Басты бет » Жалынды жас » Алпамыс ШАРИМОВ: «LOVE FOR ALL» — «БАР МАХАББАТПЕН» Гранд балы – жастық пен достықтың, қайырымдылықтың мерекесі»

Алпамыс ШАРИМОВ: «LOVE FOR ALL» — «БАР МАХАББАТПЕН» Гранд балы – жастық пен достықтың, қайырымдылықтың мерекесі»

           3 (1)11

Көпшілік Алпамыс Шаримовті продюсер, медиаменеджер және жыл сайынғы дәстүрге айналып, Орал қаласында өткізіліп жүрген  Гранд балының ұйымдастырушысы ретінде жақсы біледі. Әсіресе, биыл Қытайдағы «I am a singer» жобасына қатысқан Димаш Құдайбергеннің жанашыр досы, PR-менеджері ретінде үлкен танымалдыққа ие болды. БАҚ өкілдеріне Димаштың жетістігін сүйіншілеген де Алпамыс болатын. Үнемі ізденісте, даму жолында жүретін кейіпкеріміз жанкүйерлерін алда да тың, жаңа жобаларымен қуантпақ ниетте. Осы орайда біз  Алпамыспен сұхбаттасқан болатынбыз.

image-2

– Медиа саласына қалай келдіңіз? Қандай мамандықтың иесісіз?

– 2009 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетіне «Мәдени тынығу жұмысы» мамандығы бойынша грант негізінде оқуға түстім. Дәл осы кезде үйдегілер менің қандай мамандыққа тапсырғанымды да білген жоқ. Туыстарым мұғалім болғанымды қалады, алайда мен анама мамандығымды түсіндіріп, оны таңдауда қателеспегенімді көрсеткім келді. Расында да мектепте оқып жүрген кезден бастап мәдени шараларға белсене араластым. Осы салаға біртабан жақын едім. Осы мамандық жайлы естіп, білгенімде қатты қуандым. Себебі, мектепте оқып жүргенде ауданға таныла бастадым. Өзім туып-өскен Аралтөбе ауылында алғаш болып «Жалын» фестивалін ұйымдастырдым. Сол фестивальдің аясында жыл сайын ауылымызға өзге ауылдың адамдары көптеп жиналатын. Сөйтіп, жыл сайын марапаттау қағаздары мен алғыс хаттарын иелендім. Кейін студенттік өмірге қадам басқанда Оралға алыстан келген түлек ретінде «ешкім» емес едім.

Оқудың алғашқы жылында университеттің мәдени өміріне белсенді араласып кете алмадым. Себебі, қалаға бейімделуім бір жылға созылды, ол кезде Орал мен үшін өте үлкен қала болатын. Қазіргі жақсы достарымның бірі, Оралдың жарық жұлдызы Ерлан Бекчурин, өнердегі Айнара Айтқалиева, Данияр Рахметжанов сияқты аға-әпкелерім мен үшін қол жетпес орта болып көрінді. Алайда үнемі олармен араласуға тырыстым, бүгінгі таңда сол жұлдыздар менің достарыма айналды.

Димашпен

 

– Польшада оқығаныңызды білеміз. Ағылшын тілін жетік меңгергенсіз. Жалпы тіл білу, шет мемлекетте білім алу сіздің өміріңізге қаншалықты өзгеріс алып келді?

– Университетте оқып жүргенде «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша Польшада білім алдым. Негізінен бір жерден екінші жерге орын ауыстырғанда жаңа ортаға тез бейімделе алмайтындықтан, екі семестр оқудың бір семестрі бейімделуіме кетті. Бізде ауылдан қалаға келген баланы қоғам қысады, қала адамының пафосы бар, ауыл жастарына деген көзқарас тым бөлек. Ал шетелде, нақтылап айтқанда Еуропа елдерінде, керісінше, адамға еркіндік беріледі. Сол кездегі ең бірінші түсінгенім – уақытында тіл үйрену қажеттігі. Мен поляк тілін өте жақсы білмесем де ептеп үйрендім, білемін. Польшада ағылшынша көп сөйлей бермейді, көбінесе өз тілдерінде сөйлейді. Сонда оқып жүргенде Франция, Германия, Люксембург, Бельгия, Голландияның түрлі қалаларында тәжірибеден өттім. Дәл осы кезде ағылшын тілін үйрендім. Польшадан келген соң тілдік ортам өзгерді де, ұмытыңқырап қалғаным рас. Кейін Астанаға келгенде ағылшын тілінде сөйлейтін адамдар жиналатын арнайы орта «InterNations» ұйымына барып тілімді жаттықтырдым. Содан соң «I am a singer» жобасына барғанда тілімді өте жақсы деңгейде жетілдірдім деп айта аламын.

Ал Польшадан келген соң университетте «БҚМУ дауысы» жобасын ұйымдастырдым. Бұл жоба «Голос России» және «Қазақстан дауысынан» да бұрын болды. Жоба арқылы көптеген жастарымыз өз таланттарын шыңдап, өнерге біртабан жақындай түсті десем артық айтқандық емес.

1

– Сіздің есіміңіз Астанаға келгеннен бастап, яғни «Түнгі студия» бағдарламасында жүрген кезден таныла бастады. Бас қалаға келгендегі арман-мақсатыңыз қандай еді?

– Студенттік өмірдің төрт жылында кім екенімді, қолымнан іс келетінін айналама дәлелдеуіме тура келді. Содан кейін менің алдымда үлкен тау тұрды. Ол таудың аты Астана болатын. Ол тауға шығатын баспалдағым да жоқ, ал төмпешікке шығу үшін де тасқа шығу керек. Менің алдымда не тас жоқ, не төмпешік жоқ, тек тау ғана тұрған. Оған қалай шығатынымды, не істейтінімді де білген жоқпын. Бар білетінім, сол тауға шығу, оның шыңын бағындыру болды.

Анам үйде түрік сериалдарын қарап отырған кезде: «Сізді Түркияға алып барамын» деп айтатынмын. Университетте «БҚМУ дауысын» ұйымдастырғаннан кейін сол кездегі проректорымыз Түймеш Малбағарқызы маған Түркия еліне бір аптаға екі адамға арналған жолдама сыйлады. Сөйтіп, анаммен Түркияға демалысқа барып келдік. Саяхаттан ұшып келген 2 шілде күні түстен кейін дипломымды қолға алдым. 4-і күні Астанаға билет алып жолға шықтым. 6 шілдеде Астанаға түстім, қалтамда отыз мың теңге ақша болды. Бұл сома Оралда кәдімгідей ақша саналатын, бір ай пәтер жалдап, бір ай өмір сүруге жететін. Сөйтіп, Астананың баға нарығын бағамдай алмаппын, келген соң баратын жерім болмады, мені мұнда ешкім де күткен жоқ. Бірақ, бір нәрсені түсіндім, мен бұл қалаға мереке күні келдім! Қазір де көп елге саяхат жасағанда алғашқы күнді мұқият таңдаймын. Себебі, менің баратын күнім бір мейрамға сәйкес келуі керек және жаңа жерден көңілім қалмауы қажет. Осылайша, фильмдерде көрсететіндей, мерекенің ортасына топ ете қалып, айналаға таңғала қараған адамның бейнесін өзім қолдан жасап аламын. Астанаға келудегі мақсатым телевизия саласында, Қазмедиада жұмыс істеу болды. Алғаш келген күні сыныптасыма хабарластым, ол кезде өзі де біреудің үйінде тұрып жатқандықтан, ол мені үйге ертіп бара алмады. Кешке дейін қыдырып жүрдік, оның үстіне пәтер де таба алмадық, сонымен түнде көшедегі орындыққа қонуға тура келді. Бірақ күн жылы болғандықтан, бізден өзге, тіпті үйі бар көптеген жандардың өзі сыртта ұйықтаған болатын. Сыныптасым екеуміз менің затыма қарайлау үшін кезектесіп ұйықтадық. Екінші күні пәтер таптым, сосын Қазмедиаға беттедім. Жұмысқа тұру үшін түйіндеме қалдырып, тәжірибеден өттім, Қазақстан ұлттық арнасындағы «Ұлттық шоу» бағдарламасына әкімші ретінде жұмысқа кіріп, продюсерге дейін көтерілдім.

Содан кейін Нұрлан Қоянбаев ағамен таныстығым басталды. Ағамен күні бүгінге дейін жақсы қарым-қатынастамын. «Түнгі студияға» да өз үлесімді қостым, бұл бағдарламада өзіндік қолтаңбам бар. Одан бөлек «Сіз не дейсіз?», «Хеллоу, Қазақстан!» бағдарламаларында жұмыс істедім. Өмірімде ерекше орын алғаны – «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы болды. Осы жоба мені Жанар Байсемізовамен таныстырып, маған өмірлік дос сыйлады.

2 (1)11

– Өзгерістерден қорықпайсыз ба? Өмірдегі басты мақсатыңыз не?

– Мен бір жылғы өмірімді саралаймын, келесі жылы дәл сол қызметте және дәл сол жалақымен әлі жүрген болсам, еш өзгеріс болмай, үйреншікті нәрсе қайталанса, мен оны міндетті түрде өзгертемін. Көпшіліктің неге кеттің дегені де рас. Ал мен мұндай өзгерістерге оң көзқарас танытатын адаммын. «Түнгі студиядан» Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев қатысқан шығарылымнан кейін кеттім. «Енді бітті, құриды ол» деп ойлағандар да болды. Алайда, одан кейін Димаштың ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай республика бойынша 25 концертін беруіне атсалыстым. «I am a singer» халықаралық сайысында бастан-аяқ Димашпен бірге болдым.

Өз басым, адам жаны нені қаласа, соны істегені дұрыс деп есептеймін. Сондықтан кез келген нәрсені бір жылға жоспарлап, келесі жылы ол нәрсе өзгеріссіз болса, онда бәрін нөлден бастаймын. Осыған дейін де көп нәрсені нөлден бастауға тура келді. Алайда бұл бастаған нәрсемді орта жолда тастап кету емес. «Жарайсың! Сенің еңбегің сіңді!» деген сөзді естімей, еш жерден кеткен емеспін.

Әр адамның өмірде өз миссиясы болады, мысалы Елбасымыздың миссиясы – ел басқару, Абайдың миссиясы – ағартушылық, Майкл Джексонның миссиясы – музыка арқылы әлемді біріктіру, Димаштың миссиясы – қазақ халқының атын таныту, ұлтымызды көрсету болды. Ал менің миссиям – өзгелерге қуаныш сыйлап, көмек көрсету және ол үшін бай болудың қажет еместігін дәлелдеу.

22048034_1056669697702835_296180401743374754_o

– Қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, үгілікті істердің басында жүрген азаматсыз. Сіздің бастамаңызбен «Qaiyr foundation» қайырымдылық қоры құрылды. Жалпы, қайырымдылық жасауда ұстанатын басты принципіңіз қандай?

– Біз көшеде кемтар жанды көргенде оған аянышпен қараймыз. Алайда, бұл қоғамда бәріміздің бір кемшілігіміз бар, аяқ-қолымыз сау болса да, жақындарымыздың жылы сөзіне мұқтажбыз. Ал мен өмірде жанға жылу сыйлайтын нәрселердің көбірек болғанын қалаймын. Достарымның туған күндеріне қанша жасқа толып жатса, сонша шар сыйлап, оны көшеде кездескен танымайтын адамдарға таратуын сұраймын. Басында сескенеді, сосын адамдардың қуанғанын көріп, құлшынысы арта түседі, кейін келіп менен тағы да шар сұрайды. Осылайша, сыйлық жасаған достарымның бәрі маған дәл осы сыйлықтың ең қымбат әрі ұмытылмас сый болғанын айтады. Менің өмірлік миссиям да – осы.

Гранд бал 3

– Біз әншілердің қайырымдылық шараларына жиі шақырылатынын білеміз, алайда сіз ұйымдастырған қайырымдылық шараларына өз ниет, тілектерімен келгісі келетін танымал адамдардың қатары мол екен…

– Үш жыл қатарынан гранд бал өткізген шағымда менен бір тиын да сұрамастан қайырымдылық шарасына қатысуға ниет білдіргендердің алдыңғы қатарынан Жанар Дұғалова, Тәуекел Мүсілім, Мақпал Исабекова табылды. Екінші жылы «Алау» тобы, Бейбіт Көшқалиев, Дәулет Бижанов қатысты, Асылхан Төлепов те жыл сайын қатысып келе жатыр. Олардың барлығы менің шын көңіліме, шараның таза өтетініне сенеді. Одан түскен қаржының көзделген жерге, адамдарға берілетінін жақсы біледі.

– Биылғы қайырымдылық гранд балын өткізуге кім қолдау көрсетті?

– Гранд бал ең алғаш рет Орал, Қызылорда, Шымкент қалаларында қатар өтсе, соңғы екі жылда тек Оралда өткен болатын. Мұның себебі де айқын, оның үстіне биыл Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Сейдірұлының қолдауы мол болды. Басқа облыстардан да ұсыныстардың түскені рас, алайда уақыт тапшылығына байланысты тек Оралда өткіздік. Елбасының өзі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жерге туыңды тік» деген керемет сөзді келтірген. Сондықтан, қайырымдылық шарасын Оралда өткізуді жөн санадым. Бұл гранд балды ұйымдастыруға атсалысқан азамат ретінде БҚО Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Қажимерұлын ерекше атап өткім келеді.

grand_bal_uralsk_BZzOcTTHp3d

– «Qaiyr foundation» қайырымдылық қоры гранд балдан өзге қандай шараларды өткізуге мұрындық болды?

– «Qaiyr foundation» қайырымдылық қоры биыл құрылды, әзірге гранд балдың аясынан тыс өзге шаралармен айналысқан жоқ, бірақ келер күнге жоспарымыз көп. Қайырымдылық балының аясында «Жүректен жүрекке» акциясын ұйымдастырдық. Таңдалған жүз дебютантты жинап, мотивациялық шеберлік сыныбын өткіздік. Жүз қорап дайындап, жүз бейтаныс адамға сыйлау жөнінде идея айттым. Қораптардың ішінде Димаш, Гүлнұр Оразымбетова, Ләйлә Сұлтанқызы сияқты танымал адамдардың қолтаңбасы қойылған фотосуреттер болды. Дебютанттар да оқыған кітаптарын, үйге қажетті тұрмыстық заттарды қоса салды және қорап бағытталып отырған адамның атына хат жазып, «Қазпоштамен» алыс ауылдарға жолдады. Сонда шалғайдағы ауылда тұратын адамның бұл қорапты алған кездегі бойында пайда болатын алғашқы түсініксіз сезімі мен қуанышын көз алдыңызға елестетіңізші?!

Жүз отбасына жолданған осындай қораптармен бірге «Әр күнге махаббатпен» атты шеберлік сыныбы өткізілді. Бұл шараны Жанар Байсемізова, Эльдар Гасымов, Марлен мен Анель және «СӘТ» тобындағы Азатпен бірге ұйымдастырдық. Олардың әрқайсысы өз өміріндегі оқиғаларын баяндады. Шеберлік сыныбының қатысушыларына тайып кетіп қалай қайта тұруға, жылап тұрып қалай күлуге болатыны, қарапайым әншіге қалай «Евровидение» жеңімпазы атануға болатыны туралы айтты. Екі күнге жалғасқан бұл шара да өте сәтті өтті. Егерде қолдау білдірушілер табылып, қор қаржысы жетіп жатса, түрлі өңірлерге барып осындай шаралар өткізуге дайынмын.

– Өмірге деген көзқарасыңыз, белсенділігіңіз жалпы көп жастарға үлгі боларлық. Кімге қарап бой түзейсіз? Қандай шығармалар, кітаптар оқисыз?

– Өзім Опра Уинфри, Джон Кехо, Познердің кітаптарын көп оқимын, сол авторлардың жазғандарынан мотивация аламын. Ал мен үшін еліміздегі нөмірі бірінші қазақ тілді мотиватор – Нұрсұлтан Әбішұлы.

Гранд бал2

– Әлеуметтік желіден есту-сөйлеу қабілетінен айырылған жастардың да қайырымдылық шарасына қатысқанын көрдік. Жалпы, гранд балға дебютанттар қалай іріктеледі?

– Балға қатысқан есту-сөйлеу қабілетінен айырылған жастар алғашқы жылы Мақпал Исабековамен бірге өнер көрсеткен болатын. Олар сол кезден бастап әлеуметтік желі арқылы үнемі байланыста болып, мені өз ағаларындай қабылдады. Мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқашан мүсіркеген көзбен қарамаймын. Олардың кемшілігін жеңіл әзілге айналдырып сөйлессең, әзілдесе білсең, олар да өздерін қоғамнан оқшауланған жандар сияқты емес, қалыпты адамдардың қатарынан сезінеді. Сондықтан дәл осындай қатынас біздің қоғамымызға жетіспейді деп ойлаймын. Балдың алдында өтініш білдірген мүмкіндігі шектеулі шектеулі немесе әлеуметтік жағдайы төмен адамдар көп болды. Алайда, кастинг кезінде ешкімді бөліп-жарған жоқпын, бәріне бірдей талап қойылды. Бұл дебютанттардың ішінде ауыл баласы да, қала баласы да, әскерилер, есту-сөйлеу қабілетінен айырылған жастар, түрлі мамандық иелері, күйзеліске түскен жандар да болды. Бірақ, олардың бәрі дайындық барысында бір-бірімен дос, бауыр болып кетті. Мен Астанаға кеткеніммен, Оралда жүз достың табысқанын, олардың жақсы қарым-қатынаста екенін естіп қуанып отырамын. Менің мақсатым да осы еді: бір адам өзіне тоқсан тоғыз дос тапты. Олардың бір қатарға тұрып, әуеннің ырғағымен бірдей қимыл жасап, би билеуі бұл дүниеде адамдардың бірдей екенін дәлелдеді деп ойлаймын. Ал, әскери жігіттерді алдыңғы қатарға қоюымның өзінде үлкен мән жатыр. Сарбаздар біздің шекарамызды қорғайтындықтан, олардың әскери киімде болғанын, ал қалған дебютанттардың бірдей киім кигенін қаладым. Осылайша, әкерилер біздің қалқанымыз болса, мансабына, әлеуметтік жағдайына қарамастан, елдегі азаматтардың бәрі бірдей екенін көрсеткім келді.

– Гранд балдан түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалады дегенді айтқансыз. Сол туралы айтып берсеңіз…

– Биылғы гранд балдан түскен ақшаны бал алдында «Қазақ» радиосындағы «Жан жылуы» бағдарламасына қатысқан кезде хабарласқан оралдық Света апайдың бауырының балаларына беріп, апайды балға қонақ ретінде шақырдым. Маған оның әркім өз қамы үшін зыр жүгіретін заманда бауырының балаларын уайымдап, оларға көмек сұрағаны қатты ұнады. Қазіргі кезде ұмытылып бара жатқан бауырға деген жанашырлығы қуантты. Бүгінгі таңда Дәурен атты кішкентай балаға көмек көрсету процесі жүріп жатыр.

Бастау тобы

– Енді өнер саласына қарай ойыссақ, көптеген өнер жұлдыздарының жанында жүріп, өзіңізге тәжірибе жинақтап келесіз. Қос домбырашы жігіттен құралған «Бастау» тобына қамқорлық танытып, жол сілтеп жүрсіз. Домбырашылар тобына продюсерлік етуді кім ұсынды?

Бұл жігіттер Димаш қатысқан «I am a singer» жобасында «Дайдидау» әнін домбырамен сүйемелдеген болатын, мен олармен сол кезде таныстым. Жігіттердің бойындағы қарапайымдылық пен елге деген риясыз сүйіспеншілік, көңіл тазалығы ұнады. Өздері бірінші болып маған ұсыныс білдіріп, композицияларын көрсетті. Сөйтіп, оларға «Астана Аренада» өткен Димаштың шоу-концертіне шығуға мүмкіндік жасадым. Топтың атауына келгенде еш ойланбастан концерттің атын бердік. Жігіттер бүгінге дейін «Түнгі студия» бағдарламасында қонақта болып, Германия, Түркия, Израиль елдерінде, еліміздегі түрлі концерттерде өнер көрсетті. Сонымен қатар, бейнебаяны жоқ әндерді сахнаға шығармайтын «Гәкку» арнасының өзі топты концертке шығарды, сол үшін де барлығына өз ризашылығымды білдіремін. Жігіттердің талпынысы өте зор, екеуі де дәл қазір Астанада тұрады. Өмірде дос, бауыр ретінде өте жақсы адамдар, жаны таза жандар ретінде жақын тартамын. Арамызда ешқандай келісімшарт жоқ, тек сенімнің арқасында ғана бірге жұмыс істеп келеміз.

– «Бастау» тобының мүшелерімен қалай танысқаныңызды айтып өттіңіз. Осы орайда қазақтың өнерлі ұл-қыздары Жанар және Димашпен жақын дос екеніңізді де білеміз. Олармен таныстығыңыз қалай басталды?

– Жанармен Астанада танысып, жақсы дос болып кеттік, әлі де хабарласып, кездесіп тұрамыз. Мен оны «Kesh YOU» тобының құрамында болған кезінен бастап танимын. Оны қолдап «Turkvision» сайысына да бардым, екеуміз – сырлас достармыз. Әпкелі-інілі ретінде бір-бірімізге көп кеңес беріп отырамыз. Ал Димашпен таныстығым мен достығым бөлек әңгіме. Ол туралы жуық арада әлеуметтік желідегі парақшамда арнайы жазба жариялайтын боламын.

Гранд бал4

– Келешекке қандай жоспарларыңыз бар?

– Өзім табысты адамдармен жиі араласуға тырысамын, олардан пайдалы нәрсе үйреніп, жас буынға айтқым келеді. Жастың тілін жас түсетіні сияқты жастарға арналған мотивациялық шеберлік сыныптарын өткізуді жалғастыратын да шығармын. Соның аясында көптеген шараларды жүзеге асыру үшін еңбектенемін. Ал қамқорлығымдағы «Бастау» тобы альбом шығаруға дайындалып жатыр және бейнебаян түсіру де ойымызда бар. Алдағы уақытта басқа да жаңа жобаларым мен тың істерімді әлеуметтік желі арқылы хабарлап отыратын боламын.

– Дәл қазіргі сәттегі жан дүниеңіздің күйі қандай?

– Оңтүстік Кореялық «Пусанға бара жатқан пойыз» («Поезд в Пусан») фильміндегі пойыздай… Алға қарай жүйткіп келемін.

Сұхбаттасқан:

Ақтоты Борисқызы

Фотосуреттерді түсірген: Гүлмарал Ғинаятқызы

 

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*