Басты бет » Жалынды жас » Нина Павлычева, жас журналист: «Телеарнада «Менің елім осындай» хабарын жүргіздім»

Нина Павлычева, жас журналист: «Телеарнада «Менің елім осындай» хабарын жүргіздім»

_MG_8275

Мен Нинамен оның студент шағында таныстым. Ол кезде Орал қаласындағы Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде оқитын. Қазақ тіліне жетік қыз мені тез баурап алды. Сүп-сүйкімді бойжеткен сол кезде маған айтысты сүйіп тыңдайтынын айтқанда жаныма ерекше жақын тартқан болатынмын. Өйткені, астары терең, тілі шұрайлы айтыс өнерін, оның мән-мағынасын өзге ұлт өкілдері түгелі өз қазақтарымыздың барлығы бірдей түсіне бермейтінін несіне жасырамыз.

Сонымен, біз бүгін әңгімелегелі отырған Нина Павлычева өнерге деген ынтасының арқасында жастайынан батыс өңірінің жұртшылығына танылды. Орыс мектебінде білім алғанымен кейіпкеріміз М. Мақатаев оқуларына, қазақ тілінен түрлі жарыстарға қатысып тілдік қорын жетілдірді. Ол қатысқан олимпиада, сайыстардан құралақан қайтқан емес, үнемі жүлделі орындардан көрінді.

54584249

– Мектепте орыс сыныбында оқыдым. Мектеп табалдырығын аттағанша қазақ тілін мүлдем білмеуші едім. Бірінші сыныптан бастап Әйгерім есімді қызбен дос болдым. Ол орыс тілін түсінбейтін, ал мен қазақша бір ауыз сөз айта алмаймын. Осылайша, екі құрбы бір-біріміздің тілімізді түсінуге талпындық. Кейін Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжге оқуға түстім. Студенттік жылдары ешбір сайысты жібермейтінмін. Жалпы, маңайымдағы тілдік орта өзінен-өзі қалыптасып, тілдік қорым ұлғая берді, – дейді кейіпкеріміз.

Нина Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Бударин ауылында туып-өсті. Өзі орыс ұлтының өкілі болса да қазақ тіліне деген қызығушылығы басым болды. Ата-анасы да қазақтың тіліне, салт-дәстүріне құрметпен қарайды. Нинаның айтуынша, ол ауылына барғанда анасы оны үнемі ет асып қарсы алады екен. Ет асып, нан жайып, бауырсақ пісіріп, құрт жасау анасының күнделікті кәсібіне айналғанға ұқсайды.

DSC_0733

– Үйде алты ағайындымыз – бес қыз және бір ұл. Ата-анам екеуі де – орыс, бірақ қазақ тілін жақсы түсінеді, сонымен қатар олар қазақ салт-дәстүрлеріне жақын. Мысалы, ауылға барған кезде мені міндетті түрде анам бешбармақпен қарсылап алады. Ал қалаға шығарып салған кезде әрдайым сөмкеме құрт салуды ұмытпайды, – дейді Нина.

Нинаның тек қазақ тіліне ғана емес, қазақтың ұлттық өнеріне, домбырасына да құштарлығы басым. Осыдан 2 жыл бұрын телеарнаның эфиріне «Звучи домбыра дружбы» хабарын жүргізе жүріп, домбыраны да меңгеруге ден қойды.

dav

Ол бұл туралы былай дейді: «Авторлық бағдарламам болғандықтан, өзім жүргізіп, әрі домбырамен ойнауды үйреніп жүрдім. Бағдарламаның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық аспабы – домбыраны өзге ұлт өкілдері арасында насихаттау болып табылды. Хабарға қатысушылардың ешқайсысының арнайы музыкалық білімі болмаса да, аз уақыт ішінде ынта-жігеріміздің арқасында, «Біз өмірдің гүліміз», «Еркем-ай», «Под горой калина» әндерін, сонымен қатар «Кеңес» күйін домбырамен орындауды үйрендік».

600_5282.MXF_snapshot_00.01_[2016.03.15_14.37.43]

Мамандығы – қазақ тілді мектептегі орыс тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі болғандықтан да Нина қазақ және орыс тілдерін тең білуді ұйғарды. Колледж өміріне белсене араласып, түрлі шараларға қатысты. Сөйтіп, өңірлік «Ақжайық» телеарнасының қызметкерлері кейіпкеріміздің белсенділігін, өжеттілігін байқап, қызметке шақырды. Ол әрине бас тартпай, бағын сынап көруді шешті. Міне, содан бері телеарнада төрт жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеді.

_MG_0851

– Тілші  болған соң сан алуан оқиғаларға тап боламыз, түрлі адамдардан сұхбат алуға тура келеді. Осындайда тілдік кедергіге ұрынбау үшін қос тілді  қатар ұстап келемін. Сонымен қатар, қазақ тілінде де бірнеше бағдарлама жүргіздім.  Телеарнада «Менің елім осындай», «Звучи домбыра дружбы», «Казахстан – наш общий дом» бағдарламаларын дайындадық. Қазіргі кезде эфирге «Молодежь Life» және радиодағы «Духовность», «Главные риоритеты», «Здоровье» хабарлары шығып жүр.

Қызмет барысында ол Елбасымен де бірнеше мәрте кездесті. Қазақ тілінде өз ойын еркін жеткізе алуының арқасында Елбасының алғысын алғандығын мақтанышпен айтады. Яғни, «екі тілді меңгеруім – менің басты артықшылығым» деп біледі.

IMG_20180516_220746_625

– Елбасымен үш рет кездесіп, өз қызметім жөнінде қазақ тілінде баяндаудың сәті түсті. Биыл Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оралдағы оқушылар мен жастар сарайында белсенді жастармен кездесті. Солардың қатарында мен де болдым. Түрлі салада толайым табысқа жеткен өз ісінің шеберлері – кәсіпкерлер, продюсерлер, ғалымдар, бизнесмендер елімізді әлемдік деңгейіне көтеру үшін өз ұсыныстарын айтқан болатын. Өзім әлемдегі ең үздік 100 оқулықтың қазақ тіліне аударылуы туралы ойымды білдірдім. «Медиа этика» кітабын оқып жүргенім туралы айтқан болатынмын. Сол кітапта жұмысыма қатысты көптеген құнды мағлұматтар жазылған. Мысалы, Кристиан Грифердің кез келген адаммен тек кейіпкер емес, адам ретінде сөйлес дегені ұнады. Осы кеңесті сұхбат алғанда қолданып жүремін. Енді барша қазақстандық жастар әлемдік деңгейдегі кітаптарды қазақ тілінде оқи алады. Мен ойымша, бұл маңызды қадам, – дейді.

RUS_0753+

FB_IMG_1530763926012

Сөз арасында сенің бірнеше рет Мұқағали оқуларына қатысқаныңды, өлеңге құмар жан екеніңді білеміз. Қазақтың ақын-жазушыларынан тағы кімдердің шығармаларын сүйіп оқисың? деп сауал жолдағанымызда:

– Мен үшін қазақ тілі тек жұмыс құралы ғана емес. Қазақ тілін білгенімнің арқасында Алаштың ақын-жазушыларының шығармаларымен еш аудармасыз таныстым. Абай атамыздың 45 қара сөзін де оқып шықтым. Бастауыш сыныпта Алдар Көсе туралы ертегілерді, өсе келе Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдерін оқитынмын. Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев секілді ақын-жазушыларды сүйсіне оқимын. Олар менің ішкі дүниемді байытады. Жалпы, тілді ұмытпау үшін көркем әдебиетті оқып жүру керек. Ал қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде айтар болсақ, мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың міндеті, – деген жауап алдық.

IMG-20171215-WA0022

Нинаның ендігі арманы – ағылшын тілін меңгеру, өз білімін, біліктілігін жетілдіру. Ол бірде шетелдік азаматтан сұхбат алуға тура келгендігін, ағылшыншасы жетпей қиналғанын, ақыры аудармашының көмегіне жүгінгенін айтты. Сол сәттен бастап ағылшын тілін де меңгеруге ден қоя бастайды. Алдағы 1-2 жылда ағылшын тілінде де таза сөйлеуге бекініп отыр. Нинаның мақсаты – бір орында тұрып қалмай, уақытты тиімді пайдалану.

IMG-20161212-WA0013

Күні кеше Елбасымыз Қазақстан халқына өз жолдауын арнап, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынған болатын. Бұл жастардың бойында жауапкершілікті арттырары сөзсіз. Бұл туралы жас журналист: «Жауапкершілікті алу – діттеген мақсатқа қол жеткізу үшін бәріне де дайын болу дегенді білдіреді. Жүктелген сенімді біздің өңіріміздің жастары ақтауға дайын», – деп өз пікірін білдірді.

IMG-20160815-WA0023

– Біздің жас оқырмандарымызға қандай тілегің бар?

– «Жастар жанары» басылымының оқырмандарына тілейтінім әрқашан да ізденісте болыңдар. Ширек ғасырлық даму тарихында әлемге татулық пен бейбітшілік бесігі ретінде танылған Қазақ елінің келешегі кемел, ертеңінің ертегідей болуы патриоттық рухы биік азаматтардың қолында. Сондықтан, кез келген салада озат болып, мәңгілік елдің іргесің бірге қалайық, – деп ақ тілегін арнаған жасқа біз де өз тарапымыздан «Шығар биігің аласармасын! Арманың алдамасын! Табысты бол!» деген шын ықыласымызды жеткіздік.

Венера Гайнуллина,

«Жастар жанары»

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*