Басты бет » Жаңалықтар » «Қуыршақ театрындағы «Ромео мен Джульетта» спектаклі кәсіби өсуіміздің алғашқы баспалдағы»

«Қуыршақ театрындағы «Ромео мен Джульетта» спектаклі кәсіби өсуіміздің алғашқы баспалдағы»

Жас актерлер Ғалымжан Амангелдіұлы және Салтанат Төребаевамен сұхбат 

 Еліміздегі қуыршақ театрлары арасында алғаш рет Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театры әлемдік классиканы сахналауға қадам жасады. У. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясы қуыршақтар бейнесінде сахнаға шығады. Қаңтар айының 24-25 жұлдызында көрермен назарына ұсынылатын қойылымның режиссері – Дина Жұмабаева. Аталмыш спектакльде басты кейіпкерлер Ромео мен Джульеттаны Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Драма театр және кино актері» мамандығында білім алатын 3 курс студенттері Ғалымжан Амангелдіұлы мен Салтанат Төребаева ойнайды. Кәсіби театр сахнасындағы алғашқы дебют рольдерімен құттықтай отырып, жас өнер иелерімен сұқбаттасудың сәті түскен еді.

0I8A0657

 

– Салтанат, Ғалымжан кәсіби театр сахнасындағы алғашқы қадамдарыңмен құттықтаймыз! Қуыршақ театры ұжымымен жұмыс жасау қаншалықты қиын немесе қызықты болды? Әсерлеріңізбен бөліссеңіздер?

 Ғалымжан: Үлкен рақмет! Көп қиындық болған жоқ деп айтуға болады. Себебі, біз жалпы қуыршақтарды жүргізген жоқпыз. Ромео мен Джульетта бейнесін басқа формада емес,  драма театр сахнасындағыдай сомдадық.  Бізде көбіне академияда да студенттер ұжым болып дайындаламыз. Бірақ, онда бөлек атмосферада өтеді. Біз бір-бірімізбен ақылдасып немесе «осылай жасай салайық» деген секілді дүниелерге үйренгенбіз. Ал, мұнда кәсібилік жоғары, соған орай жұмыс жасау формасы да ерекше. Режиссердің өз ұстанымдары, актерлерге қойылатын талаптары бар. Сол жағынан бізге аздап ауыр болғанымен үлкен тәжірбие болды.

Салтанат: Көп-көп рақмет! Басында әрине, кішкене қиындықтар болды. Себебі, сахнадағы серіктестеріміз қанша дегенмен кәсіби актерлер. Олардан төмен болатынымыз анық. Бірақ, тәжірибе жинақтауға үлкен көмек болды.

– Классикалық шығарманы, оның ішінде Ромео мен Джульеттаны ойнау барлық артистердің арманы деуге болады. Бұл бейнелерді сомдайтын қазақ театр актерлерінің ішінен кімдердің ойыны «үлгі боларлықтай» деп айтар едіңіздер?  

Салтанат: Маған М.Әуезов театрының актрисасы С.Бақаеваның сомдаған Джульетта бейнесі ұнайды. Үлгі ретінде ойынын қарап, өзіңе керек тұстарын алуға болады.

Ғалымжан: Мен көбіне кинодағы Ромео бейнелерін зерттеп, қарап көрдім. Жалпы, Леонардо Ди Каприо сомдаған Ромео бейнесі ерекше көңілімнен шығады. Қазақ театр актерлерінің де деңгейі жоғары. Бірақ, ешкімді қайталамауға тырысамын.  

0I8A0661

– Осы рольден кейін болашақтарыңызды қуыршақ театрымен байланыстырасыздар ма әлде басқа жоспарларыңыз бар ма?  

Салтанат: Бұл тек бастамасы деп ойлаймыз. Бір ғана қуыршақ театрымен шектеліп қалу ойымызда жоқ. Өзіміз драма театры актері мамандығында білім алатындықтан, болашақта драма театрында жұмыс жасаймыз деген үміттеміз. Бұл роль, бұл театр біз үшін үлкен білім, кәсіби маман болып қалыптасуымызға үлкен септігін тигізіп жатқан жұмыс. Сондықтан, бұл театрға үлкен рақметімізді айтамыз.

– Түсінікті. Енді осы рольдер үшін болған кастинг (іріктеу) жайында сөз қозғасақ. Қандай талаптар болды? Өзге келген үміткерлер арасынан қандай басымдықпен көзге түстіңіздер? Жалпы, кастинг қиын болды ма? 

Ғалымжан: Кастингке келген кезде «өтемін» деген үміт 20% ғана болған шығар. Себебі, көп мықты актер, актрисалар болды. Басымдық болмады деп ойлаймын, бәріміздің деңгейіміз бірдей болды. Бізге трагедиядағы Ромео мен Джульеттаның соңғы монологын жаттап орындау керек деген тапсырма берілген болатын. Қандай форматта, қалай жасайтынымызға шектеу қойған жоқ. Біздің таңдалынып алуымызға көмектескен, ол –  Салтанат екеуміз бірінші курста осы Ромео мен Джульетта ролін ойнағанбыз. Сол сахнамызды көрсеттік. Бірге дайындалған жұмысымыз болғандықтан режиссердің көңілінен шыққан шығар деп ойлаймыз.

Салтанат: Кастингке келгенде екіжақты ойда болдым. Бірақ, үміт болады ғой. Қаншама талантты қыздар келіп жатты. Кешке дейін күттім, ешкім хабарласпады. Демек, талантсыз шығармын деген ой келді. Егер, осы кастингтен өтпесем басқаларына мүлдем бармаймын деп ойладым. Сол сәтте хабарласып, таңдалып алынғанымды айтты. Өте қатты қуандым. Себебі, Дина Жұмабаевамен жұмыс жасау біз үшін үлкен қуаныш болар еді.

– Режиссермен жұмыс жасау жайында? Д. Жұмабаева еліміздегі қаншама театр ұжымымен жұмыс жасап жүрген танымал режиссерлердің бірі. Сіздермен жұмыс барысындағы қандай ерекшелгін атап айтар едіңіздер?

Салтанат: Дина Құнанбайқызы: «Штамптан құтқарамын» деп айтқан болатын. Себебі, ең алғаш кастингке келгенде тапсырылған монологты дауысымды құбылтып, кішкене әсірелеп оқығанмын. Бәрі біткен соң: «Ал, енді өз дауысыңмен айт. Маған бұлай ойнағаның қызық емес» деді (күліп). Сосын, қайталап оқыдым. Көмек көрсетіп отырды көп жерде, соның арқасында шынайы, жақсы бейне шықты деп ойлаймын. Біз бұл пьесаны классика түрінде көріп қалғанбыз. Сол стереотиптерімізден арылтып, басқаша ойлануға көп мүмкіндік берді. Әдемі көйлекпен, барлық жерде бірдей Джульеттаны емес, заманауи Джульетта бейнесін жасадық.

0I8A0720

– Қойылым біртұтас дүние ретінде өздеріңіздің көңілдеріңізден шықты ма? 

Ғалымжан: Маған қойылымның кәсіби деңгейі, жалпы толықтай жұмыс барысы ұнады. Осы спектакльге дайындықтардың бәрінен өткеннен кейін, жақында Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Ұмытыңдар оны» қойылымының премьерасына бардым. Сол спектакльді көріп отырып, менің кәсіби ойлау жүйем, сезінуім осы Ромео бейнесіне дайындық арқылы қалыптасып, өзгергенін аңғардым.

Салтанат: Ең алғаш дайындық кезінде «ол бұлай емес қой» деген секілді ойларымыз болды. Алғашында әр сахнаны жеке-жеке дайындағанда қалай болар екен деген сұрақтарымыз болды. Бірақ, үстел маңы дайындығынан (читка) бастап, әр дайындық сайын кәсіби өскенімізді аңғарып отырдық.

– Үлкен сахнадағы қадамдарыңызға алдымен ұстаздарыңыз қуанған болар. Ұстаздарыңыз рольдеріңіз жайлы қандай пікір білдірді?  

Салтанат: Иә, Тұңғышбай ағайымыз алдын ала көрсетілімді келіп көрді. Пікір білдіріп үлгерген жоқ. Емтихан болып жатқан кезең еді. Бірақ, ұстазымыз әрқашан біздің бастамаларымызға қолдау көрсетіп отырады. Сол үшін ол кісіге айтар алғысымыз шексіз. Осындай деңгейге жетіп, үлкен сахнаға қадам басып жатсақ, оның бәрі ұстаздарымыздың еңбегі деп білеміз.

– Әңгімелеріңізге үлкен рақмет! Алдағы премьераға сәттілік тілейміз!

 

Сұқбаттасқан Бейбіт Әлкеева

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Театртану» мамандандыруы, 4 курс студенті 

 

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*