорттың біраз белестерін бағындырып үлгердің. Алдағы уақытта қандай жоспарың бар?

– Алдағы уақытта жастар арасында жеңімпаз болғаным секілді ересектер арасында да топ жарып, самбодан әлем чемпионы болуды армандаймын. Соған мақсат қойып, еңбектенемін.

– Әр адамның үлгі тұтатын, еліктейтін тұлғасы болады. Сен кімді үлгі тұтасың?

– Үлгі тұтатын спортшылар көп қой. Бірақ  өзіміздің облыстың атын шығарған ағаларым Бағдат Жарылғасов, Ерболат Байбатыров, Нұрбол Серіков, Болатбек Райымқұлов сынды ағалардың ерлігін құрмет тұтамын.

– Ерасылдың өмірлік ұстанымын білсек.

– Өмірге адам болып келген соң адами қалыптан ауытқымай, пендешілікке салынбай, парасат тұрғысынан пайымдай білетін, жігітке лайық жалын иесі болу – негізгі ұстанымым. Әрине, жоспар көп, аламанда атой салатындай спорттық бапты берік ұстап, ел еншісіне бағалы жүлделер салуға тырысамын. Қай спортшының да арманы – Олимпиада! Сол сәтті күндерге жетсем деген ой жадымнан шықпайды.

IMG_4368

– Спорт жолында қандай қиындақтар кездесті?

– Қиындық кез келген пенденің басында болады. Тек соны жеңе білу керек.

– Жеңіске жетудің сыры неде?

– Ынта ықылас пен төккен терде. Тауқыметке төтеп беріп, азабына бой бермеген баладан бірдеңе шығады ғой. Аянбай тірлік еткен жан сөз жоқ табысқа жетеді. Меніңше, сыры осыда.

– Ақжарма әңгімеңе көп рахмет! Талай биікті бағындыруыңа тілектеспіз. Тіл-көзден аман бол!

 Сұқбатты жүргізген

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*