Басты бет » Өнер » МЕМЛЕКЕТТІК ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ ЕКІ БІРДЕЙ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІНДЕ ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ ЕКІ БІРДЕЙ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІНДЕ ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ

381A4608

84 жылдық тарихы бар еліміздегі тұңғыш Мемлекеттік қуыршақ театры бүгінде таяқ қуыршақтан бастап, бүгінгі заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. Жаңашылдыққа жаны құмар сахнаның бұл саласы, жалпы театр өнеріне жүктелер қоғамдық салмақты тең тұрғыда көтеруде. Өнер ошағы әлемдік шығармаларды ана тілімізде сахналауымен қатар, талантты артистер мен қуыршақ шеберлерінің, режиссерлардың, суретшілердің бірнеше толқынын тәрбиелеп шығаруда. Елімізде және шетелде өткен халықаралық, республикалық театр фестивальдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыты мен бағдары да айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету,  кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу.

Ағымдағы жылдың қазан айының 22-29 күндері аралығында Тәжікстан Республикасы Душанбе қаласында өткен «ЧОДАРИ ХАЁЛ» VI Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалінен оралған өнер ұжымы араға аз уақыт салып, екі бірдей өнер додасына қайта шақырту алып, бақ сынайтынын хабарлаймыз.

381A4585

Өнер ордасы қараша айының 10-14 күндері аралығында Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында өтетін Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, режиссер, актер, ақын РҮСТЕМ ЕСДӘУЛЕТОВ атындағы кіші формада сахналанған II республикалық театр фестиваліне Еврипидтің «МЕДЕЯ» трагедиялық қойылымымен қатысады. Спектакльдің режиссері – Айдын Салбан, суретшісі – Алтынай Жүсіпәлі.

Медея қасіреті – бүгіннің емес, барлық замандар мен дәуірлердің қасіреті. Маxаббатқа құл болған Медеяның мұңы мен қайғысын әр көрермен жанымен сезінуі тиіс. Жер шарының түкпір-түкпірінде саxналанған әлемге аты мәшһүр бұл қойылым қуыршақтар бейнесінде жаңа заман маxаббатын, қоғам тынысынан сыр шертіп, фестиваль қатысушылары, сарапшылары мен көрерменге өзгеше әсер сыйлары анық.

KMS_0056-960x560

Сондай-ақ, 12-17 қараша күндері аралығында Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласында заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына орай өтетін «АЙТМАТОВ және ТЕАТР» атты Халықаралық театр фестиваліне «АНА-ЖЕР АНА» (режиссері: Дина Жұмабаева) қойылымымен қатысады. Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісі бойынша қуыршақтар бейнесінде алғаш рет сахналанған аталмыш қойылым тұтас халықтың қиян-кескі соғыс уақытында шеккен зардабын, жетімдік пен жесірліктің ауыртпалығын сезіндіреді. Спектакль жүректілік пен батылдықты қатар ұстап елін қорғауға кеткен азаматтарды зарыға аңсау, тыл еңбегінің жай-күйін еш боямасыз көрерменнің көз алдында өрбітіп, бір отбасының өмірін тұтастай көрсетеді. Режиссерлік түйін, символизм, актерлік шеберлік, музыка бір үндестікте үйлескен қойылым көрерменді бей-жай қалдырмайтыны хақ.

Театр фестивалінің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің әлемдік кеңістікте даму жолын сақтай отырып, әр елдің репертуар саясатымен кеңінен танысу, өнер ошақтарының шығармашылық тынысын бағамдау.

Фестиваль аясында негізгі бағдарламадағы қойылымдардың көрсетілімінен тыс фестиваль қатысушыларының арасында дөңгелек үстелдер мен шеберлік сағаттары, т.б. шаралар ұйымдастырылу жоспарлануда.

 

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ,

Әкімшілік және ақпарат бөлімінің меңгерушісі

                                           

 

 

 

 

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*