Басты бет » Ұлттық құндылық » Қазақтығыңды сақта!

Қазақтығыңды сақта!

Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асып барады. Елімізді дүние жүзі тануда. Алайда біз өзіміз қазақ ретінде ұлттық болмысымызбен, әлемге қазақтығымызды танытуға ұмтылып жүрміз бе? Әй, қайдам?! Біз керісінше, өзгеге еліктеумен кертартпалыққа бой алдырып бара жатқандаймыз.

школа

Әлеуметтік желіде «5 причин, почему я своих детей отдам в русский класс» деп аталған мақала жарияланыпты. Сайттардың қазақ тілдісі бар, орыс тілдісі бар барлығы жарыса осы мақаланы жариялап, «сүйіншілеп» жатырғандай сыңайда. Мақалада Ерлан Мұсаев атты қазақ азаматы балаларды орыс мектебінде оқытудың «артықшылықтарын» санамалап тұрып, өз ойын, көзқарасын жеткізгендей болыпты. Көпшіліктің қызу талқысына түскен (өкінішке орай көпшілігі жақтапты) мақала туралы өз ой-пікірімді айтпасам, яғни қарсылығымды білдірмесем, қазақ атыма сын.

Мақала авторы жұртшылықтың өз балаларын қазақ мектебіне көптеп беріп жатырғандығына қынжылыс танытқандай. Ресеймен байланыс, Кеден Одағынан, Еуразиялық одақ оның барлығы елдің дамуы үшін, экономикалық өсу үшін қажет шығар. Оған ешкімнің дауы жоқ. Алайда солай екен деп өз ана тіліңе қырын қарау ақылға қонымсыз. Онсыз да қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғанымен, өз деңгейіне көтеріле алмай отырғандығы осындай керітартпалықтың кесірі. Ешбір ел шет мемлекеттермен байланыспай, қарым-қатынассыз жабық өмір сүріп отырған жоқ. Алайда олар бізге ағылшын не орыс тілі керек деп өз тілінен безінген емес. Өз мемлекеттік тілдерін дамытып, сол арқылы дамып, өсіп, өркендеп отыр. Біз өзгеге еліктегенде осындай тұстарды неге ескермейміз, осындай өнегелерді неге алмаймыз?

Екінші себебінде, еңбек нарығын туралы айтып, мұнай біткенде Қазақстанға қиын болады. Сонда менің балаларым Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де жұмыс істей алады деген пікірін білдіріпті. Елімізді өркендетейік, ғылым, білімін, өндірісін, экономикасын одан әрі дамытайық деп отаншылдықтың үлгісін көрсетудің, елінің ертеңі үшін күресудің орнына күнкөріс үшін атажұртын тастап кетуге дайын тұрғандар бар екен. Өкінішті-ақ…

Қазақ тілінде білім алуға қажетті материал табу қиын деген сылтауы тіптен қисынсыз. Соны себеп қылып, балаларды орыс мектебінде оқыту ұлттық сананың төмендігі. Осыған қарап, совет заманында қазақ мектептерінен орыс мектептерінің саны едәуір артып тұрған шақта, тіпті кейбір қалаларда бір ғана қазақ мектебіне балаларын оқытқан аға-апаларымыздың алдында бас июге болады екен. Қазақ баласы ұлтжандылықты, қазақы тәрбиені бойына сіңіру үшін тек қазақ мектебінде ғана білім алуы тиіс.

«Үштілділік». Үш тілді бол, тіпті отыз тілді біл! Бірақ түп негізің ана тіліңнен ажырамауың керек. Қанша тіл білсең де әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған ана тіліңді бірінші кезекке қоюға тиіссің. Түр-келбетіңнің қазақ болуы сенің нағыз қазақтығыңды танытпайды. Нағыз қазақ тілімен, ділімен, ұлтжандылығымен, бар бітім-болмысымен қазақ болуы керек. Ал өзге тілді мектепте білім алған бала қазақылықты да, қазақ тілін де толық бойына сіңіріп өсе алмайды. Үйде қазақ тілінде сөйлессек, ұмытпайды деу құр сөз ғана. Орыс мектебін бітірген бала (көпшілік жағдайда) қазақ тілін жоғары дәрежеде меңгеріп, оқып, жаза алмайды.

Қазақстанның Тәуелсіз ел атанғанына 25 жыл толды. Өз қолымыз өз аузымызға жетіп, арқа-жарқа күй кешіп жатырған жағдайымызда МӘҢГІЛІК ЕЛ боламыз десек, болашаққа ҚАЗАҚ деген атымызды, өз негізімізді сақтап баруымыз керек. Кезінде Елбасымыз «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген болатын. Ал ендігі жерде қазақ тілі Қазақстандағы барша ұлттарды біріктіретін тілге айналуы үшін жұмыс жасауымыз тиіс. «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт… Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол – күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу бұл – сүйініш» деген Алаш қайраткері Халел Досмұхамедовтің сөзі ешқашан өзектілігін жоймақ емес. Ендеше, осыны ескерейік!

Өз тілшіміз

Фото: https://yvision.kz сайтынан алынды

Оставить комментарий к Аноним Отменить написание