Басты бет » Жаңалықтар » Жалдамалы пәтер жанға сая болмайды

Жалдамалы пәтер жанға сая болмайды

Жер бетіндегі 7 млрд. адамның бәрі бірдей бай, бақуатты емес. Олай ойлайтындар болса қателеседі. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деп атам қазақ бекер айтпаса керек-ті. Ризықты да, несібені де беретін аса қамқор Алла. Сол бір Аллаға сыйынып, егеменді ел, біртұтас халық болған соң Үкіметтен қолдау мен көмек күтетініміз кәдік. «Жүрегі» бар адамның жанына бататын жайттар көп қой мына жалғанда. Соның бірі – «Жетім бұрышты» сағалаған, жалдамалы пәтерді жағалаған, көп балалы жанұялардың ахуалы кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Егер де «әр қазақ менің жалғызым» деп өскен жан болсаң, олардың жәутең тағдырына жаның ашып, жүрегің сыздап жүрері кәміл.

IMG_2682

Кеудеңде жаның барында, жүректе жалын барында ауылдас һәм қандасыңның қиналғанын, көңіліне қайғы мен мұңның жиналғанын, тұрмыстың уысына иленгенін, азапты ғұмырға үйренгенін көргенде жанайқайыңды жоғарыға жақсылап жеткізіп, ағыл-тегіл ақтарылғың келеді-ау бір. Баспасөздің де басты мақсаты – тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түру болуы тиіс.

Бүгінгі мақаламыздың тақырыбына тұздық болып, қолымызға қалам алдырған да Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында тұратын Мұстафиндер жанұясының мүшкіл жағдайы еді.

Дүйім жұрт мәселенің мәнісін дұрыс түсіну үшін түйткілді тарқатып айтқанды жөн көрдік. Жалпы, жаңақалалықтардың бірқатары кейіпкерлеріміздің бүгінгі жағдайына қанық деп ойлаймыз. Біз де мақаламыз дәлелді болуы үшін бұл отбасының жалдап тұрып жатырған 1 бөлмелі пәтеріне бас сұғып, арнайы сұхбаттасқан едік.

 

52598031_2431064523783597_3679345628892102656_n

 

 

Аталмыш отбасының отағасы Әлібек Мұстафин 1986 жылы Жаңақазан ауылында дүниеге келіп, 1998 жылы аудан орталығына қоныс аударған. Ал жолдасы Дамира Жәрдемовамен 2009 жылы отау құрып, болашаққа нық қадам басады. Сүйіп қосылған екі жастың бақытты күндері зулап өтіп жатады. Сөйтіп, 2010 жылы тұңғыш перзенттері Жанасыл дүниеге есігін ашып, қуаныштары есленіп, шаңырақтары шаттыққа тола түседі. Кейін осы отбасыда 2013 жылғы Жанайдар есімді ұл бала, 2015 жылы Айнара атты қыз бала, 2018 жылы Жансерік атты маңдайы торсықтай тағы да ұл бала өмірге келеді.

Сырқат  бала, жабырқаулы ана

Иә, ата-ана үшін бес күн жалғанда баладан асқан бақыт та, байлық та жоқ. Бала үшін күн кешіп, әманда солардың амандығын тілейді. Ал, бауыр еті балаң сәби кезінен сырқатқа шалдықса, жаныңды қоярға жер таппай сенделіп кетерің анық. Міне, осындай ауыр жағдайға Әлібек пен Дамираның отбасыда душар болады. Айналдырған төрт перзентінің үшеуінің денсаулығынан кінәрат табылып, бүгінде соларды емдету үшін барын салып бағуда.

52335236_2431064613783588_7828675986953601024_n

IMG_2677 IMG_2679

 

– Балаларымыздың өмірге келгеніне қуанып, қылықтарына сүйсіне қарап, жайлап аяқтан тұрып кетерміз деп шүкіршілік етіп жүрген шағымызда балаларымыз сырқатқа шалдығып қатты қиналып отырмыз. Кіші баламызға ота жасатқан едік. Ол отасы ойдағыдай өтпей, екі көзі бірдей көрмей қалды, бұл да бізге ауыр соққы болып тұр. Әкесі отбасымды асыраймын деп қайсарлық танытып, сынаққа беріспеуге тырысып баққанмен, ана жүрегі бұндайды көтере алмайды екен… Үй-күйіміздің жоқтығы жанға батып тұрғаны өз алдына, балаларымның жарты құрсақ жүріп, сыз үйден ауру жұқтырғаны, одан қалса кенжетайымның көзі мүлде көрмей қалғандығы – бәрі-бәрі арқамызға аяздай батып тұр. Кейде отағасына, балаларыма көрсетпей көз жасыма ерік беремін, енді қайтейін, қолдан келер шара жоқ. Кіп-кішкентай құлынымның томпиған түріне, мөлдіреген көзіне қарап отырып, өмірі не болар екен деп алаңдаймын, мына жарық әлемді де көре алмайтынын ойлағанда денем түршігіп, өмір сүруге деген құлшынысым бәсеңдеп қалады… Жұпыны тірлігіміз, балаларымның саулықтарының жоқтығы еңсемді езіп, өмірден баз кешіп кете жаздаймын. Бірақ әйел байғұс бәріне де шыдап, өліспей беріспейді ғой. Осындай неше түрлі тұңғиық ойға батып жүріп, Алла Тағаланың мейірім шапағатынан, көрсетер жақсылығынан үміт үзгіміз келмейді, – деген Дамира Нағымғалиқызы балаларының сырқатына жеке-жеке тоқталып, толыққанды баяндап берді: – Үлкен балам Жанайдарға дәрігерлер «дисплазия» деген диагноз қойды. Ол Астана қаласында ота жасауға тіркеуде тұр. Болашақта ота сәтті жасалып, сауығып кетеді деген үміттеміз…  Дегенмен Астанаға апаруға да жол қаржысы керек. Әзірге бізде ондай мүмкіндік болмай отыр. 2015 жылы туған қызым Айнара аудандық орталық ауруханада эпелипсия, яғни талма ауруымен тіркеуде тұр. Сондай-ақ, Айнарамның тілі дұрыс шықпағаны жанға батады.  Енді кенже ұлым Жансеріктің қазіргі халі тіптен қиын. Оған облыстық көпбейінді аурухана дәрігерлері 5 бірдей диагноз қойған болатын. Жансеріктің негізгі диагнозы – спастикалық церебралды сал ауруы. Қаңтар айында қаладағы емханадан ем алдық. Бұйырса 6 айдан соң қалаға қайта барамыз. Сол кезде тексеріп, анықтап, не істеу керектігін айтады деп ойлап отырмыз. Әлі жасқа толмаған ұлымның мұндай ауыр дертке тап болғаны көңілімді қынжылтады. Біздің басымыздағы ауыртпашылықты ешкімнің басына бермесін, – деген Дамира Нағымғалиқызы періште сәбилерінің денсаулығына алаңдайтынын ашық айтты. Осыған орай аудандық орталық аурухананың балалар дәрігері Шұға Өтешовамен жолыққан едік.

– Мұстафиндер отбасындағы балалардың сырқатымен таныспын.  Жанайдарға «Жамбас буынының дисплазиясы немесе туа біткен жамбас буының шығуы» деген диагноз қойылған еді. Бұл балаға кешікпей операция жасау қажет. Ота тегін жасалады. Жол шығынына облыстық денсаулық сақтау басқармасы көмектеседі. Ал Айнараның дерті қазақша айтқанда «қояншық» ауруы. Бізде 5 жасқа толғанша тіркеуде тұрады. Қазіргі таңда тегін «Депакин» дәрісін ішіп, емделуде. Жансерікке келер болсақ, оған үлкен күтім керек. Медбикелер күнде барып, қарап, денсаулығын тексеріп отыр. Ол біздің ауруханада диспансерлік есепте. Дәрілерін алып, ішіп жатыр. Бұл баланы біз мүгедектік тағайындауға дайындау үстіндеміз. Төрт айдан соң қалаға жібереміз. Мүгедектікті жаздан қалмай алады, – деді ол.

Басты мұңы – баспана

– Белгілі бір жағдайларға байланысты былтырғы жылы ата-енемізден бөлек шығып кеттік. Содан бері тұрақты баспанымыз жоқ. Ашығын айтсақ, баспана басты мұңымыз болды. Жалдап тұрған пәтердің бірінің едені сыз болса, бірінің терезесінен жел үрлеп тұр. Әйтеуір, ақысын төлесек те жалдамалы пәтерлердің оңып тұрғаны шамалы. Осы уақытқа дейін үш пәтер ауыстырдық. Мұның алдында тұрған пәтеріміз тіптен тұруға қолайсыз болды. Соның салдарынан балаларыма суық тиіп, ауырып қалды. Сол себепті осы пәтерге көшіп келдік. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» дегендей, ендігі мақсатымыз – баспаналы болу. Егер өзіміздің жеке үйіміз болса, балаларымызға да дұрыстап күтім жасап, бағып-қағар едік. Қазір қысқа жіп күрмеуге келмей отыр. Жолдасымның қолға алатын табысы 38 мың-ақ теңге. Ол не болады, ештеңеге де жетпейді. Бәрі қымбат, пәтерге 20 мың төлейміз. Оның сыртында коммуналдық төлемі тағы бар. Оның үстіне біз ешбір үйде тіркеуде жоқпыз. Сол себепті түрлі мемлекеттік көмектерді ала алмай отырмыз, – дейді жанарына жас алып, жан сырын ақтарған көп балалы ана Д. Жәрдемова. Бұл бағытта аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне барғанымызда, аталмыш бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Д. Ғаббас Ә. Мұстафин мен Д. Жәрдемова жергілікті мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегіне  тіркелмегенін мәлімдеді. Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары Мұстафиндер отбасының тұрғылықты мекенжай анықтамасы болса, 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік алуға мүмкіндігі бар екендігін айтады.

Жаны жомарт жаңақалалықтардың назарына

Иә, 9 ай көтеріп, 9 күн толғатқан, өзегені жарып шыққан өз ұлының көз алдында солып бара жатырқандығы қай ананың көңіліне қаяу салатыны белгілі. Оның үстіне баспананың жоқтығы да ана қайғысын үдете түскендей.

Жасыратын жоқ, қазір қазақтың басты мұңы – баспана болып тұр. Бұл қасірет тіпті кешегі дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың отты жырына да арқау болған. Ақынның сол бір өлеңінде: «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, сонда да тастамаймын астанамды…» деп шамырқана үн қатуы – соның айқын дәлелі іспетті.

«Тас түскен жеріне ауыр» дейді бабаларымыз. Біз мұндай жағдайды өз басымыздан өткермегесін сезінбеуіміз де мүмкін. Дегенмен, «Көп түкірсе көл» дегендей, ақ адал ниетімізбен, жомарт жүрегімізбен, жаны жабырқаулы Мұстафиндер отбасына қолұшын созып, қолдан келгенше көмектесейік, ағайын. Елдігімізді, бірлігімізді көрсететін шақ келді. Кешегі мәрт қазақтың ұрпағы екенімізді дәлелдеп, 4 құлыншақтың алаңсыз күн кешуі үшін де  Әлібек пен Дамираға баспаналы болуға жәрдемдесейік, қадірлі жамағат.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы

 Батыс Қазақстан облысы

 

Ерік Сұлтанов, Жаңқала аудандық мешітінің бас имамы:

– Қайырымдылық – адам баласы бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адами қасиеттердің қадірлісі қайырымдылық болса, ал оны жасау қамқорлыққа зәру жандардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске қолынан келгенше көмектесіп, үлесін қосу адамның азаматтық парызы. Әрине, қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беру жомарттықтың белгісі және ондай іс тек жомарт жандардың қолынан келері анық. Қашан да алған қолдан, берген қол қайырлы деген. Осы мақсатта Мұстафиндер отбасына біздің қыржылай қолдау-көмегіміз қажет деп есептеймін. Сондықтан «жұмыла көтерген жүк жеңіл болады» демекші, бірауыздан бірлік-ынтымағымызды көрсетейік, құрметті жаңақалалықтар.

Мөлдір Серікқызы, Жаңақала ауылының тұрғыны:

– Осындай ауыр жағдайды басымнан кешкен анамын. Қызым Назайым ауыр науқастан қазан айында дүниеден озды. Содан бері мұқтаж жандарға, қатерлі дертпен ауыратын балаларға көмектесуді қолға алған болатынмын. Алдағы уақытта аудан тұрғындары қолдау білдіріп жатырса, қайырымдылық ісімен айналысқым келеді. Жансерік балапанымыздың жағдайын ақпан айынан бері білемін. Баланың нақты мекенжайы жоқ. Ата-анасы пәтерде тұрады. Болашақта осы кісілерге үй берілсе деген тілегіміз бар.

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*