Басты бет » Табыс сыры » «KZ Өнердің» сыйы көп

«KZ Өнердің» сыйы көп

IMG_3101

Жалпы киіз басу және киізден бұйымдар жасау көшпелі халықтарда сақталғаны тарихтан белгілі. Сол атадан қалған асыл өнер бүгінге дейін сақталып, заманауи үлгіде сәнге айнала бастады.

IMG_3105

Соңғы жылдары елімізде киізден жасалған түрлі киім-кешек пен сәнді бұйымдар жасау үрдісін қолға алып, сол арқылы қазақ қолөнерін шетелге танытуды көздеген кәсіпкерлер қатары артып келеді. Солардың бірі, киіз өнімдерін көпшілікке ұсынып жүрген «KZ Өнер» киіз компаниясы Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс жасауда. 2013 жылы құрылған компанияның құрушысы, кәсіпкер Ғалия Исабекованың айтуынша, киізден жасалған өнімдерге сұраныс жыл санап артып келеді.

Бауырсақ

– Алғашқы кезде жұмысымызды әшекей бұйымдар жасаудан бастадық. Өнімдерімізді саудаға, көрмелерге шығару барысында киіз аяқкиімдердің жақсы сұранысқа ие екендігін біліп үйге киюге арналған үлкендерге және балаларға аяқкиімдер жасауды қолға алдық. Аяқ киімдер ұлттық ою-өрнектермен өрнектеп, шаңырақ, қызғалдақ сынды түрлі бейнелер салып әсемделеді. Сапалы, табиғи өнімдерімізге деген сұраныс артқан сайын жұмыс ауқымын да кеңейте түспекшіміз, – дейді компания басшысы Ғалия ханым.

IMG_3110

Жүннен жасалған бұйым, жылы, төзімді келеді. Әрі экологиялық таза өнім. Аталған шағын кәсіпорында жеке талғаммен киінетіндер үшін сыртқы киімдер, көйлектер, нымшалар және күнделікті сұранысқа ие үйге киетін жеңіл аяқкиімдер, тәпішкелер, балаларға арналған шәркейлер мен байпақтар дайындайды. Сонымен қатар, түрлі сәнді әшекей бұйымдарын да қолөнер шеберлері жасап шығарады. Бүгінгі таңда компанияда бес жүн илеуші, мастерлер жұмыс жасайды. Қолөнер бұйымдарының барлығы қолмен дайындалып жасалады. Заманауи үлгіде әдемі өрнектермен көмкеріліп жасалған өнімдер өзіндік ерекшелігімен көз тартады.

IMG_3102

Ал қазақтың ұлттық тағамы түрінде арнайы дайындалған «Бауырсақ» деп аталатын киізден жасалған кәдесый да ел тұрғындары үшін ғана емес, шетелдіктер үшін әдемі естелік сыйға айнала бастады. Компания өнімдері еліміздің бірнеше қаласында сатылымда.

IMG_3100

Жеке кәсіпкерлікті, әсіресе Қазақстандық өнімдерді қолдауға бағытталған еліміздегі арнайы ұйымдар кәсіпкерлерге арнайы гранттар, жеңілдетілген несиелер беру арқылы Қазақстанда жеке кәсіп ашқан тұлғаларға үлкен қолдау, демеу көрсетуде. Соның арқасында «KZ Өнер» компаниясының киіз бұйымдарын шет мемлекеттерге шығару ісі қолға алынуда.

Сапалы, ыңғайлы, әдемі әрі арзан табиғи өнімге деген сұраныс әлі де арта түсеріне сенеміз.

IMG_3111

IMG_3107

IMG_3109

IMG_3108

Венера Мұратқызы

 

Пікір жазу

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*