Басты бет » Бозбала » Тас cоғатын ақын

Тас cоғатын ақын

Жымпитыда Дулат Бақыт деген жігіт тұрады. Өзінің араласпайтын шаруасы жоқ. Ағаштан үстелдер жасайды, оның арасында интернет саудамен айналысады. Ауданда кәсіптік оқу, семинар сияқты бірдеңе болатын болса тізімге бірінші тіркелетін – Дулат.  Бұлардан бөлек Дулаттың 12 жылдан бері тұрақты түрде айналысатын маусымдық кәсібі бар. Ол ала жаздай саман тас басады. 

IMG_9999

Дулат үшін күн таңғы сағат 4 жарым 5 – терде басталады. Күнмен бірге тұратын жігіт бір жазда 10 мыңнан 12 мыңға жуық тас соғады. Тауардың өтуінде мәселе жоқ. Жымпитылықтар Дулаттың самандарын арнайы тапсырыспен, таласып тұрып сатып алады. Бір саманның бағасы – 55-60 теңге.

Дулаттың өзінің айтуынша, бүгінгі күні қабырға құрылысына пайдаланылатын материал түрі көбейгенімен, саман тасқа сұраныс әлі жақсы көрінеді.

– Тас соғу үшін қара күш емес, еп пен ыңғай керек. Әрине, ел ауыр жұмыс деп жатады. Ауыры ауыр ғой, бірақ үйреніп қалғасын ба, мен үшін аса қиын емес. Осы кәсіптің өзі, отбасыма кәдімгідей қаржылай көмек болып тұр, – дейді ол.

Шаруа жігіт қосымша кәсіп ретінде Жымпитыда интернет сауданы дамытсам деп те ниеттеніп жүр. Оның алдағы уақытта наубайхана және шаштараз ашып, халыққа қызмет көрсетумен де айналысқысы келеді. Қазір жабдықтар алу жағын ойластырып жатыр. Ойының жүзеге асуына бір көмегі болар деп, Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы жанынан ұйымдастырылған «Бастау» бизнес жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқып алды.

IMG_9991

Айтпақшы, Дулат Бақыт әлеуметтік желілерде өзіне тән өрнегі бар өлеңдерімен де танымал. Сол өлеңнің арқасында, ол былтыр ауданнан жолдама алып, «Танылмаған талант» жобасының облыстық кезеңіне қатысты.

Кейде «Ау қазағым, бағаламай барыңды, Ауырттың-ау мына менің жанымды. Тәуелсіздік жайлы жаным толғансын, Қайсысың бар тыңдайтұғын зарымды?» деп ашынып, ақиқаттың жоқтаушысына айналатын, кейде «Әнімді арнап өтейін, Арманға биік жетейін, Жымпитының сұлу бір қызын, Мәңгілік жарым етейін!» деп махаббаттың жыршысы болып кететін Дулаттың ақындық өнерде де бағы жануы мүмкін сияқты. Әрине, өлең жазу – тас соғу емес, дегенмен біз Дулат замандасымызға өлеңнің жолында да сәттілік тілейміз.

Аман жүр, тас соғатын ақын!

 Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы,

Батыс Қазақстан облысы

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*