Басты бет » Жалынды жас » Үздік жас ұстаз

Үздік жас ұстаз

Бүгінде айта-айта жауыр болып, мұңға айналған мамандық десе болды көз алдымызға мұғалімдер келетіні сөзсіз. Десек те, білім саласындағы бітпейтін даудан жүдеген көңілдерді жадыратып әкететін жалынды жастар да жоқ емес. «Үздік жас ұстаз – 2017» атағын жеңіп алған атыраулық Абай Қасымовтың әңгімесін тыңдай келе болашаққа деген үміт пен сенім артып, бойымызды бір әлдеқандай қуаныш кернеп кеткені рас. Енді сол әңгімені «Жастар жанары» порталы арқылы өздеріңізге ұсынамыз, қадірлі оқырман.

IMG_20170330_072941_916

 

Белсенді студент

1995жылы Атырау облысы, Махамбет ауданы, Ақ Жайық ауылында дүниеге келген Абай 2012 жылы осы жерден мектеппен қоштасып, 2013 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне физика-математика және ақпараттық технологиялар факультетіне оқуға түседі. Інісінің қабілетін бірден аңғарып, оны бұл салаға бағыттаған әпкесі де қазір  Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде физика пәнінің мұғалімі екен. Білім өз алдына «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» дейтін ауыл тәрбиесін бойына сіңіріп өскен Абайға қай ортаға болса да тіл табысып, сіңіп кету оңай болды. Үшінші курстан бастап қаладағы №34-ші лингвистикалық гимназияда іс-тәжірибеден өткен болашақ ұстаз білімділігімен де, біліктілігімен де көзге түсіп, төртінші курста қайтадан осы мектепке келіп шәкірт дайындай бастайды. Көзінен үміт оты ұшқындаған көптеген оқушыларды жинап, пікірсайыстан түрлі жарыстарға барып,  бірнеше рет жүлдемен оралады. Үшінші, төртінші курста ол екі жыл қатарынан  ректордың алғыс хатын алады. Ал «Рухани жаңғыру болашаққа бастар жол» атты облыстық пікірсайыста үздік спикер атанады. Сөйтіп, бұл мамандықтың қай қырынан да белсенділігімен танылған студент аталмыш оқу орнын аяқтар кезде де Атырау облысы әкімдігінің алғысхатымен марапатталады.

IMG_20171123_201644_268

Интеллектуалды элиталар одағы

Жас ұстаз қыркүйек айынан бастап №34-ші лингвистикалық гимназияда алғашқы еңбек жолын бастап кетеді. Бабында тұрған жас маман барын сала кіріседі. Өз сабағы мен сынып жетекшілігіне қоса, қосымша жұмыстарды да атқаруды мойнына алады. Сондай тынымсыз еңбектің арқасында биыл осы мектепте бұрын Атырауда болмаған «Көшбасшы интеллектуалды элиталар одағын» құрады. Мұндағы мақсаты – білімді, интеллектуалды ойлайтын, логикалық ойлау жүйесі дамыған жастардың қатарын көбейту. Яғни, белгілі бір пән бойынша ғана емес, сонымен қатар қосымша ақпараттар көзін жинақтау. Қазіргі жастарға тек білімді болу жеткіліксіз, сонымен қатар білім мен логиканы ұштастыра білу керектігін алға тартады.

IMG-20171206-WA0067

IMG_20170823_114141_836

Команда құрып, кадр дайындау

 «Команда құруды, командалық ұжым құруды мектеп өмірінен бастап қалыптастыру керек. Бүгінгі оқушы – ертеңгі  студент, ертеңгі студент ол –болашақ маман иесі. Бірігіп, топтасып пішкен тон қай кезде де келте болмайды. Қазіргі кезде қандайда бір мекеме болсын, білім ордалары болсын олардың өсуі де, өшуі де сол жердегі командаға байланысты. Команда мықты болса кез келген тығырықтан алып шығады, осал болса құлдыратып немесе одан сайын батпаққа тығады. Сондықтан да ұжымда әр мүшенің өзіндік орны болатынын, оның тәртібін, ережесін оқушы кезеңнен бастап сіңіруден біз ұтпасақ ұтылмаймыз», – дейді жас ұстаз.

IMG-20171208-WA0099

Болашаққа салған инвестиция

«Мұғалім өз саласында мықты болу керек, жан-жақты болу керек. Оқушының бойындағы талантын танып қана қоймай, оны шыңдап биікке шығару – бұл мұғалімнің жетістігі. Қазіргі оқушыларды олар білмейтін тың, жаңа дүниелерменен ғана қызықтырып тарта аласың. Сол үшін ұстаз әрдайым ізденіс үстінде болу керек. Заңды білу үшін заңгер болу маңызды емес немесе топ алдында шығып қызыл тілдің майын тамызып тұрып көсіле сөйлеу үшін де әдебиетші болудың қажеті жоқ. Жәй ғана қосымша ақпараттармен қанығып отыру жеткілікті. Сонан соң бәрі ниетке байланысты. Бірде менің оқушыларымның бірі айтысқа қатыспақшы болып дайындық үстінде аяқастынан менен айтыс мақамы жайлы сұрай салды, дереу өзімнің оқушы болған кезімде қатысқан айтысты есіме түсіріп слухпен үйренген бір білетін мақамға салып кеп домбырасының бұрауын келтіріп бердім. Бұл бір ғана мысал. Оқушының жарыстарға қатысуы да қаражатқа әкеліп тіреледі. Сондай кездерде қалтамнан 15-20 мыңдап қаржы бөлуге де тура келеді. Бұндайда мен аянып қалмаймын, себебі қазіргі берген білім  болашаққа салған инвестиция!..», – деп ағынан жарылады Абай.

IMG_20171125_161327_999

IMG-20171223-WA0076

Алдағы арман

«Алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдар құру да жоспарда бар. Қосымша актёрлық, ораторлық, заңдарды үйрету салаларын да ашу жоспарымда бар. Бұйырса, үлкен деңгейдегі жарыстар ұйымдастыруды да қолға аламын. Жарыс көп болған сайын бәсеке болады, бәсеке болса даму да болады. Қазіргі құрған «Көшбасшы интеллектуалды элиталар одағымыздың» құрамында негізінен 60-қа жуық 8, 9, 10-сынып оқушылары. Олардың  әрқайсысы мен үшін қымбат. Менің міндетім іргетасты қалап кету. Адамның өмірі де, қызметі де мәңгілік емес. Көшбасшы деп аты айтып тұрғандай мен кетсем де одақты командам әрі қарай жалғастырып әкететіндей етіп тынбай еңбек етемін. Жеке бастың ғана қамын ойламай, ұлт үшін күресе білсек қана жеңіске жетеміз. Ал ондай жеңістің тәп-тәтті жемісі болары сөзсіз» деген кейіпкерімізден біздің де күтеріміз көп.

Гүлмира Сүйекенова,

Атырау қаласы

 

1 пікір

  1. Бұрын мұғалім біз үшін аса қадірлі жан еді. Мұғалім айтты деп тіпті ата-анамыздан да артық сенетінбіз. Сондықтан ұстаздарымызды аса құрметтейтінбіз. Алдынан өтпейтінбіз. Ал қазір ше? Ұстаздың беделін түсіріп алдық. Оқушылар ұстаздарын тыңдағысы келмейтін де заман болып тұр. Бұл дұрыс емес әрі аса қауіпті. Сондықтан ұстаз беделін көтеруіміз қажет. Абай секілді жастар, әсіресе ер ұстаздар мектепке көптеп келсе, жаңа заманның жастарына тың жаңалықтарымен келсе құба-құп. Ұстаз беделін арттыруға қоғам болып атсалысқанымыз дұрыс.

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*