Басты бет » Тіршілік ырғағы » «РУХ ЖАҢҒЫРЫҒЫ». ЖАНДАРБЕК пен СЫРЫМның айтысы

«РУХ ЖАҢҒЫРЫҒЫ». ЖАНДАРБЕК пен СЫРЫМның айтысы

Жақында Астана қаласында «РУХ ЖАҢҒЫРЫҒЫ» атты халықаралық ақындар айтысы өткені белгілі. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай ұйымдастырылған рухани шараның басты мақсаты – Елбасы мақаласының құндылығын жұртшылық арасында кеңінен насихаттау, ұлттық сананы жаңғыртудың басым бағыттарын басшылыққа алу және таяу жылдардағы міндеттерді іске асырудың тетіктерін жырлау болатын.

 ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы мен халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығы ұйымдастырған айтысқа 18 ақын қатысып бақ сынады. Аламан айтыста топ жарып, ақтық сында өнер көрсеткен Жандарбек БҰЛҒАҚОВ пен Сырым ӘУЕЗХАНның әзілге, терең мағыналы ойларға құрылған жыр жарысын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 Айтыс4

 

Жандарбек:

– Сахна жүйріктерге дара мекен,

Финалда тек тұлпарлар шабады екен.

Біздерді осы айтысқа бастап келген

Солақай Серік деген ағам екен.

Әр жұпқа 15 минут беріп отыр,

Сәл ассаң тізгін тартып қалады екен.

Ол уақытта не айтып үлгерейін,

Мұндайда әрбір сәтім бағалы екен.

Ағайын өздеріңе мың рахмет,

Сендерсіз менің бағым жана ма екен?

Алдарыңа қайтадан алдырмасаң,

Көп сөзім іште кетіп барады екен.

Айтып-айтып кетейін айтарымды,

Қолдауыңнан қуат-күш алады екем.

Сахнаның сыртында әрең тұрдым,

Елге көңілім елеңдеп алабөтен.

Айтарың жоқ болса да жаман екен,

Айтарың көп болса да жаман екен.

 

Ал інім талантыңды көп байқасын,

Ерлердің көрсетейік епті айқасын.

Ұсақ ойлы жігіттің бірі емессің,

Қыздарға не айтсаң да бетке айтасың.

Бұл тойдан екі қолың бос қайтпайды,

Үш қолы бар диплом ап қайтасың.

Бірақ та оның өзі оңай емес,

Әжептәуір жаныңды жеп қайтасың.

Ол үшін ұлттық рухты жырлайсың да,

Жасан ағам жасасын деп қайтасың.

Ақорданың түбінде айтыстым деп,

Ауылыңа мәз-мәйрам боп қайтасың.

 

Ауызының есігі алты метр,

Танауының тесігі жарты метр,

Қанша айтсаң да езуі жиылмайтын

Қасымда Сырым деген балтун отыр.

Отыз тісі маржандай адам құсап,

Бұл неге езу жимай шалқып отыр.

Артық кетсең бірдеңе қиратасың,

Еңкейе бермей інім сәл тік отыр.

Мынау қазір бірдеңе бүлдіред деп,

Өзіңнен үркіп, шошып халқың отыр.

Жұтып қойып масқара боп жүрерсің,

Аузыңды микрофоннан тартып отыр.

 

Сырым:

– Боп жүрген ұлы өнерге адал өкіл,

Қасымда Жандарбектей ағам отыр.

Шыға салып мазақтап ауызымды,

Отыз екі тісімді санап отыр.

Бірақ ол таңғалатын әңгіме емес,

Барлық ақын осыны қалап отыр.

Қазағым өз елінде «ЭКСПО» жасап,

Әлемді таң қалдыруға жарап отыр.

Тек Жандарбек емес бүкіл әлем

Қазақтың ауызына қарап отыр.

 

Әзіл айтсам ағамыз ұғады ғой,

Айтсаңшы ел алдында бір анық ой.

Микрофон жұтып алма деп айтасың,

Оны айтып мені күлкі қылады ғой.

Микрофон жұтып қойсам түк те болмас,

Колонка бүйірімді ұрады ғой.

Тақырып рухани жаңғыру емес пе?

Ол мені тақырыпқа сай қылады ғой.

Микрофон жұтып қойсам даусым түгіл,

Жан дүнием жаңғырып тұрады ғой.

 

Сөзімен теріп алып кіл шимайды,

Жақсы ақын бос сөз айтып былшимайды.

Тісімді қисық-қисық деме менің,

Санама мына менің бұл сыймайды.

Сөзің түзу болса болды емес пе?

Тісің түзу екен деп кім сыйлайды?

Тісімнің арасына тіл сыйғанмен,

Сөзімнің арасына қыл сыймайды.

 

Қазағым көш бастаған серкемісің,

Әр сөздің анықтайсың оң-терісін.

Ел алғысын ала алсам болды маған

Таласып жүргенім жоқ мен төр үшін.

Өйткені өміріме өнеге еттім,

Алаш арыстарының көргенді ісін.

Ұлттық кодты оятқан Ахмет бабам,

Бастап берген руханият төңкерісін.

Міржақып пен Мағжандар мыңқ етпеген

Сыпырып жатса-дағы жон терісін.

Соларды айтсақ рухани жаңғырамыз,

Өзгеше тұлғалар ғой өлкең үшін.

Ұлдың бәрі солардай болу керек,

Ұлттық рух тұратын өртеп ішін.

Дар ағаштың өзінен қаймықпаған,

Бар алаштың бақытты ертеңі үшін.

 

Ал ендеше айта бермей бос ұранды,

Басталды бұл айтыстың басы мәнді.

Арзыгүлді емдеген бұл Жандарбек,

Енді келіп Сырымды қасына алды.

Жасан деген ағамнан қалам ба деп,

Жандарбек те медцентр ашып алды.

91-де туылған жігіт едің

Өнерің бар халыққа мақұлданды.

Көптен бері айтысқа шықпай кеттің,

Содан бері ел көңілі жасығанды.

Жандарбек өзің жоқ боп кеткеннен соң,

Өнерде көп іс болды шашыранды.

Ойсырап тұрған сенің орыныңды

«Ninety One» деген бір топ басып алды.

Түрлері шайтанға ұқсас немелердің

Білмеймін жастарға несі ұнамды?

Өзің бастап болмайды күреспесең,

Өйткені олар көп жанды қосып алды.

Топ бастап ақынмын деп қалай жүрсіз,

Тақтата алмасаңыз осыларды.

 

Жандарбек:

– Секе, елдің жырла дейсің ұлттық кодын,

Талай жыл ұлттық кодтың құрттық көбін.

Тыңдаған ән-жырымыз жын-ойнақ боп,

Қазақы қара өлеңнің жырттық тонын.

Халыққа тиесілі қаражатқа

Шетелдік әншілердің сүрттік қолын.

Қамсыздар да осыған қам қылмай тұр.

Арсыздар да ауыздық салдырмай тұр.

Деген бар рухсыз ел ұрықсыз ел.

Бұл сөзге назарын еш жан бұрмай тұр.

Қазақтың ғалымынан әншісі көп.

Талантсыздар ешкімді таң қылмай тұр.

Баламыздың арманы әртіс болу,

Білім іздеп, пайдалы пән қумай тұр.

Өйткені газет-журнал өсек жазып,

Ал телеарна іші бос қалбырдай құр.

24 сағат бойы шоу көрсетіп,

Құлақтардың құрышын қандырмай тұр.

Жұлдыздардың жегенін, ішкендерін

Айтқанда ештеңесін қалдырмай тұр.

Ал енді ұлттық рухты жаңғыртатын

Айтысты бір телеарна болдырмай тұр.

Біздің елде рух емес әншілердің

Дауысынан басқа ештеңе жаңғырмай тұр.

 

Ұлттық кодты сұрсаң,

Қалада емес ауылда.

Дәстүрі мен қазақтың

Шариғаттың заңында.

Ағылшынша армандап,

Орысша түс көрмейтін

Қазақ тілді қауымда.

Ұлттық кодты сұрасаң,

Сыраханаға кірмеген,

Карта ойнауды білмеген

Шапаны жыртық, аңқыған

Ауылдың қара шалында.

Ұлттық рухты сұрасаң,

Аяулы аналарымда.

Кимешегін шешпеген,

Еркектің жолын кеспеген

80-нен асқан шағында.

Ұлттық кодымды сұрасаң,

Жабысқан шалбар кимейтін,

Сырға салуды сүймейтін.

Бәйгеге шапқан балада,

Көкпар тартқан бауырда,

Жілік шаққан жігітте,

Жаулық таққаан аруда.

Бәрін айт та бірін айт,

Айтысқа келсе тулаған,

Қиқулаған шулаған

Ұлттық кодтың көкесі

Сіздердей елдің қанында.

 

 

 

 

Оставить комментарий к Аноним Отменить написание